Әкім – ел ішінде
Қосшы – тұрғындар үшін қолайлы, заманауи әрі жайлы қалаға айналуы тиіс.
Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласының халқымен өткен есепті кездесуінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 26 шілдеде біздің облысымыздағы Қосшыға облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы уақыт аралығында елді мекен қарқынды дамып қана қоймай, Астананың агломерациясын дамытудың кешенді жоспары мен Қосшы қаласының Бас жоспары жасалды.
Халықпен есепті кездесуі барысында облыс әкімі тұрғындарға осы құжаттардың жүзеге асырылуы, жаңа жобалардың құрылысы туралы айтып, өзекті сауалдарға жауап берді.
Астаналық агломерацияны дамытудың кешенді жоспары аясында Қосшы қаласында 39 жоба жүзеге асырылуда. Газдандыру саласында өткен жылы «Сарыарқа» магистралды газ құбырынан желі тарту жұмыстары басталды. Үш жылға жоспарланған бұл жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде 132 шақырым газ құбыры тартылып, алдағы уақытта оны тағы 276 шақырымға ұзарту көзделіп отыр. Бұл ауқымды жоба Қосшы қаласындағы 30 мың абонентті табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл Тайтөбе ауылында да газ желілерінің құрылысы басталады. 2026 жылдың соңына дейін Қосшы мен Тайтөбе 100 пайыз газбен қамтылатын болады. Биылдың өзінде үш іске қосу кешенінің алғашқысы пайдалануға берілмек.
Ауыз су мәселесін шешу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Негізгі назар Төменгі Романов кен орнынан тартылатын су құбырына аударылған. Ауыз судың сапасын жақсарту мақсатында тазарту қондырғыларын жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су құбырының төртінші кезеңінің құрылысына Арнайы мемлекеттік қордан қаржы бөлініп, жоба биыл аяқталады. Нәтижесінде 5 мың абонент қосымша сумен қамтылады. Бұдан бөлек, бекітілген Бас жоспарға сәйкес жаңа шағын аудандарда жаңа кәріз коллекторы мен тазарту құрылыстарын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жыл соңына дейін жобалау жұмыстары аяқталып, құрылыс келер жылы басталады.
Электрмен қамту мәселесі де назарда. Қатарынан екінші жыл облыстық бюджеттен электр желілерін жаңғыртуға және оларды «Ақмола ЭТК» мекемесіне сенімгерлік басқаруға беруге дайындық аясында 250 миллион теңге бөлінуде. Қазір «Лесная Поляна» тұрғын үй алабында электр желілерін жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. «Северная» қосалқы станциясынан жаңа кабельдік желі тартылып, трансформаторлық қосалқы станция орнатылды. Бұл уақытша сұлба арқылы қосылған 17 көпқабатты үйді тұрақты әрі сенімді электрмен қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, биыл электрмен жабдықтаудың 4 және 5-кезеңдерін іске асыру жұмыстары басталады. Олар жаңа абоненттерді үздіксіз жарықпен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда 6 мыңнан астам абонентті қамтитын 46 шақырымдық электр желісінің құрылысы аяқталуға жақын.
Кездесу барысында өңір басшысы жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де тоқталды. Биыл Қосшы қаласында 10 көшеге жол салу жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыстар аясында тротуарлар мен тұрғын үйлерге кіреберіс жолдар да қарастырылған. Қоғамдық-мәдени-спорттық орталыққа апаратын жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, елордаға тікелей шығатын жаңа жол салу жоспарланып отыр. Тайтөбе ауылында 26 көшеге ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің айтуынша, қала халқының қарқынды өсуі әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі дамыту қажеттігін көрсетіп отыр. Басты міндет – барлық тұрғындар үшін білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
– Жаңа Бас жоспар алдағы онжылдыққа біздің ортақ іс-қимыл жоспарымыз. Онда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, инженерлік желілерді жаңғыртуға баса мән берілген, – деді өңір басшысы.
Қосшы қаласын 2037 жылға дейін дамыту жөніндегі Бас жоспарға сәйкес, қалада 31 балабақша, 16 мектеп пен 7 емхананың құрылысы көзделген. Қазірдің өзінде 280 орындық балабақшаның құрылысы басталды.
Мемлекет басшысының Бурабайда өткен төртінші Құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, қалада халықаралық деңгейдегі колледждің құрылысы жоспарланған. Аталған нысан үшін 12 гектар жер телімі белгіленді. Қазіргі таңда инвесторлар тарту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісімдер жасау жұмыстары жүріп жатыр.
Медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында жеке инвестиция есебінен «Viamedis» компаниясы көпсалалы ауданаралық аурухана мен емхана салып жатыр. Биыл ауысымына 1000 адамды қабылдай алатын емхана ашылады, ал, келесі жылы 350 төсек-орындық стационар іске қосылады. Онда хирургия, травматология, онкология, кардиохирургия, нейрохирургия, химиотерапия және тағы басқа бөлімшелер болады. Сондай-ақ, қаладан тыс жерлерден келетін пациенттерге арналған пансионат пен дәрігерлер үшін тұрғын үй салынуда.
