Рейхстагқа қолтаңбасын қалдырған

Шамамен, сексенінші жылдар-ау, деймін. Бір күні Ленинград ауданында жұмыс істеп жүрген жерімнен қолым сәл босап, сенбіге қарай туған ауылым Ортаққа бардым. Ылғи емес, араға уақыт салып барған соң, мен білмеген жаңалықтар да болып жатады.

Бұл жолы біздің үйде, яғни, қара шаңырақ – Орынбасар ағамның үйінде уақытша Көкшетау мамандандырылған ауданаралық мал бордақылау бірлестігіне жаңадан партия ұйымының хатшысы болып келген Жанпейіс Айтқожин деген азамат тұрады екен. Келгеніме қуанып қалған ағам сырттай болса да таныстырып жатыр.

–Аңқылдаған жақсы жігіт екен. Директор үй берілгенше сіздің үйде тұра тұрса қалай болады деген соң «жарайды» дедім. Осы өткен аптада «балам жаңа жерде қалай орнығып жатыр?» деп әкесі де келіп, қонақ болып кетті. Өзі керемет адам көрінеді. Ол кісіге қара да, мына Жанпейіске қара. Соғысқа қатысқан, Берлинге дейін барып, Жеңісті сонда қарсы алған. Білімді, мәдениетті кісі. Түні бойы әңгімелесіп, біраз арқа-жарқа болдық.

Ағамның айтқаны осы еді. Сонда-ақ біздің үйге бір жақсы жанның аяқ басқанын жазбай аңғарған мен енді міне, араға кемі 35-40 жыл салып, сол кісі туралы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында осы жолдарды жазамын деп ойлаппын ба?!

Құрманғали Айтқожин ағамыз соғыс дегеннің қайғы-қасіреті мен ауыр соққысының шеті де, шегі де болмайтынын әскер қатарына шақырылмай, әлі елде, ауылда жүргенде-ақ көрді. Соғыстың алғашқы айларында «көппен көрген ұлы той» деп майдан даласына алғашқы лекпен аттанып кеткен әкесінен бара-бара хат-хабар сап тыйылып, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылған солғын күндер бірінен соң бірі шұбады да жатты.

Сол аттанғаннан қайтып оралмаған әке ақыры, хабарсыз кетіп, туған жердің бет-жүзін қайтып көрген жоқ. Сол кезде-ақ әке үшін шыбын жанын бір үміт, бір үрей билейтін. Сол көңілін неше түрлі мұң кірбіңі басқанда өзі де сол әке жолымен майданға аттанғысы келіп, сағынып, сарғайып жүрген арқа сүйерін тап бір сонда көретіндей, сонда кездесіп қалатындай алабөтен күй кешетін еді. Ондайда бейбіт күннің шырқын бұзып, баланы әкеден, әкені баладан айырған сол бір оспадарларға кеудесін кернеген кек те атойлап кететін.

Зеренді ауданының Кеңөткел ауылының тумасы, мектепті жаңа бітірген күйі әскерге шақырылып, «майдан даласы, қайдасың?» деп белді бекем буған Құрманғали Айтқожин екінші Украин майданына осындай көңіл-күйде кірді. Бес саусақ бірдей болмайтыны сияқты жанындағы жан-жақтан бастары қосылған қаруластары да әртүрлі мінездің адамдары болатын. Іштерінде қыңыры да, қызбасы, қой аузынан шөп алмайтын момын да бар. Солардың бәрі Отанын, елін зұлым жаудан қорғауға келгенде ширығып, ширап шыға келетін. Тіпті араларындағы Вологданың жігіті Сергей Снигерев «маған ертегідегі алыптардай айшылық жерді бір күнде алатын күш бітсе, сол Гитлердің ініне кіріп барып, оны желкеден бүріп, мына қираған қала, жылаған ана, күл болған деревняны көр деп алып келіп, бірден атып тастамай, азаптап барып жанын қияр едім» деп бар ашу-ызасын осы бір қиял аңсарына толық сыйдырып жіберетін.

Солай бәрі де адамзат тарихындағы ең ауыр, қанқұйлы соғыстың тар жолдарынан ерлікпен жүріп өтті. Тар дейтініміз, әр қадам қауіпті, әр күн тірлігіңнің соңғы күніндей. Ысқырып, бораған оқ, гүрс-гүрс жарылып, қара жерді солқылдатқан снаряд кімді аяпты?! Жиырмаға толмай, от кешкен мұны ендігі оққа еті үйреніп, ананы, мынаны онша елей қоймайтын кейбір жасы үлкендері баласынып, аяп, «біздің артымыздан жүр», «окоптан аңдаусыз басыңды көтерме», «зеңбіректің құрсауын қалқала» деген сияқты ақылдарын да аянбайтын. Ал, енді өздері жасына қарап, «батя» деп қоятын бірен-саран мосқал солдат «менің де балам сен сияқты майданда жүр» деп көңілі босап, жақын тартса болды, қайта-қайта жазған хатына жауап болмайтын әкесі есіне түсіп, сағыныш шеңгелінен шыға алмай қалушы еді.

Өзіміздің Ақмолада жасақталғандықтан, бұлар соғысқа кірген 39-ыншы атқыштар полкының құрамында бастапқыда өзіміздің қазақтар, тіпті, бір аудан, бір елден көзтаныстар да көп болды. Бірақ, бара-бара ешкімге де аяушылық дегенді білмейтін сұм соғыс қатарларын селдіреткен үстіне селдіретіп, азайтып-ақ тастаған. Бұл – қай соғыстың болмасын, бұлжымас заңы. Өмір мен өлім шайқасында шығын екі жақтан да болады. Тек одан түңіліп қажеті жоқ. Сын  сәтте сынып, осалдық таныту – қорқаудың ісі.

Соны білетін Құрманғали Айтқожин да майданда ажал деген мергенге тік қарап, алғызбаған кісі. Бірде байқаусызда блиндаждан басын көтере берген жас жауынгерді біздің жақпен аңдысып жатқан жау солдаты тосыннан атып салады.  Арғы атасы Дүйсен би бабасының аруағы қолдады ма, оқ бас киіміне тиіп, өзі түк болмастан, аман қалыпты. Қазақта «қырық жыл қырғын болса да ажалың жетпей өлмейсің» деген сөз осындайда айтылған-ау дейсің де қоясың. Бағына қарай сол өзі түскен бөлімде командирі де көп ауыса бермей, көз үйренісіп, көңіл тоқтатысқан полковник Харитоновтың жетекшілігімен майдан жолының көп бөлігінен оңтайлы өтуі де Құрманғали ағаның алда да көрер жарығының бір жоралғысы болар.

Ал, сол Харитонов соғыс өнеріне барған сайын төселіп, әр әскери бұйрықты мүлтіксіз орындаған көкшелік жауынгерге сап алдында кезекті алғысын жариялаудан бір жаңылмайтын. Сөйтіп, соғыстың теке-тірескен талай ұрымтал тұсында зұлым жауға қарсы өзі біліп, көрсеткен ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған, сонымен қатар, Бас қолбасшының 8, полк командирінің 7 алғысын алған Құрманғали Айтқожин соғыстың аяғына қарай немістің бронитехникалық әскерлеріне тиімді соққы беріп, Ұлы Жеңісті неғұрлым жақындата түсу үшін тез арада Ф.Ф.Петров бастаған конструкторлар бюросы құрастырып шығарған САУ-100 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысының төрт адамнан тұратын экипаж мүшелерінің бірі болады.

Сол кезде біздің минеметшілер мен зеңбірекшілер полктарының әрқайсысына немістің «Пантера» және «Тигр» танкілерінің мысын баса бастаған 21 осындай қондырғы беріледі. Сөйтіп, САУ-100 Шығыс Пруссия операциясында алғаш сыннан өтіп, одан Балатон операциясы, Шығыс Еуропа, Австрия және Германия жерлерінде қуатты соққысымен көзге түседі. Онымен бірге біздің кейіпкеріміз де жау танкілерін ығыстыра отырып, аман-есен Берлинге жетіп, Рейхстагта өз қолтаңбасын қалдырады.

Міне, бір жағынан ұлы Жанпейіске мерейі өсіп, біздің Ортақ ауылына жолы түскенде  Құрманғали аға менің ағама, бәлкім, өзімен бірге болған ауылдың басқа да басшыларына не жөнінде сыр шертті екен?! Отан қорғаймын деп қолына қару ұстаған өмірінің осы бір сындарлы кезеңінен бе. Оның ішінде Берлин операциясы барысында мамырдың 3-і күні Росток қаласына енгенде, одақтастар әскерімен қосылған естен кетпес сәттерімен бөлісті ме. Бәлкім, сол сұрапылдан аман-есен елге оралып, кейін Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, Көкшетау ауданының Приречен ауылында ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен өмірінің жақсы кезеңі де көңіл көкжиегін бір тербеген шығар. Әйтеуір, күнде қолға түсе бермейтін, көп жайды бастан өткерген осындай бір тамаша жанмен сол әңгіме де түн түндігін әрі жылжытып, ұзай бергені анық.

Ағаның жүз жасты еңсеріп барып, көз жұмған жан жары, «Алтын алқа» алқасының иегері Шолпан Сарина апамыз да ерімен бірге қырық жыл мектепте ұстаздық етіп, заманның ыңғайымен осы бертін өздері көшіп келген Зеренді ауданының Шағалалы ауылында көз жұмды.

Ал, Құрманғали ағамыздың өзіне ұстаздық өмір жолының бір қалтарысында оқушыларға бастапқы әскери дайындық пәнінен  сабақ беру бұйырды. Сөйтіп, қай жағынан да өзі жетік білетін дәрістен мектеп абыройын аудан, облыстан да әрі асырып жіберді. Бүгінде қан майдан мен бейбіт өмірде қол жеткізген марапаттары,  ел шежіресінен  тірнектеп жинаған жазбалары өзі қызмет атқарған Приречен мектебінің музейі мен балаларының қолында.

Балалары демекші, олар үшін ардақты ата-ана есімдері, сол қымбаттарының жүріп өткен өмір жолдары қашанда киелі, қасиетті. Жылда 9 мамыр – Жеңіс күні кезектесіп бір үйге жиналып, әкелерінің қан майданда көппен бірге зұлым жауға қарсы шайқасқан отты күндерін, жарқын бейнесін еске алады.

–Биыл менің кезегім. Мерекеде үлкеннен кішіге дейін бәріміз  біздің үйден табылмақшымыз, – дейді осы орайда, сол партия жұмысынан кейін ішкі істер органдарында белді қызметтер атқарған, полковник шеніндегі ұлы Жанпейіс Құрманғалиұлы.

Иә, әрбір шаңырақта осылай кешегі майдангерлер ұмытылмауы тиіс. Бұл жағынан екі майданның да ері Құрманғали Айтқожиннің жұлдызы қашанда жоғары. Отты жылдардағы сол бір ержүректігі мен батылдығы, бейбіт өмірдегі өз ісіне адалдығы ұрпақтарын да солай болыңдар деп жақсылыққа үндеп тұрғандай.

                                 Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар