Сайланған аудан әкімі таныстырылды

Таңдау

 Әсет Құрманғожин Зеренді ауданының әкімі болып сайланды. 2025 жылғы 15 маусымда өткен сайлау қорытындысы бойынша ол сайлаушылардың басым дауысына ие болды және жаңа заңнамаға сәйкес сайланбалы жолмен осы қызметке келді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аудан активіне жаңа әкімді таныстырды.

Әсет Асылбекұлы Құрманғожин Ақмола облысының Зеренді ауылында дүниеге келген. Экономист мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Еңбек жолын Зеренді ауданы әкімдігінде бастап, түрлі жауапты қызметтер атқарған. Сайланар алдында Ақмола облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Жиын барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов бұрынғы әкім Әсен Жақсылықовқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа аудан басшысының алдына қойылатын негізгі міндеттерді атап өтті. Осы ретте: – Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау – басты міндет. Бұл тапсырмалар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, инвестицияларды тиімді игеру, тереңдетіп өңдеу саласындағы жаңа жобаларды іске қосу, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, осының бәрі өзекті мәселелердің қатарында. Сонымен бірге, экологиялық талаптар мен туристік әлеуетті ескере отырып, дайын инфрақұрылымы бар индустриялық аймақ құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Әр бағыт бойынша нақты нәтиже талап етіледі, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі атап өткен басым бағыттар қатарында заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы ауыл шаруашылығын дамыту, сапалы ауыз сумен және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, әлеуметтік саланы қолдау және ішкі туризм құрылымын қайта қарау сияқты жұмыстар бар.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Зеренді ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары екенін және халықтың әл-ауқатын арттыруға толық мүмкіндік барын атап өтіп, сайлаушылар өздері сайланған жаңа әкімнің қызметіне табыс тіледі.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар