«Жылайын, жырлайын!..»

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені, Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық.

Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар, оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс!

(«Абай – рухани реформатор» мақаласынан. «Егемен Қазақстан» газеті, 10 тамыз, 2020 жыл).

(эссе)

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қолқа салып, шақыруымен Көкшетауға арнайы келген Шахаң, Шахимардан Әбіловтің «Ой толғау. Хакім Абай» атты монооперасын тамшалаған көкшетаулықтар «Көкшетау» мәдениет сарайынан жүздері жадырап, ерекше бір марқайған көңілмен тарасып жатты.

Абайдың 180 жылдығына арналған Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Дж. Верди атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, профессор Шахимардан Әбіловтің «Ой толғау. Хакім Абай» атты монооперасынан кейінгі ой мен әсерден әлі де арыла алмай жүргеніміз бар.

Cол күні аспан әлемінен жер бетіне аппақ ұлпа қар жауып тұрды. Сол күні Көкшетаудың кешкі аспаны аппақ қардың көз қарықтырар қылауымен көңілдерді де жадыратып,  Көкшетау сахнасы ән шуағына бөленіп тұрды.

Ежелден сал мен серілердің мекені болған Көкшетау өнер десе ішкен астарын жерге қоятындардың қатарында. Және де  өнерге сусап отыратын тамаша бір қасиеттері де бар.

Сол күні  Көкшетау сахнасы, оны айтасыз, дүние Абай болып күңіреніп, Абай болып қамығып, Абай болып толғанып, «махаббатпен жаратқан адамзатты» деп Абай болып ғашықтық жүрегімен ән болып төгілді.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт, дел-сал ғып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ!

Түн тыныштығымен ұйқыға кетіп мүлгіген дүниенің сыры қандай болуы керек?! Өткен күннің сағынышы ма, жоқ әлде келер күндерге асық та ғашық жүректің сағынышы ма?!

Не де болса  бала кезімізден құлағымызға сіңісті болып, жүрегімізді тал бесікке бөлеп, тәтті бір тыныштығымен әлдилеген Абайдың осы бір «Қараңғы түнде тау қалғып» әні Шахаң, Шахимардан Әбіловтің қоңыр дауысымен орындалған сәтінде мүлдем өзге бір тылсым күшпен «Көкшетау» мәдениет сарайына лық толған тыңдаушысының жүрегін қалғытып, кірпігін қақтырмай тастағаны бар.

Атақты неміс ақыны Гетенің «Жолаушының түнгі жыры» орыс ақыны Лермонтовтың аудармасымен «Тау шыңдары» болып жаңғырса, Абай өз  аудармасымен «Қараңғы түнде тау қалғып»  деп жыр етіп  қана қоймай, оны  ән етті! Сөз жоқ, осы жырдың әр жолы мүлгіген дүниенің үні мен әуені болып, «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың қапалы жүрегін бір сәтке болса да тәтті бір сезіммен әлдилеген де болар, бір сәтке болса да жаны тыныш бір күй де кешкен шығар, бәлкім?

«Қараңғы түнде тау қалғып»  Гете-Лермонтов-Абай аралығындағы адамзатқа тән әрі ортақ махаббат мейіріміне суарылған дүние болса керек-ті. Және де мәңгілік дүние! Шахимардан Әбілов Абайдың осы жүрек әнін әлемнің талай елдерінің сахналарында шырқап, тұтас дүниені әлі де мүлгітіп, әлі де қалғытып, тап-таза мөлдір сезіммен тербеп, тебірентіп келеді.

Ән — өмір! Адам жаны ән мен күйден тұрады. Адам баласын әнмен есті де, есер де қылуға болады. Ән сол Адам баласының ішкі жан дүниесінің айнасы, жүрек тазалығы мен ақыл-парасатының және де ой-ниетінің өлшемі, сезім  тербелісі мен көңіл күйінің құдіретті құбылысы!

Шахаң, Шахимардан Әбілов осы кеште Абайдың «Өзгеге көңілім, тоярсың!» әнін өзіне тән жүрек қылының нәзік те терең бір қалтарысында жатқан тембрмен орындады. Жанымен толғап, жүрегімен күрсінді!

Өзгеге, көңілім, тоярсың,

Өлеңді қайтіп қоярсың?

Оны айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жоярсың,–дейді Абай.

Өлеңді құр «ермек үшін» жазбаған Абай қызыл тілін сайрата да, зарлата да отырып, өзін-өзі жырымен, өз әнімен жұбатар еді де, көкірегінде оты бар әлдекімнің жүрегіне де жетер, ал, тіпті тыңдар жан иесі болмаса «өз жүрегім толғансын» деп қайырады.

Тіпті  «жылай-жырлай өлгенде, арттағыға сөз қалсын» деген Абай өзін ғарып адамның кейпінде ұстайды. Осы арада әнші Шахаңның, Шахимардан Әбіловтің жүрегі қан болып Абайша жылап, Абайша күңіренген үнімен және сахнадағы бейнесімен  «Абай неге ғарып?» деген ой өз санаңда  жасындай болып жарқ етіп, ойнап  шыға келері бар!  Абайдың ойы мен жан дүниесі:

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім.

Құлағын салмас,

Тіліңді алмас,

Көп наданнан түңілдім!–

деп өз дертін өзі жояр еді.

Көкшетауда  өткен  Шахаңның, Шахимардан  Әбіловтің  «Ой толғау. Хакім Абай» атты монооперасын көріп, тыңдай  отырып, Абайды тану мен Абайды танытудың және де жүрекке жетерлік етудің ең бір ұтымды әдісі осы ма деген ойға келгеніміз бар. Абайдың «жүрегіне терең бойлау үшін» Шахаңның осы монооперасын қазақ түгел тыңдауы керек, көруі керек!

