Сурет өнеріне бейімі барларды шыңдаған

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қабырғасында бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша мұғалім кадрлары даярлана бастағанына 40 жыл толыпты. Түсінген жанға бұл да жоғары оқу орны өміріндегі айтулы бір белес.

Сондықтан, осы атаулы күнге орай, білім ордасының қара шаңырағында мерекелік шара ұйымдастырылып, университет ректоры Марат Сырлыбаев факультет оқытушылары мен түлектерін осы айтулы оқиғамен құттықтай келе, кафедраның негізін қалаған ардагерлерге Алғыс хаттарын табыс етті.

Университеттің қабырғасында бейнелеу өнері және сызу мамандығының оқытыла бастағанына қырық жыл толуы біле білсек, жай ғана уақыт аралығы емес, педагогикалық ізденістер мен жетістіктер, ондаған жылдар бойғы еңсерілген шығармашылық жол, қалыптасқан жарқын тұлғалар мен көзь қызықтырған көрнекті жұмыстар. Алғашқы құттықтау сөзді алған университет ректоры Марат Сырлыбаев факультеттің  оқытушылары мен аталмыш кафедраның бастауында тұрған ардагерлерге алқаулы ақ алғысын жеткізіп, шығармашылық жолындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді. Марапаттау рәсімінде осындай мамандық оқытылады деген шақта жаңа істің қалыптасуына белсене атсалысқан Қайролла Қамбаровтың елеулі еңбегін ерекше атап өтіп, оған 100 мың теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен бірге, Серікхан Мәдіғалиев, Төлебай Шериязданов, Татьяна Коваленок, Ұлболсын Ахмедова, Нелли Погнеребколар да ректордың Алғыс хатына ие болды.

Бейнелеу өнері және сызу бөлімінің негізін қалаушылардың бірі, педагогика ғылымдарының кандидаты Қайролла Идаятұлы өз кезегінде жиналған қауымға факультеттің құрылу тарихы, қажетті материалдар базасын қалыптастыру жолындағы қиындықтарды қалай еңсергендері туралы жан-жақты әңгімелеп, бірге еңбек еткен пікірлес әріптестерінің жанкешті жұмыстарын тілге тиек етті. Сөзінің соңында факультет  оқытушылары мен студенттеріне шығармашылық табыс, мол ізденіс тіледі. Сонымен бірге, салтанатты шарада Қазақстанның білім беру ісінің қайраткері, Ұлттық дизайн академиясының академигі Серікхан Мәдіғалиев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Сәулет және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Төлебай Шериязданов та құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Азырақ бейнелеу өнері және сызу кафедрасының тарихына бойласақ, ол 1985 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетінің бөлімшесі болып құрылды. Бүгінде факультеттің жетекші кафедраларының біріне айналған, сол кездегі бейнелеу-графика бөлімшесінің бастауында жоғарыда атап өткеніміздей, бүгінде жасы тоқсанға таяған Қайролла Қамбаров тұр. 1991 жылы бөлімше кеңеюіне байланысты «Сызу және қолданбалы өнер» және «Кескіндеме» атты екі кафедраға бөлінеді. 1997 жылы бейнелеу-графика бөлімшесі бейнелеу-графика факультетіне айналған. Факультет деканы болып Қ.Қамбаров тағайындалыпты. Содан кейін бірнеше мәрте құрылымдық өзгеріске түсіп, түрлі факультеттер құрамында болып, бүгінде туризм, спорт және дизайн факультетінің бір кафедрасы ретінде студент жастарға білім беруде. Қазіргі уақытта кафедра сән, ішкі дизайн және өнеркәсіптік дизайн, дизайн және компьютерлік графика, көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау, көркем еңбек және жобалық графика бағыттарында білім беруде.

Бүгінде кафедрада жақсы материалдық-техникалық база қалыптасқан. Сурет, кескіндеме, композиция, мүсін және пластикалық анатомия бойынша оқу шеберханалары арнайы жабдықтармен, сондай-ақ, гипстік және натюрморт қорымен жабдықталған. Сәндiк-қолданбалы өнер және тiгiн iсi шеберханасы, ағаш өңдеу және металл өңдеу шеберханалары, компьютерлiк сынып бар, бай кiтапхана жинақталған, мерзiмдi арнайы әдебиет қоры жыл сайын жаңартылып отырады.

Қазіргі уақытта кафедра құрамына педагогика ғылымдарының бір кандидаты, Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының үш мүшесі, Еуразиялық дизайнерлер одағының төрт мүшесі, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының екі мүшесі кіреді.

Жалпы, салтанатты шарада жас студенттерді бейнелеу өнері мен сызу мамандығына баулыған алғашқы педагогтар Татьяна Коваленок, Ұлболсын Асқарова, Дәуіт Тоғайұлы, Нелли Погнеребко да сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді. Сахнадағы мұрағаттық фотосуреттерден жиналған қауым өткен күндердің сағынышқа толы сәттерін еске түсірді. Сондай-ақ, факультеттің айтулы, танымал түлектері туралы баяндалған слайдта, жиналған жұртшылыққа олардың жетістіктері паш етілді. Осындағы бейнелеу өнері және сызу кафедрасынан білім алып шыққан түлектер қатарында елімізге танымал суретшілер, мүсіншілер, дизайнер-шеберлер жетерлік. Олардың қатарында Манарбек Бұрмағанов, Александр Трофимов-Черный, Қанат Жүнісов, Әділбек Ғабдуллин, Дужан Мағзұмов, Юлия Желабкова, Рүстем Шәріпов, Наталья Острижная, Ринат Әбенов, Владимир Быстрицкий, Рустам Яковлев, Әсемгүл Қалиақпарова және тағы басқаларын атап өтуге болады.

Салтанатты шара соңы ашық микрофонға ұласып, кафедра түлектері өздерінің жылы лебіздері мен естен кетпес естеліктерімен бөлісті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар