Ісмерлік – он  саусағынан өнер тамған шеберлік

Қолөнер

Қазақ халқының қолөнері көне заман тарихымен, сүрлеу-соқпағымен  бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына, ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі.

Жуырда Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы  осы салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген қолөнер шебері,  этно-шеберхана басшысы Гүлнар Мырзағалиқызы Орынбаеваның қатысуымен «Қолөнер – сырлы өнер» атты шеберлік сағатын ұйымдастырды. Қазақ әйелдерінің дәстүрлі қолөнерінде ең көп қолданылатын материалдың бірі – жүннен жасалған бұйымдар. Қазіргі декор өнерінде жүннен жасалған бұйымдар өзінің тартымдылығын жоғалтқан жоқ.

Гүлнар Мырзағалиқызы жүн басу, жүннен бұйым жасаудың құрғақ, дымқыл, тоқыма сынды түрлі тәсілдерін жетік меңгерген. Шеберлік сағатында жүннен түрлі бұйымдар жасайтын Гүлнар Мырзағалиқызы қазақтың қолөнерін жаңғыртып, қойдың жүнінен жұқа киіз жасап, оған түрлі «Құс табаны», «Қаз табан», «Бота мойын» тәрізді ою-өрнектер салып, заманауи жастардың сұранысына сай киім жасаудың жолдары туралы өз ойларымен бөлісті.

Жиналған жастар шеберлік сағатында өз қолдарымен киізден бұйым жасап көруге мүмкіндік алды. Гүлнар Мырзағалиқызы үйренуге ықылас танытқан жастарға өз білгенін әрқашан үйретуге әзір екенін жеткізді.

–Жүннен қамзолдар, бас киімдер, кимешек, сырмақ жасаймын. Осы ылғалды киіз басу технологиясын пайдалану арқылы көптеген жұмыс жасап, көрмелерге шығарып жүрмін. Жас ұрпақты өз өнеріме қуана үйретемін. Мен жастар  ою-өрнектің не екенін, мән-мағынасын және онымен қалай жұмыс істеу керектігін білгенін қалаймын, – дейді кездесу  барысында қолөнерші.

Бүгінде он саусағынан өнер тамған шебердің жүздеген жеке туындысы бар. Қазақтың ұлттық, өнерін дәріптеп жүрген Гүлнар Мырзағалиқызы облыстық және қалалық деңгейлердегі түрлі көрме, байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ақмола облысы сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесіне де қатысты.

Гүлнар ханымның  ұлттық нақыштағы, заманауи стильмен ерекшеленген  туындылары осы жәрмеңкеде жоғары бағаланды. Оның жұмыстары халық мәдениетінің бай екенін және киіз басу өнерінің қадір-қасиеті баға жеткізгісіз екенін көрсетіп жүр. Қолөнердің болашағы тек қана технологияларға емес, дәстүр мен мәдениетке деген құрметке де байланысты болып келеді.

Егер біз өзіміздің ұлттық және мәдени құндылықтарымызды сақтап, оларды жас ұрпаққа жеткізе білсек, қолөнер әрдайым мән-маңызын жоғалтпайтын өнер түрі ретінде мәңгі сақтала береді. Осы ретте, Гүлнар Мырзағалиқызы жетекшілік ететін этно-қолөнер шеберханасы жас жеткіншектерді киіз басып, керемет дүниелерді жасауға үйретеді. Ендеше, бұл шеберханада қазақтың көне салт-дәстүріне қарай қадам жасау – әр жас үшін тәрбиелік те, танымдық та зор олжа деп білер едік.

Айнұр ӨТЕБАЕВА,
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық
Әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар