Соңғы бірнеше жылда облысымыздың білім саласында оқыту сапасын арттыруға және педагогтер мен оқушылар үшін жағдайларды жақсартуға бағытталған маңызды шаралар жүзеге асырылды. 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысын жыл сайын 25%-ға көтеру бастамасы іске қосылды, ал осы шараның нәтижелері қазірдің өзінде байқалып отыр.
Жалақыны жыл сайын 25%-ға көтеру, сондай-ақ біліктілік санаттары үшін қосымша төлемдердің енгізілуі арқасында, 2023 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы екі есеге артты. Бұл қадам мұғалімдер мамандығының маңыздылығын мойындау және білім саласының қызметкерлеріне нақты қолдау көрсету болды.
Ақмола облысында мұғалімдердің еңбекақыларына ғана емес, білім алушылардың жағдайына да үлкен көңіл бөлінуде. Мәселен, 2025 жылға арналған бюджетте бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге айтарлықтай қаражат бөлінген. 1-4 сыныптар аралығында білім алатын 57 124 оқушы үшін 7,4 миллиард теңге бөлінді, бұл 180 оқу күніне 1 оқушыға 725 теңгеден келеді. Ал 5-11 сынып оқушыларына «Жалпы білім беру» қоры арқылы 1 697 382,0 мың теңге қарастырылған, бұл әр оқушыға күніне 850 теңге. Бұл шара оқушыларды қажетті тамақпен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Сонымен қатар, мектептерді жаңғырту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. 2025 жылы бекітілген жоспарға сәйкес облыста 20 мектептің күрделі жөндеуі жоспарланған. Мектептерді жаңғырту барысында оқыту құралдары мен заманауи жабдықтар сатып алынып, мектеп жиһаздары жаңартылуда, сондай-ақ мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Оқытудың сапасын арттыру және қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту мақсатында жыл сайын жаңа модификациядағы арнайы пән кабинеттерін сатып алу жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыс мектептерінде 1200-ден астам жаңа модификациядағы кабинеттер бар, ал «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында биыл тағы 50 кабинет сатып алу жоспарланған.
Цифрландыру да білім беру процесінің маңызды бөлігіне айналуда. Оқулықтардың цифрлық форматқа көшуіне байланысты оларды мектептерге сатып алу ісі қайта басып шығарудың кестесіне сәйкес жүзеге асырылуда, бұл оқушылардың оқу материалдарына қолжетімділігін арттырып, оқу процесінің тиімділігін жоғарылатуға септігін тигізеді.
Сөзсіз, соңғы жылдары білім беру жүйесін жаңғырту бойынша маңызды қадамдар жасалып жатыр. Білім саласы – қоғамның алтын қазығы, өркениетке жол ашатын шамшырақ. Өмірдің барлық саласында табысты болу үшін білімнің берік іргетасы қажет. Оқушылардың жан-жақты дамуы мен мұғалімдердің үздіксіз кәсіби өсуі білім саласының жарқын болашағына негіз қалайды. Бұл – өзекті және тұрақты даму жолы, еліміздің ертеңін қалыптастыратын күш.
Досұлан Айтбаев,
Ақмола облысы әкімінің орынбасары