Әкенің шапағаты, ананың мейрімі

Әкеміз Шахма Баймырзаұлы мен шешеміз Күлзира Мағжанқызы ешкімнің ала жібін аттамаған, адам баласына жамандық жасамаған, жастарға білім, тәрбие беру жолында өмір бойы жан аямай еңбек еткен, ағайын-туысқа қадірлі, қоғамға, елімізге еңбегі сіңіп, абырой-атаққа, алғысқа бөленген жандар екендігі көпшілікке жақсы белгілі. Сондықтан да, біз балалары, оларды әрдайым мақтаныш тұтамыз.

Біз кішкентайымыздан әке-шешеміздің біздерді абыройлы-арлы болып өссін деген игі тілекпен айтатын тәлімгерлік үлгі-өсиет сөздерін тыңдап қана қоймай, өздерінің де күнделікті қарапайым тірліктегі іс-әрекеттері мен үлгі-өнегелерін көріп өстік. Бір ғажабы, ол кісілердің сөздері мен істерінің арасында айырма, алшақтық болмайтын. Барды қанағат тұтатын, жоққа өкінбейтін. Күнделікті өмірде тұрмыс-тіршіліктің деңгейі әр жылдарда, әр кезде әртүрлі болуы мүмкін, қазақтар «байлық – қолдың кірі» дейді, біздің шаңырақта да тұрмыс-тіршілігіміз әр кездерде әртүрлі болған шығар, бірақ әке-шешеміздің жан жомарттығы ондай қиындықтарды еш уақытта біздерге сездірген емес.

Сондықтан, бүгінгі күннің биігінен өткен жылдарға, балалық кезге көз салсам, менің де, бауырларымның да балалық шағы шын мәнінде бақытты болыпты, туған шаңырақ, ұшқан ұямыз біздердің бойымызға білім мен тәрбие жағынан алғанда болашақ бүкіл өмірімізге азық боларлықтай ізгілік дәндерін молынан сеуіпті. Әке-шешеміз біздерді өне бойы адалдыққа, адамгершілікке баулыды, ерінбей-жалықпай шыдамдылықпен еңбек ете білуге үйретті, білім де, билік те, жұртшылықтың абырой-алғысы мен сый-құрметі де жатпай-тұрмай іздену, еңбектену, адамгершілік жолынан аттамау арқылы ғана келетінін санамызға мықтап сіңіріпті. Біздер бүгін азды-көпті сый-құрметке бөленіп, әрқайсымыз өзіміз таңдаған салада қолдан келгенше абыройлы болуға тырысып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүргеніміз сол әке-шешеміз берген тәрбиенің жемісі деп білемін.

Әдетте,  балалар әке-шешенің мейірлі жылы сөздерін күнде естіп жүрсе де, ол жөнінде ойланып жатпайды, оны өмірдің заңдылығы ретінде қабылдайды, әке-шешеге арнаған жылы сөздері мен сезімдерін ағынан жарылып, жайшылық кезде айта бермейді. Бірақ, оны да айтатын, айтпай қалуға болмайтын кездер болады. Әкем Шахма мен шешем Күлзира 60 жыл шаңырақ көтеріп, отау тікті. Қазіргі таңда әкеміздің ортамыздан кеткеніне он жыл, Анамыздың кеткеніне бір жыл уақыт болды. Сондықтан, ата-анамыздың тұла бойы тұңғышы, үлкені болғандықтан, іні-қарындастарымның атынан әке-шешемізге деген шын мәніндегі ыстық сезімдерімізді маған білдірудің реті келіп тұр.

Ең әуелі анық білетінім – өмірдің әкемді бала кезінен-ақ басынан сипап, еркелетпегені. 1930 жылы Зеренді ауданына қарасты Қараөткел ауылында дүниеге келген әкем отбасындағы алты баланың бірі екен. Әке-шешесі ұжымшардың қатардағы еңбеккерлері болыпты. Халқымызға өлшеусіз қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін әкесі Баймырза әскерге алынып, шиеттей алты бала ұжымшарда сауыншы болып істейтін шешелері Мәдинаның қолына қарап қалады. Сол кездегі барлық балалар сияқты, әкем де ауылдағы мектепте сабағын оқи жүріп, буыны қатып, бұғанасы бекімегеніне қарамастан, ұжымшар жұмысына білек түріп араласады, соғыстың барлық қиындығын үлкендермен бірге көтереді.

Жеті жылдық мектепті ойдағыдай тәмамдаған әкем сол жылы Көкшетау қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Оны бітіріп шыққан соң Зеренді ауданындағы Интернационал, Қарөткел, Үлгілі, Қошқарбай, Кеңөткел ауылдарындағы мектептерде ұстаз болып жұмыс істейді. Әскер қатарына шақырылып, борышын өтейді, одан қайтып келген соң ұстаздық қызметін жалғастыра жүріп, сырттай оқып, Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады. Сол жылдардан бастап ол 1998 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін 50 жыл бойына табан аудармастан орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді, соның ішінде 35 жыл мектеп директоры болып қызмет атқарды. 1982 жылы ол «Жоғары дәрежелі ұстаз», «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» атақтарына ие болды.

Жаңалық атаулыға елеңдеп тұратын. 1984-1985 оқу жылында әкем басқаратын мектепте республика бойынша балаларды алты жастан бастап оқытатын тәжірибе сыныбы ашылды. 1988 жылы әкем басқаратын білім ордасында тұңғыш рет қазақ тілі мен әдебиетінің республикалық олимпиадасы өтті.

1992 жылы Шахма Баймырзин наурыз айында өткізілген «Жыл директоры» конкурсына қатысып, аудан бойынша жүлдегер, ал облыстық конкурста лауреат атанып, бағалы сыйлыққа ие болды. 1993 жылы жастарға білім беру саласындағы ұзақ жылдардағы сіңірген ерен еңбегі ескеріліп, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды.

Әкемізге 2000 жылы 70 жасқа толған торқалы тойына орай, ұзақ жылдар бойғы оқу-ағарту саласындағы толассыз еңбегі үшін аудандық мәслихаттың шешімімен «Зеренді ауданының құрметті азаматы» атағы берілді, Қазақстан Республикасының Білім министрлігі оны өзінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Еліміздің егемендік алуының 10 жылдығына арналған мерейтойда «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалін ең алғашқылардың бірі болып кеудесіне тақты.

Шешеміз Күлзира Мағжанқызы туралы да ағымыздан жарылып, шын сырымызды ақтарып, тілек-лебізімді білдірудің реті келіп тұр. Анамыздың әкесі Мағжан Омаров жас кезінен комсомол, партия қызметінде болып, тәуір істерімен көзге түскен. Ұлы Отан соғысы жылдарында Есіл аудандық партия комитетінің бірініші хатшысы болып, өзіне тапсырылған міндеттерді адал атқарып, кейін сый-құрметпен зейнеткерлікке шыққан, ағайын-жұртқа қадірлі адам болды. Шешесі Мәриям әртүрлі деңгейдегі кеңес қызметін атқарып, қолынан келгенше қоғамға пайдалы еңбек сіңірді, отбасына, бала тәрбиесіне барынша көңіл бөлді. Осы жерде айтпай кетуге болмайтын жайт, қазақтың атақты классик жазушысы Сәбит Мұқановтың әкесі Мұқан мен біздің шешеміздің туған атасы (әкесінің әкесі)  Омар бірге туған бауырлар. Демек, Сәбит Мұқанов біздің де өте жақын нағашы атамыз болып келеді.

Шешеміз туралы және бір айтар сырымыз – әрдайым әділдігі, турашылдығы, ашық-жарқын, жайдарлылығы. Егер әкемізді біздің үйдің керегесі, уығы, шаңырағы десек, шешем оның іргесін бекем ұстап келген алтын қазығы, шаңырағымызға жайдары көңілінің шуағын аямай төгіп келген асыл ұйытқысы деуге болар еді. Көңілінің кең, дарқандығы арқасында мүмкін болғанынша ағайын-туыстардың басын қосумен, алғыс, құрметтеріне бөленумен келді.

Содан кейін тағдырымызға тәубе деп ризалықпен айтар нәрсе, әкеміз бен шешеміздің бір-біріне сай болып қосылғаны. «Екі жақсы сирек қосылады» десек те, немерелі-шөберелі үлкен әулеттің асқар таудай ата-әжесі болған осынау қадірлі жұптың бүкіл болмысы, мінездері бір-біріне домбыраның қос ішегіндей жараса қатар тартылғаны да қандай ғанибет десеңізші.

Әке-шешеміздің бүкіл болмысы, мінездері бір-біріне лайықты, үйлесімді болуымен бірге, қызметтерінің де қамшының бірге өрілген қайысындай қатар жанасып келгенін айтар едім. Әкем өзі қызмет істеген мектептерде өмір бойы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берсе, шешеміз өне бойы орыс тілінен сабақ берді. Әкемізбен бірге мектепте ұстаз болып қызмет атқарып, бір адамға жететіндей абырой-алғысқа бөленіп, жасының ұлғаюына байланысты зейнет демалысына шықты. Ол кісі 70-ке толғанда Қазақстан Республикасының Білім министрлігі әдейлеп өзінің Құрмет грамотасымен марапаттауы шешеміздің ұзақ жылғы ұстаздық жемісті еңбегіне берілген әділ баға деп білемін.

Көзі тірісінде әкеміздің бар жағдайын жасап, бір шаршаған емес. Қабақ шытысып, ұрсысқандарын көрген емеспіз. Әкемізді жыл сайын Қара теңізге, Сарыағашқа демалыс орындарына жіберіп, өзі бала-шағамен үйде қалатын.

Сондай-ақ, анамыз Баймырзиндар әулетіне тастай батып, судай сіңген киелі келін болды десем қателеспеймін. Қайын жұрты анамыздың «Аптайдың биляші-ай» деп таңдайларын қағып отыратын. Көңілінің кең, дарқандығы арқасында мүмкін болғанша ағайын-туыстардың басын қосумен, алғыс, құрметтеріне бөленумен келді.

Шешеміз әкеміздің киіміне ғана емес, өзіне де өмір бойы шаң жуытпаумен келді. Әкемізді ер-азамат, шаңырақ иесі, әулетіміздің басы деп сыйлайтын. Бізге де өне бойы соны үйретумен болды. Кейде әкемізге «тым қатал талаптар қояды» деген сияқты өкпе-реніш білдіретіндей ыңғайымыз байқалса, «оның айтқаны әбден дұрыс, сендер елдің жақсы азаматы болса дейді, егер сендер жинақы, үлгілі болып жүрсеңдер, мектептегі қалған оқушылар да сендерге қарап бой түзейді» деген сияқты сөздер айтып, біздерді сабамызға түсіретін.

Осындай мінезімен, қылығымен шешеміз әкеміздің де, өзінің де абыройын өне бойы асырып отыратын. Біздерді жинақылыққа, ұқыптылыққа, үлкен мақсаттарға ұмтылуға баулып, өзімізге-өзіміз талап қойып, сын көзбен қарауымыз керек екенін өмір бойы айтудан жалыққан емес. Шешеміз күйеу балаларын, келіндерін қадірлеп ұстайтын, өз балаларынан кем көрмейтін.

Бір қызық жері, шешемнің жады, есте сақтау қабілеті өте мықты болатын. Өмірі ештеңені ұмытпайтын. Адамдардың аттары, өткен-кеткендегі әртүрлі жағдайларды айтпағанда, телефондардың нөміріне дейін ұмытпай, есінде сақтап жүретін.

Ата-әжесінің жүректерін толқытқан немере-шөберелерімен де қарым-қатынастары ерекше болатын.  Аталарының ақылы оларға ақ пен қараны ажыратуға, ана тіліне құрметпен қарауға, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсетуге, маңдай тері сіңген еңбектің дәмі тіл үйіретінін ұқтыруға үлкен әсерін тигізсе, әжелерінің қамқорлығы, үйреткен ісі, әжелік тәрбиесі өмір жолында сарқылмас дария, таптырмас бұлақ болды. Өмірде көрген-түйгені мол әрі тұла бойы махаббатқа тұнған ата мен әженің берген іліміне ештеңе жетпейді ғой, шіркін…

Халқымызда «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» деген терең мағыналы тәмсіл сөз бар. Расында да, адамдар күш-жігері тасыған жастық шағында жарқылдап өмір сүріп, аянбастан еңбектенсе, ал, қартайған шағында еңбегінің зейнетін көріп, ешқандай мұқтаждыққа ұрынбай, бала-шағасының ортасында, немере-шөберенің қызығын көріп, рахаттанып өмір кешсе, одан асқан бақыт бар ма. Өздерінің бүкіл өмірін шәкірттерді баулуға арнап, абырой-атаққа бөленген біздің ата-анамыз да осындай бақытты жандар деп білеміз. Олар өздері жан-жақты білім-тәрбие беріп, әлпештеп өсірген үш ұлы мен төрт қызының, олардан тараған бір қауым немере-шөберелерінің ортасында, жапырақ жайған, мәуелі, үлкен әулеттің діңгегі болған сыйлы қариялар. Олар біздерді жарық дүниеге әкелген жаратушыларымыз ғана емес, қиын сәттерде күш-қуат берген, сүйеніш болған асқар таудай тірегіміз, желеушіміз, жебеушіміз, демеушіміз бола білді. Ата-анамыз бізбен бақытты болды деп ойлаймыз, біз олармен бақытты болдық.

Біздер, ұлдары мен қыздары, немере, шөберелері алпыс жыл бойына бір-бірінің көңілін қалдырмай, сыйласумен, қадірлеп-қастерлеумен өткен әкеміз Шахма мен шешеміз Күлзираның мағыналы, ғибратты өмір жолына сүйсіне, қызыға қараймыз. Көпке кеңінен таралған әнде айтылып жүргеніндей, кетсек те жүзге толып, олардың алдында қарыздар екенімізді біз жақсы білеміз.

Ата-анамыздың жарқын бейнелері мәңгі жадымызда сақталады. Амал дәптерлері оң жағынан ашылсын деп тоқсан ауыз сөздің түйінін әкеміздің сөздерімен аяқтағым келеді:

Ұрпағымды құдай өзі қолдасын,

Қайғысы мен қасіреті болмасын.

Бәтуәлі ғұмыр кештім баянды,

Сол ғұмырды енді солар жалғасын.

Мен салған жол ерте үзіліп қалмасын!..

Еркін БАЙМУРЗИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар