Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек…

Байқау

Наурыз мейрамы қарсаңында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында қазіргі сән үлгісіндегі ұлттық киімдер көрсетіліміне арналған «Ұлттық киімдер – халық қазынасы» атты байқау өтті.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Көкшетау қаласының №6 мектеп-лицейі ұйымдастырған шығармашылық байқауға облыс орталығындағы мектептердің 9-11 сынып оқушылары қатысты.

Шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы қазақ халқының мәдени мұрасын жаңғырту, сондай-ақ, дәстүрлі ұлттық мәдениет негізінде өскелең ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастыру. Байқау шарты бойынша қатысушылар қазақтың таным-түсінігі мен дәстүрлеріне сай тігілген ұлттық киім үлгілерін таныстырып, олардың жасалу барысы көрсетілген бейнероликтер ұсынды және осы орайдағы шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.

Қазылар алқасы байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерін және аталым иегерлерін ата-баба дәстүрлерін ескере отырып әзірленген заманауи киімде авторлық ізденістің болуы, таңдалған киім үлгісінің талғамға  сай келуі секілді өлшемдер бойынша анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша №6 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Дильнара Баетова бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды №17 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Иная Молдабаева иеленді. Ал, жүлделі екінші орын №21 мектеп-лицейінің тоғызыншы сынып оқушысы Медина Ғазизоваға, үшінші орын №6 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Амина Игенбайға бұйырды. Сонымен бірге, №20 мектеп-гимназиясының оқушысы Айлинұр Мұқышева, №9 орта мектептің оқушысы Нарғыз Мағазұмова, Краснояр №2 орта мектебінің  оқушысы Амина Тоқсамбаева, №7 орта мектептің оқушысы Мөлдір Елубай арнайы әзірленген аталымдарды иеленіп, грамоталармен марапатталды. Барлық қатысушылар байқау ұйымдастырушыларынан естелік сыйлықтар алды.

Іс-шара №6 мектеп-лицейінің ұстаздары мен оқушыларының концерттік қойылымдарына ұласты. Мерекелік сайыс жоғары деңгейде өтті деген ойдамыз. Осы ретте, мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Ақмарал Жайлыбаева мен Александра Наумова, хореограф Дина Орманшина, педагог-ұйымдастырушы Виктория Полещук, аға тәлімгер Жандәулет Бердібеков, информатика пәнінің мұғалімі Мадияр Рысқұл және музыка пәнінің мұғалімі Ұлжан Базарованың еңбектері ерекше атап өтуге тұрарлық.

Педагогикалық еңбек ардагері Құралай Ыдырысова мен Қазақстан Республикасының этникалық дизайнерлер одағының мүшесі Гүлбара Нұрқанова бастаған қазылар алқасы ойдағыдай ұйымдастырылған мұндай қалалық байқауды дәстүрлі түрде жылда өткізіп тұруға ұсыныс білдірді.

Мәдина ҚАДЫРБЕК,
Көкшетау қаласындағы №6 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.

Суретті түсірген Борис НАЕНКО.

5 Total Views , 2 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар