Жас батырлар жарқылы

Байқау

Жуырда «Көкшетау» мәдениет сарайының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Жас батыр -2025» облыстық ер балалар байқауы мәресіне жетті.  Байқауда Көкшетау және Қосшы қалаларымен қатар, жеті ауданнан келген жас батырлар сөз, ән және би өнерінде өзара сайысқа түсті.

Аталмыш байқау қазақ руханиятының қос алып тұлғасы– хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен дәулескер күйші Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылды. Байқаудың бекітілген шарттарына сәйкес, қатысушылар өз өнерлерін осы ерен тұлғалардың шығармашылығымен байланыстыруға тиіс болды. Шараны өткізіп ұйымдастырудағы мақсат та, ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, Абай мен Тәттімбеттің мол мұрасын жас ұрпақ бойына сіңіріп, жасөспірімдерге патриоттық сезімді қалыптастыру болатын. Қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, әрі әдебиет пен ұлттық мұраға қызығушылығын оятып, оларды өнер мен білімге баулу да басты бір мақсат саналды.

Байқауға қатысқан мектеп оқушылары шарт бойынша өзін өзі таныстыру, тетрландырылған көрініс және өнерін көрсету кезеңдері бойынша өз бақтарын сынады. Балалар додасына қазылық еткен әділқазы мүшелері балалардың дайындаған шығармаларының тақырыптық мазмұнына, орындаушылық, актерлік және әртістік шеберліктеріне, олардың сахналық киімі мен сөйлеу мәдениетіне қарап, өз бағасын берді.

Байқауға қатысқан балалар барынша дана Абай мен күй өнерінің жарық жұлдызы Тәттімбеттің шығармалары мен сахналық образдарын барынша ашып көрсетуге тырысты. Әділқазылар мүшесі қатарында болған біз де сахнадағы кішкентай Абайлар мен Тәттімбеттерді көріп, сүйсініп отырдық. Осындай ұлы тұлғаларымыздың болашақ ізбасарларының дайындап әкелген сапалы көріністері мен жатпай-тұрмай жаттап келген өлең сөздері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жатты.

Мәселен, Шортанды ауданы Новокубанка ауылы орта мектебінің оқушысы Нартай Мағжан бала Абайдың рөлін сомдап, әжесі Зеремен сахна төріне шықты. Қойылым әжесінің «Желсіз түнде жарық ай» әніне ұласып, шағын көрініс жинақылығымен көрермен көңілінен шықты. Целиноград ауданынан келген Асылзат Ілиясов Тәттімбеттің рөлін сомдады. Көріністе қазақтың дархан даласы, дастархан басындағы үлкен-кішінің өнегелі әңгімесі, бата беру дәстүрі көрініс тапты. Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының №1 орта мектебінің оқушысы Ернұр Есімнің дайындаған сахналық көрінісінен Абай мен Тоғжанның, ақынның досы Ерболдың бейнелерін ұшырастырдық. Екі достың аң аулау сәтіндегі өзара әңгімесін, Тоғжан мен Абай арасындағы сыйластық, достық, ғашықтық сезімдерін осы көрініс арқылы байқап, сөздерін мүдірместен анық айтқан кішкентай әртістердің өнеріне өз бағамызды бердік. Ал, Целиноград ауданы Талапкер ауылы ІТ мектеп-лицейінің оқушысы Марат Хақназар Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасының желісінде сахналық қойылым әзірлеп әкеліпті. Ондағы қолданылған қақпа, таразы, батырлардың қару-жарақтары сияқты өздері жасаған реквизиттері де назарымызды аударды. Біз өз кезегімізде баланың өнерін поэмада бейнеленген Абай даналығына мән бергеніне, «адамның көзі өлгенде ғана топыраққа тояды» дейтін тәмсілді ашып көрсете алғандығына, кішкентай актерлардың мінсіз орындау шеберлігіне қарай отырып, бағалауға тырыстық. Сонымен сайыс қорытындысында осы Марат Хақназар мен Қосшы қаласындағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 орта мектептің оқушысы Диас Азаматтың жинаған балы өзгелерден басымырақ болды. Одан әрі әділқазылар ақылдасу сәтінде дауысқа салу арқылы Марат Хақназарды үздік деп таныды. Сөйтіп, ол бас жүлдеге лайық деп танылды, ал, Диас Азаматқа жүлделі бірінші орын берілді.

Сондай-ақ, әділқазылардың шешімімен «Жас батыр-2025» ер балалар байқауында ерекше өнер көрсеткені үшін Степногорск қаласының Қырыққұдық ауылынан келген Жандарбек  Молшылық пен целиноградтық Асылзат Ілиясов екінші орынды жеңіп алды. Үшінші орынды Ернұр Есім, Ануар Исмағұлов, Мейрамбек Жақсыбай иеленіп, «Қатысқаны үшін» жүлдесімен Әділет Байсарин мен Нартай Мағжан марапатталды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар