Әкім – іс үстінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мемлекеттік органдар өкілдерінің, мәслихат депутаттарының және мердігер ұйымдардың қатысуымен Қосшы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Өңір басшысы Қосшының заманауи әрі жайлы қалаға айналуына барлық алғышарттардың бар екенін атап өтті.
– Қосшы – облыстағы ең қарқынды өсіп келе жатқан қалалардың бірі. Халық санының артуы, жаңа шағын аудандардың дамуы, инфрақұрылымға және қызметтерге деген сұраныс билік тарапынан тың тәсілдер мен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Өткен жылдың тамыз айында Мемлекет басшысының облысқа жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларына сәйкес, бүгін біз атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді белгілеп отырмыз, – деді Марат Ахметжанов кеңесте сөйлеген сөзінің барысында.
Кездесу қатысушылар басым бағыттар мен өзекті мәселелерді талқылады, сондай-ақ, салалық ведомство басшылары мен қала әкімі Азамат Қапышевтің есебін тыңдады.
Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова Қосшы қаласында бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс, ауыл шаруашылығы және негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоспарлы көрсеткіштердің орындалмағанын хабарлады. Сонымен қатар, бюджеттің орындалуы мен салық түсімдері бойынша деректер жарияланды.
– Жалпы оң серпін байқалғанымен, қалада әлі де резервтер бар. Мысалы, салық тіркеу орнын өзгерткен заңды тұлғаларды өңірге қайта тарту жұмысын күшейту қажет. Бұл бағытта жұмыстар басталды, бірақ әзірге күткендегідей нәтиже жоқ, – деді А.Шүгірмақова.
Инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамыту шаралары жөнінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бақытжан Сапар баяндама жасады. Ол қалада бизнесті дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін неғұрлым тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев қаланың даму қорытындылары мен болашағы туралы айтып берді. Ол Қосшының облыс экономикасындағы үлесі негізгі көрсеткіштер бойынша 7-13 пайыз аралығын құрайтынын, бұл қаланың даму қарқынының жоғары екенін көрсететінін атап өтті.
Кеңес соңында Марат Ахметжанов су, газ және электрмен жабдықтау бойынша инфрақұрылымдық жобаларды жедел жүзеге асыруды, сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
– Басты мақсат – есеп беру емес. Біз қаланың тұрғындары нақты сезінетін шынайы нәтижеге қол жеткізуіміз керек, – деп түйіндеді облыс әкімі.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.