Медаль көп! Демек, үміт артар жас дарындарымыз да мол

Үкілі үміт

Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың қатысуымен «Bolashaq saraiy» ғимаратында Ақмола облысының жас дарындарын  – халықаралық және республикалық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті.

2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларға облыстан 110 оқушы қатысып, олардың 57-сі жүлдегер атанды. Атап айтқанда, 25 күміс және 32 қола медаль жеңіп алдық. Республикалық деңгейдегі жарыстарға 413 оқушы қатысып, 186 оқушы жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Сөйтіп, олар 49 алтын, 45 күміс, 92 қола медаль және 44 мақтау қағазына ие болды. Облыстық кезеңде 2854 қатысушының арасынан 1061 оқушы жеңімпаз атанып, 212 алтын, 337 күміс, 512 қола медаль және 152 құрмет грамотасымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінің негізгі мақсаты жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту, Қазақстанның болашақ ғылыми элитасын қалыптастыру, сондай-ақ, дарынды балаларды қолдау мен ынталандыру болып табылады. Бұл туралы Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты шараға республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарған 9-11 сыныптың 70 үздік оқушысы қатысты. Барлық қатысушыларға 60 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі номиналдағы естелік сертификаттар табысталды.

Іс-шара барысында қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова аймақ басшысы Марат Ахметжановтың атынан шынайы алғысы мен ақжарма тілектерін жеткізді.

– Сіздер бүгінгі таңда халықаралық және республикалық олимпиадаларда өңіріміздің абыройын асқақтатып, білімдеріңізбен жарқын нәтижелерге жетіп отырсыздар. Білім – жаңа дәуірдің айнасы, – деді Алтынай Әміренова.

Жас зияткерлерге бұрынғы түлектердің шабытты сөздері ерекше серпін берді. Атап айтқанда, облыстық аурухананың хирургі, «Дарын» лицейінің түлегі Жамбыл Қабдрашитов пен қазіргі таңда АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінде «Кванттық физика және кванттық материалдар» мамандығы бойынша PhD бағдарламасымен білім алып жүрген «Білім-инновация» лицейінің түлегі Тағай Жеңісбек өз жетістіктерімен бөлісіп, оқушыларға алға ұмтылудан жалықпауға кеңес берді.

Марапаттау рәсімі өңірдегі жас таланттардың еңбегін мойындаудың айқын көрінісі әрі адами капиталға салынған инвестицияның маңызын еске салатын мазмұнды шара болды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар