Хакім Абай – қазақ әдебиетінің ұлы классигі, философ, қоғам қайраткері, ұлт зиялысы. Ол қазақ халқының мәдениетіне, рухани дамуына зор үлес қосып, шығармашылығында адамгершілік, білім, өнер мен ғылымның маңыздылығын уағыздады. Абайдың шығармашылығы кең ауқымды. Абайдың шығармалары ұлттық әдебиетіміздің дамуына үлкен ықпал етті. Оның мұрасы әлі күнге дейін зерттелуде және көптеген ұрпақ үшін өнеге болып келеді. Ол өлеңдерінде адамгершілік, ізгілік, білім мен еңбекке шақырды.
Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасындағы Абай залында ұлы ақынның 180 жылдығына арналған танымдық кеш өтті. Ақынның шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандар, жыр мүшәйраларына қатысып жүрген талапкер жастар, өнер адамдары мен оқушылар өз өнерлерін көрсетті.
Ақынның шығармашылығы тұнып тұрған ұлттық идеология. Қоғамға ой салар, тәрбие берер, оны дамытар рухани байлық – Абай өлеңдерінің өзегі. Осы Абай шығармашылығымен сусындап өскен ұл-қыздар ақынның әр өлеңі мен қара сөзін ерекше ықыласпен жеткізді. Олар жоғары медицина колледжінің студенттері Байкенов Рустам, Әпенова Гүлназ, Катя Кохман және №14 мектеп оқушылары Жамантай Кәусар, Алпыспай Ажар, Серік Рамазан, Мұратбек Дильшат, Меңдіғали Мақсат.
Сондай-ақ, қалалық балалар және жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Бақытгүл Майданқызы мен Меңдіғали Мақсат Абайдың әжесі Зере мен ақынның бала кезіндегі рөлін сомдап, көрініс көрсетті. Кешті әсем әнмен көркейткен «Шаңырақ» хорының жетекшісі Амангелді Тошкен мен хор әншісі Жетпісбай Жаукенов Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» әнін орындады.
Танымдық кеш ұлы Абай аңсаған рухы биік, ойы ұшқыр, жүрегі ізгі ұрпақ қалыптастыруға өз ықпалын тигізері сөзсіз. Абай Құнанбайұлының мұрасы – қазақ халқының алтын қорына айналған, ешқашан ескірмейтін құндылықтардан тұратын, халқымыздың рухани әлемін байытатын ұлы шығармалар болып табылады. Абай бізге өзінің өмірі мен шығармашылығымен жол көрсетіп, ұрпақтан ұрпаққа терең ой, ізгілік пен білімге ұмтылу қағидасын қалдырды.
Жанар АЙТҚОЖИНА,
Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасының меңгерушісі.
6 Total Views , 1 Views Today