23 сәуір – Ұлттық кітап күні. Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында берген тапсырмасына байланысты белгіленді.
«Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деді Президент осы отырыста сөйлеген сөзінде. Қаулы 2024 жылғы 16 шілдеден бастап қолданысқа енді. Биыл алғаш рет аталып өтіп отыр.
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпақшы, кітап жансарайыңды байытар асыл қазына. Иә, Қазақстанның мерекелік күнтізбесі тағы бір жаңа мерекемен толығып отыр. Енді жыл сайын 23 сәуірде Ұлттық кітап күнін атап өтетін боламыз.
Ұлттық кітап күні халқымызды озық ойлы ұлтқа айналдырады. Аталмыш мерекеге орай, Көкшетау қалалық электронды кітапханада «Кітап жансыз, бірақ шынайы дос» тақырыбында «Кітапхана түні» өтті. Мұндағы мақсат – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастырып, оқырманды кітап оқуға тарту. Оның төте жолы кітап оқу десек, кітап оқуға ынтаны арттыру үшін өткен мұндай шараның осыған ықпалы зор болмақ. Бұл игі шара кітапқұмар оқырманның көбеюіне әсер етері сөзсіз.
Қалалық электронды кітапхана төріне жиналған оқырмандар түнгі кітапхананың әдемі көрінісіне тәнті болды. Ұлттық киімдегі кітапханашылар, түрлі жанрдағы кітаптар, музыкалық ахуал, брайл жүйесімен жазылған кітаптар, кофе-брейк, домбыра мен гитара арқалаған жастар кештің шырайын енгізді.
Кітапхана төріне жиналған студент-жастар, оқушылар мен басқа да оқырмандар өздерінің сүйікті кітаптарын, кітап ішінде ойды, кейіпкерлерді жарыса баяндап, сол кітаптың өміріне, қоғамға қалай әсер еткені жайлы ой бөлісті. Қалалық Бірлік үлгілі кітапханасының ұжымы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арнап көрме ұйымдастырып, сахналық көрініс көрсетсе, қалалық қазақ үлгілі кітапханасы Абай бұрышын таныстырып, бала Абай мен әжесі Зеренің образын сомдады. Басқа кітапханалар да өз өнерлерін ортаға салды. «Темірқазық» әдеби-мәдени клубының мүшелері белгілі қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып, осы уақытқа дейін қалалық электронды кітапханада өткен кітап байқаулары, кітап оқу марафондары, кітап талқылаулары жайлы ойларын ортаға салды. Қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен жас ақын Берденбек Мырзат арнау айтып, күй шертіп, ән шырқады. «Гүлдер-ай» әжелер тобы да кешке әсем әннен шашу шашты. Осылайша кітап кеші ұзақ уақыт бойы есте қаларлықтай әсерлі өтті.
Нұрлан ОЛЖАБАЙҰЛЫ,
Көкшетау қалалық электронды кітапханасының меңгерушісі.