Халықпен кездесуде Марат Ахметжанов «Қосшы қаласында «жасыл белдеу» – саябақтар, гүлзарлар, көгалдандырылған көшелер мен қорғаныш ормандар жүйесін қалыптастыру» жобасын жүзеге асыру туралы мәлімдеді.
Қазірдің өзінде қаланың орталық бөлігінде жалпы көлемі 4,2 гектарды құрайтын саябақ пен екі гүлзар салуға жер телімдері бөлінген. Бұдан бөлек, төрт балалар ойын алаңын орнатуға 100 миллион теңге бөлінді. Бұл құрылыс жұмыстары басталып та кетті.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қалада мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылады. Өткен аптада облыс әкімдігі жеке инвестормен келісімге келіп, бақылау жүйесін оның есебінен орнату туралы келісім жасасты. Қаланың экономикалық әлеуетін арттыру үшін өнеркәсіптік және логистикалық аймақтарды кеңейту жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және халық тұтынатын тауарлар өндіретін жаңа кәсіпорындар ашылады. Сонымен қатар, жалпы ауданы 264 гектарды құрайтын Индустриялық парк салу көзделіп отыр.
Облыс әкімі атап өткеніндей, осы жер телімдерінің едәуір бөлігі жеке меншік иелігінде болса да, пайдаланылмай келеді. Осыған байланысты Қосшы қаласының әкімдігіне және салалық басқармаға жер телімдерін түгендеу тапсырылды. Негізгі басымдықтар – меншіктің заңдылығы мен тиімді пайдаланылуы.
– Мұндай жерлер стратегиялық маңызға ие және халық игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Жаңа жұмыс орындарын ашып, бюджетке кіріс әкеліп, инвестициялық ахуалды жақсартуға үлес қосуы қажет. Қосшының елордаға жақын орналасуы – оның басты артықшылығы. Бұл – шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығын тудыратын фактор, – деді Марат Ахметжанов.
Қосшының тиімді географиялық орналасуына венгриялық UBM Group компаниясы қызығушылық танытып отыр. Құны 13,4 миллиард теңгені құрайтын премикс зауытын салу жоспарланған. Жоба аясында 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Өткен жылы қалада 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 85 жаңа жұмыс орны құрылған болатын. Биыл жалпы құны 25 миллиард теңгені құрайтын екі есеге көп жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, бұл – «Орман алқабы» және «Сирень бағы» тұрғын үй кешендері, «Алтын-Қазық» ЖШС-нің ет өңдеу кешенін жаңғырту және бірқатар бизнес-орталықтардың құрылысы. Нәтижесінде 300-ден астам жұмыс орны ашылады.
Қазіргі таңда Қосшы қаласында екі ірі өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. «Алтын-Қазық» ЖШС былтыр 1,6 мың тонна ет өнімін өндірсе, кәсіпорынның толық қуаты – жылына 3 мың тонна. Ал, «ИЛ ТОВ» ЖШС 2023 жылы 3 мың тоннаға жуық мұздатылған тауық етінен жартылай фабрикат шығарды.
– Өндірістік қуатты толық жүктеу және одан әрі ұлғайту үшін облыстың өзге аудандарымен шикізат жеткізу мәселелері бойынша тығыз байланыс орнату қажет, – деді өңір басшысы. Марат Ахметжанов атап өткеніндей, қалада сапалы инвестициялар тарту мәселесі ерекше бақылауға алынады.
Қосшы қаласының күніне орай «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің үлескерлері де көптен күткен пәтерлерінің кілтін алады.
Өңір басшысының айтуынша, 2013 жылдан бері салынып жатқан тұрғын үй құрылысын қайта жандандырып, аяқтауға инвестор – «КГС Сауда» ЖШС-мен жасалған келісім өз нәтижесін берді.
– Біз өз міндеттемелерімізді орындадық. 26 шілдеде тұрғындар пәтер кілтін алады. Келесі кезекте жергілікті мердігерлер салып жатқан «Даймонд парк» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау міндеті тұр, – деді Марат Ахметжанов.
Құрылыс жұмыстары қайтадан 2024 жылдың қазан айында басталды. Бүгінгі таңда нысанның кірпіш қалау жұмыстары толық аяқталып, сыртқы инженерлік желілерді тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 450-ге жуық жұмысшы тартылған. Тұрғын үй кешенінде жалпы 543 пәтер қарастырылған, оның 110-ы үлескерлерге тиесілі.
– Мен айтып өткен барлық жоба – тек қағаз жүзіндегі жоспар емес, нақты жүзеге асып жатқан істер. Қосшы – жас әрі қарқынды дамып келе жатқан қала. Біз оны сіздермен бірге көркейтіп келеміз, – деп түйіндеді есепті кездесуде өз сөзін облыс әкімі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

