21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні
Қай елдің мәдениеті мықты болса, сол елдің еңсесі биік, рухы жоғары болады. Себебі, мәдениет – адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дами түседі. Елімізде 2013 жылдан бері 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні ретінде аталып өтіліп келеді. Бұл шығармашылық адамдарына деген құрметтің белгісі және сала қызметкерлері үшін ерекше қуанышты күн деп білеміз.
Ән мен жырдың киелі ордасы атанған Ақмола өңірінде мәдениет саласы жыл өткен сайын дамып, өркендеп келеді. Бүгінде облыс аумағында 618 мәдениет нысаны жұмыс істейді. Олардың 594-і мемлекеттік мекемелер. Өңірдегі бұл нысандардың 247-сі клуб, 329-ы кітапхана, 13-і мұражай, 2-еуі театр және бір-бірден филармония, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталықтары болып табылады. Бұл мәдени ошақтар тиісті мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлар аясында өңір тұрғындарының мәдени жан-дүниесін байытып, рухани азық алулары жолына елеулі үлестерін қосуда.
Абылай хан орда тігіп, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай секілді дүлдүлдерге мекен болған киелі Көкше жері биыл мерейтойлық даталарға толы болып отыр. Ақмола облысының атақты тұлғалары мен қоғам қайраткерлері Ілияс Есенберлин, Мәлік Ғабдуллин, Жұмабек Тәшеновтың 110 жылдығы, Шығыстың аққан жұлдызы атанған Шоқан Уалихановтың 190, қазақ әдебиетінде ерекше орыны бар әнші, сал-сері, сазгер Үкілі Ыбырайдың 175, Тәттімбет Қазанғапұлының 210, Абай Құнанбайұлының 180, Нұрғиса Тілендиевтің 100, Еркін Әуелбеков пен Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдықтары, Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының, Ассамблеясының 30 жылдықтары және мәдениет ұйымдарының мерейтойлары аталып өтілуде. Осы орайда, облыста ауқымды жобалар жоспарланған. Атап айтсақ, мерейтойлық даталар аясында 1 халықаралық, 1 республикалық, 4 облыстық, 4 аудандық деңгейде барлығы 10 ақындар айтысы, 2 халықаралық театр фестивалі, 12 дәстүрлі әншілер мен жыршы-термешілердің өнеріне арналған фестиваль-байқаулар, 5 ғылыми-практикалық конференция, республикамыздың басқа облыстарына апаратын 10 жылжымалы көрме, 20-дан астам әдеби кештер, 100-ден астам кітап көрмелері мен телекөпірлер ұйымдастырылмақшы.
Жыл басынан бастап, данышпан ақын, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған аймақтық «Бала ақын – жас дарын» оқушылар айтысы, облыстық «Жас батыр» байқауы, «Ой толғау. Хәкім Абай» атты Халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Шахимардан Әбіловтың монооперасы, өткізілді, соңғысы Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығына да арналды. Хан Абылай Үш жүздің басын қосқан қасиетті мекен Бурабайда өткен биылғы ІV Ұлттық құрылтайға келушілерге ақмолалық өнерпаздардың қатысуымен мазмұнды да тартымды, ұлттық өнеріміз кеңінен қамтылған концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ, Қосшы қаласында республикадағы алғашқы көпфункционалды комьюнити-орталық – халықаралық стандарттарға сай салынған ауқымды мәдени-спорттық кешеннің тұсау кесері өтті. Ш.Уәлихановтың 190 жылдығына және Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай, «Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасы және өлке тарихының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, оған Астана қаласы, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарынан келген және көкшетаулық ғалым тарихшылардың, археологтардың зерттеуші, этнограф, шығыстанушы, тарихшы Шоқан Уәлихановтың әлемдік тарихқа қосқан зор үлесі туралы баяндамалары ұсынылды. Сол сияқты атаулы күндер мен басқа даталарға байланысты түрлі жобалар мен бағдарламалар да жоспар бойынша өткізіліп келеді.
Мемлекет басшысы осыдан бес жыл бұрынғы Жолдауында балаларды бұқаралық спорт түрлеріне белсенді тарту, сондай-ақ, балалар клубтарының қызметін жандандыру міндетін қойған болатын. Содан бері бұл бағыттағы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асырудың төрт жылы ішінде 3,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, игерілді. Балаларды шығармашылық үйірмелермен қамту бойынша жұмысты одан әрі жалғастырып келеміз, 2025 жылы 9 мың баланы осындай клубтармен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда бұл бағытта мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша 69 ұйым қызмет көрсетіп, оларда 277 үйірме жұмыс істейді және онда бүгінде 8500 бала шығармашылық үйірмелерге қатысуда. Балалардың үйірмелерге қатысу белсенділігіне байланысты талдауларға сәйкес кескіндеме, би, вокалдық, аспаптық үйірмелер, актерлік шеберлік, оқу және сәндік-қолданбалы өнер үйірмелері үлкен сұранысқа ие. Үйірмелерде шұғылданатын балалар өңірдің мәдени өміріне, Ақмола облысының аудандары мен қалаларындағы мерекелік және мерейтойлық іс-шараларға ғана емес, сондай-ақ, республикамыздың аумағындағы және халықаралық іс-шараларға белсенді қатысады.
Сонымен бірге, облыстық мәдениет басқармасы еліміздің 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасын іске асыруда. Тұжырымдаманың тарихи мәдени мұра бағытына тоқталсам, Ақмола облысының аумағында 1780 тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Оның 1239-ы археология, 533-і қала құрылысы және сәулет ескерткіштері болса, 8-і табиғи ландшафт. Осылардың ішінде алтауы республикалық, 1037-сі жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Былтыр «Жошы Ұлысының 800 жылдығы» аясында Зеренді ауданының Алтынтау IX қорымында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде мойынға тағатын аспалы қола айна табылғаны белгілі. Сол сияқты, Сандықтау ауданында қорғау-құтқару жұмыстары кезінде болжам бойынша түркі кезеңіне жататын діни жоралғыларды өткізуге арналған ғибадат орны болып саналатын орында «Тастағы адамның бедерлі бейнесі» анықталды. Ал, Бурабай ауданында сақ кезеңі қорымы – «Абақай сақ ғибадатханасы» аумағында қорғау-құтқару жұмыстары жүргізілді. Облыстың 400-ден астам тарих және мәдениет ескерткіштері QR-кодтармен жабдықталған. 3D-турлар және 45 қасиетті нысан бойынша бірқатар шолу бейнероликтері әзірленді. Ғылыми-зерттеу қызметі аясында облыстың тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D үлгілерін жасау бойынша Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетімен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде.
Облыс аумағында ЮНЕСКО-ның тізіміне енген 13 элемент және Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық тізіміне енген мұралар бойынша кең көлемді түгендеу жұмыстары қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда оларды кешенді қорғау, сақтау, насихаттау бойынша нақтылы кешенді іс-шаралар жоспары әзірленуде. Бұл бағыттағы жұмыс басқарма тарапынан 2021 жылдан басталды. Ақмола облысының 12 ауданына материалдық емес мәдени мұраларымызды жинау, сақтау, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде «Ақмола облысының материалдық емес мәдени мұрасы» еңбегі жарыққа шықты.
Ағымдағы жылы мәдениет нысандарының инфрақұрылымын дамытуға және жаңартуға 3740,2 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында 400 орынға арналған аудандық мәдениет үйі, Аршалы ауданының Аршалы кентінде 300 орындық мәдениет үйі мен Жібек жолы ауылында демалыс сауықтыру орталығы, Ақкөл ауданының Азат, Астрахан ауданының Первомайка, Бұланды ауданының Никольск, Вознесенка ауылдарының мәдениет ошақтары, Бурабай ауданының Қатаркөл, Кенесары ауылдарындағы клубтар, Степногорск қаласының Қарабұлақ селосының мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізіледі және олардың біразы биылғы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Сол сияқты Бұланды ауданындағы Қараөзек ауылының мәдениет үйі қайта жаңғыртылса, Аршалы ауданындағы Анар, Есіл ауданындағы Свободное, Целиноград ауданындағы Жаңаесіл, Бурабай ауданындағы Ұрымқай, Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылдарының, Шортанды ауданындағы Жолымбет кентінің мәдениет нысандарында жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ал Ақкөл ауданының Ақкөл қалалық саябағына күрделі жөндеу жүргізілсе, Ақмола облыстық орыс драма театрының екі кабельдік желісіне ағымдағы жөндеу жоспарлануда.
Жалпы, облыстың мәдениет және өнер саласында 3300-ден астам адам жұмыс істейді, олардың 1611-і шығармашылық қызметкерлері. Өңірдің мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткерлеріміздің ішінде Жібек Бағысова «Қазақстан Республикасының Халық әртісі атағы мен «Парасат» орденінің иегері. Сонымен қатар, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына облыстың 2 өнерпазы ие болса, «Құрмет» орденімен 3 адам марапатталған. «Ерен еңбегі үшін» медалі 3 шығармашылық иесіне берілсе, мәдениет пен өнер саласына бар ғұмырын арнаған 7 адам «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанған. Ал, «Мәдениет үздігі» төсбелгісіне өңірдің 108 өнерпазы ие болып отыр. .
Өңірдің мәдениеті мен өнерінің одан әрі жақсарып, рухани кемелденуі жолында халықты өрелі өнерімен сусындатып, игі дәстүрлерді жалғастырып келе жатқан сала қызметкерлерін, әріптестерімізді осынау айтулы кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің мәдени әлеуетін дамытуға қосып келе жатқан ересен еңбектеріңіз жана берсін. Шығармашылық биігінен көріне берулеріңізге тілектеспін!
Айгүл СӘБИТОВА,
Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы.
![]()

