Жолың болсын арман қуған, жас түлек!

Соңғы қоңырау

Кеше Ақмола облысының барлық мектептерінде биылғы оқу жылының аяқталуына байланысты соңғы қоңырау соғылып, оның әсем сыңғырымен мектеп бітіруші түлектер алтын ұя мектебімен қоштасты.

 Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан АйтпаевЦелиноград ауданы Қабанбай ауылында жыл басында пайдалануға берілген жаңа мектепте осы салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған бұл мектепте бүгінде барлығы бір мыңға жуық оқушы білім алуда. Биылғы оқу жылында аталмыш оқу ордасын 35 оқушы тәмамдап отыр. Олардың алтауы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер.

– Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Ел жастарына сапалы білім мен жан-жақты даму үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып келеді. Міне, бұл жаңа мектеп соның айқын айғағы. Еліміздің болашағы білімді де, саналы ұрпақтың қолында. Әрқайсыңыздың армандарыңыз орындалып, еліміздің жарқын келешегіне үлес қосасыздар деп сенім білдіремін, – деді салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биылғы оқу жылында облыс бойынша тоғыз мектеп пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде облыс орталығындағы оқушылар тығыздығын 1,5 есеге, Целиноград ауданында 8 есеге дейін азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, кеше өңірдің барлық жалпы білім беретін мектептерінде 11 сыныпты аяқтаған түлектер үшін «Білімім – Отаныма!» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.

– Биыл облыстағы 536 мектепте 140 мыңға жуық оқушы білім алды. Оның ішінде 13 890 оқушы 9-сыныпты, ал, 5953 оқушы 11-сыныпты аяқтады. Осы мектеп түлектерінің 347-сі – «Алтын белгіге», 402-сі – үздік аттестатқа үміткер.

Жыл бойы өткізілген республикалық және халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында ақмолалық оқушылар 257 медаль иеленді. Оның ішінде 57 оқушы халықаралық сайыстардың, ал, 175 оқушы республикалық зияткерлік жарыстардың жеңімпаздары атанды. Бұл  соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Соның ішінде, Үндістанда өткен First Global Challenge робототехника чемпионатында біздің команда екінші орын алып, 15 күміс медальмен оралды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар