Суретші әлемі
Суретші әртүрлі көркем образдар арқылы әлемге деген көзқарасын жеткізетін талант иесі. Көбінесе, көркем картиналар, иллюстрациялар, мүсіндер ретінде көрініс тауып жатады. Жуырда «Көкшенің көркемсурет палитрасы» жобасын насихаттау мақсатында Көкшетау қалалық орталық модельдік кітапханасында белгілі суретші Дулат Қоспановпен кездесу өткізілді. Дулат ағамыз бір кездегі КСРО және тәуелсіз Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы өнер академиясының корреспондент-мүшесі. Ол 8 авторлық жұмысын Кипрдің қазіргі заманғы өнер мұражайына тапсырған. Бұл өнер мұражайы Никосия қаласында орналасқан. Автор шығармалары мұнымен бірге, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Қазақстанның және басқа елдердің түрлі галереялары мен жеке адамдардың коллекцияларында тұр.
Дулат Әбдірахманұлы 1971 жылы Алматы қаласындағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің кескіндеме бөліміне оқуға түсіп, оны 1976 жылы бітірген. Суретшінің кәсіби қызметі дәл осы кезеңде басталады. 1976 жылғы республикалық көрмеде тұңғыш рет Д.Қоспановтың «Қызыл алма ағашы» картинасы қойылған болатын. Мамандардың пікірінше, ХХ ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарындағы мазмұны жағынан терең, ұлттық жоғары кәсіби мектептің өкілі болып табылатын суретшінің шеберлігі екі құрамдас бөліктен тұрады. Ол талант пен еңбекқорлық. Қоспанов өзінің ең сүйікті де елеулі туындысы Абылай ханның портреті деп біледі. Бұл ұлы ханның күрделі сипатын дәл бейнелейтін монументалды жұмыс. Айта кетейік, дарынды суретшінің есімі «Қазақстандағы белгілі тұлғалар» отандық энциклопедиясына енгізілген. Уақыт, заманалар шежіресі суретшіні қатты қызықтырады. Сондықтан, ол қазақ халқының қаһармандық тарихына, оның көрнекті тұлғаларына жиі жүгінеді. Кейбір еңбектерінде тарихи оқиғаларға авторлық көзқарасы айқын көрініп тұрады.
– Мен ұрпақтарыма жақсы, мейірімді, шынайы нәрсе қалдырғым келеді, – дейді бұл ретте, суретші.
Іс-шара барысында кездесуге қатысқан Көкшетау жоғары гумманитарлық-техникалық колледжінің студенттері қылқалам шеберіне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды, оларға суретші қуана жауап берді. Ол сондай-ақ, өзінің шығармашылығы, шабыттандыратын нәрселері туралы айтты. Сондай-ақ, кітапхана қорына өз картиналары мен дүниелерінің басы қосылған «Кескіндеме» кітабын сыйға тартты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.