Абайды барша қазақ, әуелі біздің өзіміз тануға тиістіміз! Абайдың ғақлияларын ауызға ала отырып сөйлеумен бірге, Абай даналығымен бой түзейтіндей  дәрежеге жетсек, бұл ұлт мерейі болар еді!

Алдадым, ұрдым, қырдым деп,

Шалықтап, шалқып, шатпай ма?

Қапысын аңдып тұрдым деп,

Қулығын бұлдап сатпай ма?,–

деген Абай хакімнің «Қарашада өмір тұрын» айтқанда әнші Шахаңның тұла бойынан әлдебір ызбарлы кек, өкінішпен өртелген жанының ыстық жалыны өз көрермендерін де шарпығандай әсерде күй кешкеніміз де анық. «Қарашада өмір тұр!» дейді Абай. Сол өмірдің қысы қалтыратып, аязы тоңдырып, үскірік бораны жаныңды қарығандай болары да бар. «Майдағы жұрттың іші – қар» деген Абайдың жаны қалтыраған күйдегі ішкі жалынын Шахимардан Әбілов сөндірмей, алаулатып, одан бетер  қыздырып жеткізе алды. Ән мен әншінің құдіреті бұл!

Абайды білу керек, Абайды тану керек! Абай жалғыз қазақ баласын ғана емес, барша адамзатты адамдықтан адастырмас әлем аспанындағы Темірқазық дей отырып, Шахимардан Әбіловтің монооперасының ширыққан тұсы енді бір сәтте «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық Ай» және «Айттым сәлем, Қаламқас» болып, бұлтты күнгі аспаннан жарқ етіп шыға келген Күн болып, жүректерге жарық та жылы сәуле түсіріп, шуақ болып төгіліп, жан әлемінің тәтті бір күйін шерте жөнелгені бар.

Көрермен де әнмен тербелді, жүректері тебіренді. Әншімен бірге төгілді. Әркімнің іштегі бітпей жүрген жарасы бар ма, соларын әнмен емдеп, жан рахатының күйін кешкен жанарларда от ойнады. Әлде… желсіз түнгі жарық ай… сәулесі суда жүрек болып діріл қаққан және Абай болып әнші Шахаң «есіңде бар ма жас күнің, көкірегің толық, басың бос,
қайғысыз, ойсыз, мас күнің» – деп тұрса,

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау, құрғырлар!, –

деген Абай сағынышымен көңілдер  бір сарғайып, көңілдер бір жасарып та, әркім өз жүрек түпкіріндегі Қаламқасына сәлем айтып тұрғандай болып  еді.

* * *

Шахаң өзін өмір бойы «Мен өте бақытты адаммын!» деп айтумен келеді. Кіндік қаны тамып, туған жері мен өскен мекені Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы қарағайлы орманның арасына қоныс тепкен Арбаиген деген ауыл болатын. Қалың орманның арасына кіріп алып, бар дауысымен айқайлап тұрып өлең айтатын бала Шахимарданның алғашқы сахнасы дала, тыңдаушысы қара орман еді. Әншінің бала кезіндегі қалың орманы, енді бүгінгі   қалың тыңдарманы болды.

Құлынды даласына дейін керіліп жатқан Кереку, Сарыарқаның Қарқаралысы  мен жер шоқтығы Көкшетау аралығындағы иен дала бойы тұнған ән болатын. Сол ән қонды! Әншілік дарыған Шахаң Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып, өзінің дипломдық жұмысын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің атақты «Абай» операсындағы Абай партиясын орындап, қорғап шыққан-ды.

Шахаң өз өмірінің өткен кезеңдері мен өнер жұлдыздары болған асыл ағаларын, ұстаздарын сағынышпен еске алып отырады әркез.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алған жылдары, атақты әнші Ермек Серкебаевтың бір айтқаны санасында әрдайым жаңғырып тұрады. «Шахимардан, сен  бақыттысың!, – деген болатын әнші ағасы. – Біздің өнерімізді көрсетер дер шағымыз Кеңес Одағының дәуірлеп тұрған кезеңіне дәл келді. Ұлттық өнерімізді шетелдерге кеңінен насихаттаудың, танытудың мүмкіндігі көп болмады. Қазақтың классикалық әндерін таныта алмадық. Қазір тәуелсіздік, әлем сахналарында қазақ әндерін еркін шырқар кез енді келді. Ендігі бар үміт өздеріңде!»

Шахимардан  Әбілов қазақ әндерін, соның ішінде, әсіресе,  Абайдың өз ән туындылары мен Абай өлеңдеріне жазылған өзге де композиторлардың туындыларын шетел сахналарында орындап келе жатыр. Абай өз жырымен, өз сырымен, өз үнімен құбылыс екендігін әншінің өзі де мойындап, соны өз еліне де, шет елге де  танытуға үлкен күш-қайрат жұмсап келеді.

* * *

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және үшінші дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, профессор Шахимардан Әбіловтің бұл кешіне қатысқан әлем өнерінің жанашыры Дүйсен Қасейінов және осы моноопераның партиясын өте тамаша орындап, сүйемелдеп отырған халықаралық байқаулардың лауреаты Әлияр Өтетілеу де көкшелік көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Сол кеште әр көрерменнің көңілі Абай рухымен асқақтап, Шахимардан Әбіловтің қоңыр үнімен тербеліп бара жатты.

                                                                    Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
                   жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі,
Ақмола облысының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар