Сексен бесінде мал шаруашылығымен айналысып, еңбегінің жемісін көріп келеді

Үлгі алайық!

 Өткен ғасырдың екінші жартысының басында Ақкөл ауданының қазақ ауылдарының балалары Кеңес орта мектебінің интернатында оқып, білім алдық. Солардың арасында менімен тетелес, бірақ, менен екі-үш сынып төмен оқыған Қараөзек (бұрынғы Калинин) ауылынан Серік Балағазов деген бала болды. Жүдеулеу киінген, мектепке бір келіп, бір келмейтін, кейін оқуды тастап кетті. Есейгеннен кейін сұрасам Секең балалық шағын еске алып, былай дейді:

– Менің әрі қарай оқуға мүмкіншілігім болмады ғой.  Әкем соғыстың алғашқы кезінде мерт болды. Біз шиеттей үш бала анамның қамқорлығында қалдық. Анам трактор құлағына отырып, тракторист болып жүргенде, радиатордың ыстық буына күйіп  қалып, мүгедек болып қалды. Содан бізді ұжымшардың сиырын, бұзауын бағып, асырапты. Маған ұл бала ретінде анама көмектесуім қажет болды. Он үш жасымда ұжымшарға жұмысқа кіріп, мал бақтым. Оған дейінгі өміріміз өте ауыр болды. Аш, жалаңаш жүрдік десем, артық айтқандық емес.

Сол Серік Балағазыұлы Асқаров бүгінде 85 жасқа толып, ауыл ақсақалы болып отыр. Оның еңбек жолына тоқталатын болсақ, алғаш көлік жүргізушісі оқуын бітіріп, «Новорыбинка» кеңшарында жүргізуші болып еңбек етеді. Кейін зооветтехникумды сырттай оқып бітіріпті, зоотехник, бөлімше басқарушысы дәрежесіне дейін көтеріледі. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін екі қолға бір күрек демекші, күн көрудің амалын ойлайды. Содан жаңа өсіп келе жатқан үш ұлы Марат, Мұхтар, Мәулендердің келешегін ойлап, мал шаруашылығымен айналысу жағын қарастырады. Ол үшін үлкен қаржы қажет болып, үкіметтен несие алады. Содан күні бүгінге дейін жылына 26 миллион теңге қарызын төлеп келе жатқан көрінеді. Оған негіз бар. Мал баққанға бітеді демекші, бүгінде 500-дей қой, 350-ге тарта сиыр, 450 басқа жақын жылқы өсіріп отырған жағдайы бар.

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп дана халқымыз айтпақшы, осы төрт түлік малдан өзі пайда көрумен қатар, ауылына пайдасын тигізіп отырған жайы бар.  Өзіне зәулім үй салып алса, жаңа көлік мініп жүрсе, үш ұлын аяқтандырса, осы малдың арқасы. Баяғыда Олимпиада чемпионы марқұм Жақсылық Үшкемпіров айтып еді: «Шіркін, Қазақстанда малмен айналысатын бес мың азамат болса, мал өнімімен елді толық қамтамасыз етер едік», – деп. Солардың бірі болуға лайық Серік Балағазыұлы. Үш ұлының бас есімдерінің әріптерінен алып, «МММ» атты жеке шаруашылық құрып, еңбек етуде. Шаруашылық заңды түpдe ұлы Мараттың атында болғанымен, малмен отбасының бәрі айналысатын көрінеді. Зайыбы Меңсұлу мал өнімдерін дайындап, Ақкөл қаласындағы «Жұлдыз» дүкеніне тапсырып, қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жатыр.

Жалпы, аудан бойынша бел буып мал басын көбейтіп жатқандар көп емес, ауылдың маңында жайылым жер жеткілікті деп ойлаймын. Менің естуімше, кейбір тұрғындар басқа жерде тұратын адамдардың малдарын әкеліп, бағып жатқан көрінеді. Ол дегеніміз жергілікті жердің халқының үлесін пайдаланып, байып жатқандар. Оған жол бермеген дұрыс болаp eді.

Серік Асқаровтың еңбек жолын саралап қарасақ, өмірінің 60 жылдан артығын мал шаруашылығына арнапты. Жасы 85-тен асса да қол қусырып қарап отырған жоқ, балаларымен сол малдарының қамын ойлап, күні-түні, қысы-жазы еңбек етуде. Ата-бабамыз айтады «малға да малдай кісі керек» деп. Мал жарықтықта демалыс жоқ, ол өзіне тәулік бойы қарағанды ұнатады. Осындай қиын шаруашылықты жүргізіп отырған Секеңді қалай нағыз еңбек адамы демексіз. Бұл кісінің еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Бірнеше медальдар, мақтау грамоталары, алғыс хаттардың иегері. Өткен жылы «Ақкөл ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Ел Президенті Қ.Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы», – деп атады. Бұл құптарлық шешім. Өндірістің, ауыл шаруашылығының, тағы басқа салалардың өзегі – еңбек адамы. Солардың арқасында қазақ халқы бай-қуатты болып өмір сүруге талпынып жатыр. Серік Балағазыұлы сияқты елге үлгі болатын еңбек адамдары молая берсін демекпін. Замандасым Секеңе айтарым, денсаулығың зор болсын, Алла тағала жамандық керсетпесін, әлі де халқыңа еңбегің сіңіп, құрметке бөлене беруіңе тілектестігімді білдіремін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
 Ақкөл ауданының құрметті азаматы, қарт зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар