Арнасай мен Алтындыда — жаңа емдеу мекемелері

Әкім – ел ішінде

Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды құру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Аршалы ауданының Арнасай ауылында дәрігерлік амбулатория және Бұланды ауданының Алтынды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.

Бұл нысандар елге қайтарылған активтер есебінен салынған. Осы мақсатқа арнаулы мемлекеттік қордан 295 миллион теңге бөлінді. Арнасай ауылындағы дәрігерлік амбулатория осы төңіректегі Елтоқ, Қойгелді, Бабатай станциясы мен 42-разъезд секілді елді мекендерде тұратын 2 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін болады. Жалпы ауданы 450 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат бір ауысымда 45 келушіні қабылдай алады.

Алтынды ауылында ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт Алтынды, Боярка, Алакөл, Жаңаталап және Елтай ауылдарында тұратын бір мыңға жуық адамға алғашқы медициналық көмек көрсететін болады.

Аталған медициналық мекемелер толықтай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Атап айтқанда, оларда ЭКГ аппараты, дефибрилляторлар, физиотерапия және оңалту құрылғылары орнатылған. Бұл ауыл тұрғындарына сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаңа медициналық нысандарды Қазақстан Республикасының Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевпен және Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовпен бірге барып көрді.

Өңір басшысы бұл нысандардың ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттырудағы маңыздылығына тоқталды.

– Мұндай нысандардың құрылысы – халқымыздың денсаулығына салынған инвестиция. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында ауыл тұрғындарына аурудың алдын алу және емделу үшін қолайлы жағдай жасалуда. Бұл ауылдық елді мекендердегі өмір сапасын жақсартуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі, – деді Марат Ахметжанов.

– Ақмола облысында жалпы саны 33 әлеуметтік жоба іске асырылады. Оның ішінде 10 жоба – медициналық нысандар. Қайтарылған активтердің мақсатты жұмсалуын қадағалау – прокуратура органдарының негізгі міндеттерінің бірі. Әр қайтарылған теңге Қазақстанның дамуына қызмет етуі керек, – деді Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағдарламасы аясында Ақмола облысында 38 нысан салынуы тиіс болса, оның 28-і бүгінде іске қосылған. Осылайша, медициналық қызмет сапасына ерекше назар аударылуда.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет бірқатар  әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын елге заңсыз шығарылған активтерді қайтару арқылы жүзеге асыруда. Қазіргі таңда өңірде тағы 3 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 1 медициналық пункттің құрылысы қолға алынып отыр.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

сурет: www.gov.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар