Бір мақсат, бір мүдде жолында әрқашан біргеміз

Ақмола облысында жергілікті ұлт өкілдерімен қатар жүзге тарта этнос өкілдері бір шаңырақ астында бірлік пен татулықта, сыйластық пен достық қарым-қатынаста өмір сүріп, ел дамуына елеулі үлестерін қосуда. Солардың қатарында неміс ұлтының өкілдері де бар. Бір кезде ауыр жағдаймен қазақ даласына келіп, осындағы жергілікті халықтың жылы пейілін көрген біз бұл елге де, жерге де әрқашан қарыздармыз.

Қазақстан халқы ассамблеясының Ақмола облысындағы мүшесі ретінде әлемде теңдесі жоқ осы институттың 30 жылдық мерейтойымен барша ақмолалықтарды құттықтаймын! Еліміздің дамуы мен өркендеуі жолында біздің немістер қауымдастығының да орны ерекше екендігін айтқым келеді.

«Wiedergeburt» қоғамы Қазақстандағы неміс қауымдастығының мәдени дәстүрлерін сақтап, дамыту, сондай-ақ, Ақмола облысында тұратын немістердің өз ұлтының мәдениеті мен тілін ұмытпаулары үшін, оларды қолдау мақсатында құрылды. «Wiedergeburt» сөзі неміс тілінен «жаңғыру» деген мағынада аударылады. Бұл атау немістер қоғамдастығы өмірінің мәдени және әлеуметтік аспектілерінің жаңғыруын және оның Қазақстан қоғамына үйлесуін білдіреді.

Аталмыш немістер қоғамы басқа да ұйымдармен бірлесіп, түрлі іс-шаралар өткізеді, ұлттық мерекелер мен атаулы күндерді атап өтеді. Сондай-ақ, қоғам мүшелері түрлі қайырымдылық акцияларына белсенді қатысады.

Біздің қоғамдық бірлестік Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясында аккредиттеуден өткен. «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратында немістер бірлестігінің кабинеті бар, бұдан басқа, жастарға арналған білім беру, спорттық-сауықтыру, бос уақытты өткізу іс-шараларын іске асыратын «Zodiak» неміс жастар клубы жұмыс істейді, сондай-ақ, «Гитарен брюм» вокалдық тобы бар. Облыстағы білім беру ұйымдарымен бірлесіп, оқу орындарында неміс тілін оқыту жайы жолға қойылған. Сонымен қатар, Атбасар қаласында немістерді қарсы алу орталығы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді, онда неміс тілі балалардан бастап ересектерге дейін тегін оқытылады. Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылында біраз жылдардан бері балалардың тілдік курстары жүргізіліп келеді.

Өткен жылы қоғамдық бірлестік Ассамблеяның «Ел бірлігі», «Елтану», «Бірлігіміз әралуандықта», «Тұлғатану» сияқты жобаларын іске асыруға белсенді қатысты, сондай-ақ, «Қайырымдылық керуені», «Жүректен жүрекке» секілді қайырымдылық акцияларын қолдады. Сонымен қатар, «Wiedergeburt» неміс қоғамы «Өңірлердегі тілдік жұмысты қолдау», «Кездесу орталықтарының желісі», «Неміс жастар клубы», «Қазақстанның мұқтаж немістерін критерийлерге сәйкес әлеуметтік-гуманитарлық қолдау» және «Авангардты» қалыптастыру» секілді жобаларды іске асыруда.

Біздің қоғамдық бірлестік Қазақстандағы неміс қоғамдастығының мәдени мұрасын сақтауда маңызды рөл атқарады және осы қоғамдастық өкілдерінің қазіргі қазақстандық қоғамға интеграциялануына ықпал етеді. Бүгінде ол Ақмола облысындағы мәдени өмірдің, әлеуметтік қолдаудың және этносаралық үйлесімділіктің маңызды орталығына айналды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығында қоғам өз жұмысының арқасында бір елде тұратын этностар арасындағы көпмәдениеттілікті дамытуға және достықты нығайтуға елеулі үлес қосуды жалғастыруда.

Светлана КОРНЕЕВА,
«Wiedergeburt» Ақмола облыстық немістер қоғамы» қоғамдық
бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар