Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова: «Кітап оқыған елдің рухани дамуы ілгері болады»

23 сәуір – Ұлттық кітап күні

1995 жылдың 16 қарашасында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 28 сессиясында арнайы Қарар қабылданып, 23 сәуір Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау күні болып жарияланды. Қазақстанда да бұл күн Ұлттық кітап күні ретінде аталып өтуде. Осы мереке қарсаңында Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитовамен тілдесіп, өңірдегі оқырман қауым үшін жасалып жатқан қамқорлық пен кітапханалардағы атқарылып жатқан шаралар жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Айгүл Баубекқызы, әлем оқырмандары үшін символикалық датаға айналған мереке біздің өңірде қалай аталып өтуде? Биылғы жылдың осыған қатысты ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде кітапқа деген сүйіспеншіліктің маңыздылығын, көптеген елдерде оқу мен кітапқа арналған ұлттық күндер енгізілгенін айта келіп, «Біз ең алдымен жастарды оқуға деген сүйіспеншілікке баулуымыз керек. Тек осылай ғана біз оқырман ұлтқа айналамыз», — деген еді. Жалпы, оқу мәдениетін арттыру, оқырманға қолдау көрсету, жастар арасындағы кітап оқуды жандандыру, қоғам мен кітапхана арасындағы байланысты үзбеу үрдістері үшін жыл сайын өңір кітапханалары түрлі шараларды ұйымдастырып, өткізуді дәстүрге айналдырған. Мәселен, 14 сәуірде Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлттық кітап күніне арналған «Кітап – ұлттың рухани тірегі» фестивалінің ашылуы өтіп, осы мерекені өңірде кең көлемде тойлау бастау алған еді. Міне, сол уақыт аралығынан күні бүгінге дейін осы онкүндіктің аясында өңіріміздің әр түкпірінде түрлі деңгейдегі іс-шаралар жалғасын табуда.  Осы онкүндіктің алғашқы күні облыстық кітапханаға экскурсия жүргізіліп, келген қонақтарға оның бөлімдері кеңінен таныстырылды. Кітапхананың екінші қабатындағы залға халқымыздың ауыз әдебиетіндегі айтылып келе жатқан түрлі аңыздарға байланысты балалар көркемсурет мектебінің оқушыларының қаламынан туған сурет көрмесі қойылып, Сәкен сері Жүнісов атындағы мәжіліс залында Жеңістің 80 жылдығына арналған фильм көрсетілді. Бұл ауқымды шараға Көкшетау қаласының полиция басқармасының қызметкерлері тартылып, облыс орталығындағы №11 мектеп-гимназиясы мен №2 мектеп лицейінің оқушылары келіп қатысып, өздеріне мол ақпарат жинады. Сонымен қатар, осы онкүндік аясында өткізілетін іс-шаралардың жоспары күні бұрын бекітіліп, бүгінде аудандар мен қалалардағы кітапханалар осы жоспар бойынша жұмыс істеуде. Бұл орайда, мен өз сөзімде әсіресе, қоғам мен оқырман арасын байланыстырудың жаңа форматын жасауда қолға алынған шаралардың бір-екеуін атап өтсем деп отырмын. Мысалы, Қазақстанның халық жазушысы Қадір Мырза-Әлінің туғанына 90 жыл толуына арналған «Ана тілің арың бұл» атты әдеби кеш өтіп, оған өңірдің студент жастары белсене қатысты. Әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбек осы шарада Қадір ақынның біраз өлеңдерін жатқа айтып, шара қатысушыларына ақын-жазушыға деген оқырман ықыласының жарқын үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, өңірімізге өнертанушы әрі ескі әндердің орындаушысы ретінде танылған Сәрсенбай Хасеновпен болған «Кітап асыл қазына» атты әдеби сұхбаттың да, өзіңізбен ақын ретінде Дөңгілағаш негізгі мектебіне арнайы шақыртылып өткізілген оқушылармен жүздесуіңіздің де оқырман қауым үшін мән-маңызы зор деп санаймын. Дәл осы кітап мерекесін атап өту аясында бұдан өзге де кітапханалар мен білім ошақтарында жүздеген пікірталас, конференция, акция сияқты түрлі форматтағы шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Осы онкүндік дәл мереке күні яғни, 23 сәуірде кітапсүйгіштердің «Өміріңді өзгертетін кітаптар» атты бейнесұхбатпен қорытындыланбақ.

–Осы шаралардың ішіндегі жастарымызды кітап әлеміне тарту үшін ұйымдастырылған ерекше бір шараны айтып өтсеңіз…

–Жыл сайын кітап мерекесін тойлауда, оны ерекше форматта атап өтуде Мағжан Жұмабаев атындағы өңірдің бас кітапхана ұжымының жұмысы зор мәнге ие дер едім. Осы мәдениет ошағындағы ерекше шара деп 18 сәуірде  ұйымдастырылған «Кітапхана түні» акциясын айтуға болады. Өзім де әдейілеп уақыт бөліп, осы шараға арнайы барып қатыстым. Бұл кеште кітапхананың барлық залдары шығармашылық алаңға айналып, оған қатысқан барлық жастар белсенділік танытты. Бірінші қабаттағы көрмеге жергілікті мәдениет және өнер қайраткерлерінің мерейтойларына арналған және көптеген ақын-жазушылардың сирек және құнды кітаптары қойылды. Ал, шетел әдебиеттері бөлімінің ұйымдастырған шарасы тіптен ерекше болды.  Онда қытай стилінде шай құю және шай ішу рәсімі өтті. Қытай халқының шай рәсімі жай ғана процесс емес, терең философиялық мағынаға толы өнер. Мың жылдан астам уақытқа созылған бұл дәстүр қытай мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналғанын баршамыз білеміз ғой. Шара қонақтары дәмді шай мен ұлттық тағамдардан дәм татып, сондай-ақ, қытай халқының әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері туралы көбірек білуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, осы кітапхана түнінде Сәкен сері Жүнісов атындағы мәжіліс залында өнер әдебиеті бөлімі «Жастар және сән» жобасы аясында «Ұлттық киім ұлағаттары» атты әдеби дефиле өткізді. Оған Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы Гүлжазира Хавдыразақ пен осы оқу орнының студенттері қатысты. Содан соң оқырмандар залында студенттерге арналған қызықты квест-ойыны өтіп, балалар әдебиеті залында жас ақындарға арналып поэтикалық алаң ұйымдастырылды. Осылайша кітапханаға оқырман тартудың ерекше форматын қолданған кітапхана қызметкерлері жастардың әдебиеттегі білімін көрсетуге және олардың өздеріне қажетті ақпарат алуына жол салды.

–Өткен жылы кітапхана күрделі жөндеуден өткізіліп, заман ағысына жаңа кейіппен ілесіп, өз жұмысын бастаған еді. Бірақ, көп ұзамай өрт шығып, тілсіз жау кітапхана қорына айтарлықтай зиянын тигізді. Бүгінде қорды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

–Өткен жылдың 12 желтоқсанында Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының күрделі жөндеуден кейінгі салтанатты ашылуы болды. Сондай-ақ, кітапхана ордасында жазушы — драматург ақын Төлеген Қажыбаевтың асыл мұрасы жинақталған жеке кабинеті мен Қазақстанның халық жазушысы Сәкен сері Жүнісовтің мәжіліс залы ашылып, көрнекті қалам иесінің 90 жылдығына арналған «Серілердің соңғысы» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Төлеген Қажыбайдың кабинетіне жазушының өзі қолданған заттары, кітаптары, құнды жәдігерлері қойылды. Оны жазушының ұлы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Аян Төлегенұлы тапсырды. Ал, Сәкен сері Жүнісовтің мәжіліс залының төрінен жазушының жеке кітапханасындағы кітаптары мен фотосуреттеріне орын берілді. Бұл мәжіліс залы мен жеке кабинеттердің салтанатты ашылуына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы, жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы қатысып, лентасын қиды. Бұл бастама тек әдеби мұраны сақтап қана қоймай, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани шамшыраққа айналары сөзсіз. Жоғарыда аталған ғылыми-теориялық конференция да жоғары деңгейде өтті. Конференцияда жазушының кейінгі ұрпаққа қалдырған еңбегі жайлы баяндамалар оқылды. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінде өз орны бар зерттеуші ғалымдар сөз сөйлеп, Сәкен сері жайлы естеліктерімен бөлісті. Бірақ, өкінішке орай, көп ұзамай, кітапхананың төменгі қабатынан өрт шығып, мәдениет ошағын зор шығынға ұшыратты. Өрт төбеге орнатылған электр шамындағы электр сымдарының қысқа тұйықталуы себебінен орын алды. Тілсіз жаудан кейінгі тексерістер нәтижесінде 3499,8 миллион теңгені құрайтын 11864 дана кітап зақымданғаны белгілі болды. Содан соң Алматы қаласының Ұлттық кітапханасы, Атырау, Маңғыстау қалаларының облыстық кітапханалары сияқты еліміздің жетекші  кітапханалары өздерінің айырбастау резервтік қорларынан кітаптар бөліп, шығынды қалпына келтіруге көмектесті.  Сонымен қатар, жоғалып кеткен 408 дана кітап ресімделіп, оқырмандардан сыйлық ретінде 427 дана кітап алынды. Облыстық ішкі саясат басқармасы 184 дана кітапты сыйға тартты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының баспаларынан 167, мемлекеттік сатып алу бойынша 79, Ақмола облысы әкімдігінің атынан 133, Қаныш Сәтпаев атындағы ұлттық институтынан 50, кітап поштасы арқылы 6 кітап жеткізіліп, бүгінде шығын 1454 данаға толықтырылды. Қазіргі уақытта еліміздің кітапханаларынан алынған кітаптарға өңдеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала есептеулер бойынша кітап қоры жақын уақытта кітапхананың өз ықпалымен 4000 данаға толықтырылады.

– Енді Ақмола облысы кітапханалар жүйесі жұмысының басым бағыттарын айтып өтсеңіз…

– Кез-келген кітапхана адамзатты ой кеңістігіне бойлатып, білім көкжиегін кеңейту үшін жұмыс істейді деп ойлаймын. Ол үшін әрине, кітаптарды сөреге тізіп қойып, оқырманды күтіп отыра беру жеткіліксіз. Бұл ретте, оқырман тартып, оған жайлы әрі ыңғайлы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Бүгінде Ақмола облысында 329 мемлекеттік кітапхана халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Олардың ішінде модельдік кітапханалар мен коверкинг орталықтары бар. Сонымен қатар, өңірдің 61 кітапханасында ұлы ойшыл, данышпан ақын Абай Құнанбайұлына арналған арнайы «Абай бұрыштары» ұйымдастырылған. Бұл бұрыштар – жастарға Абай мұрасын танытуда, даналыққа жетелер жолды көрсетуде маңызды рөл атқарады. Алайда, облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы мен Астрахан, Бурабай, Ерейментау, Сандықтау аудандарындағы кітапханаларда әзірге мұндай «Абай бұрыштары» ашылмай тұр. Алдағы уақытта осы кітапхана мен аудандарда да ақын мұрасына арналған мәдени-танымдық орындар ашылып, халқымыздың рухани қазынасы одан әрі насихатталады деген сенім бар.

– Жан-жақты әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар