Үкілі үміт
Жылда асыға күтетін мейрамдардың бірі және бірегейі жас түлектердің мектеп бітіру күні. Бұл мейрамның ерекшелігі, ол түлектердің, олардың ата-аналарының, барлық ел-жұртымыздың үлкен армандарымен, үміт-сенімі, болашаққа жоспарларымен байланысты. Біздің техникалық мектеп лицейінде биылғы түлектер мейрамы ерекше жағдайда, үміт-сенімдердің еселеп артуымен өтті. Себебі, осы оқу жылы біздің ұжымға үлкен жаңару әкелді, Қазақстан Президентінің ұсынысымен қабылданған «Жайлы мектеп» бағдарламасының аясында салынған жаңа ғимаратқа ие болдық және жаңару тек осы жаңа ғимаратпен ғана байланысты емес, оның ішіндегі оқу-тәрбие ісіне жасалған жақсы мүмкіншілдіктерде де жатыр. Ең алдымен, заманауи шарттарға сәйкес техникалық құралдармен жеткілікті түрде жабдықталған оқу кабинеттерін ауызға алғым келеді. Сонымен қатар, оқушылар өздерін еркін, жан-жақты дамытуға, бойларындағы дарындары мен қабілеттерін шыңдауға материалдық базамыз да жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген. Бірнеше спорт түрлерімен, хореографиямен айналысуға, көркем суретпен, музыка шығармашылығымен шұғылдануға, STEM білімге ие болуға, робототехникамен техникалық шығармашылықты қолға алуға мол мүмкіншілік жасалған.
Жерұйықты аңсаған халқымыз ертеден білім мен ғылымға ұмтылып, қызығушылық танытты. «Білегі мықты бірді, білімді мыңды жеңеді» деген сөз ата-бабаларымыздан қалды ғой. Осындай халқымыздың білімге деген құштарлығын сонау XIX ғасырда қазақ жерін зерттеген ғалымдар да атап көрсеткен екен. Енді осы орайда, кейінгі ұрпағымыз да заманауи талаптарға сәйкес үлкен жетістіктерге жететініне сенім артамыз.
Бүгінгі күні мектеп қабырғасынан аттағалы тұрған түлектеріміздің де қол жеткізген жетістіктері мен табыстарын мақтанышпен ауызға алуға болады. Соның ішінде Мәдина Досымбекова Алтын белгіге ие болды. Ол бірнеше интеллектуалдық және шығармашылық байқаулардың жеңімпазы, Coventry University грантына қол жеткізді. Линара Ермекова «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңінде жеңімпаз атанды, орыс тілінен республикалық пәндік олимпиадада екінші орынға ие болды, Акмола облыс әкімінің Алғыс хатымен және қаржылық сертификатымен марапатталды. Сонымен қатар, Линара «LK dance studio» атты би ансамблін құрып, соған жетекшілік етті, Линараның басқаруымен осы ансамбль республикалық би байқауында Гран-приді ұтып алды. Карате киокушинкайдан Қазақстан чемпионатында екінші орын алып, әлем чемпионатына қатысқан Дінислам Айдархан өзіміздің қалада карате мектебін ашудың үстінде. Дінислам дронрейсинг байқауында да жеңімпаз атанды, бұл Дінисламның техника жағынан да қабілетті екенін білдіреді. Түлектеріміз тек қана білім алумен шектелмей, өздерінің шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін іске асырып жатқанын мақтанышпен айтамыз.
Түлектеріміздің жетістіктерінің бәрін айтып шығу оңай емес, әрине. Кейбіреулерін атасақ, Асанәлі Бахтыбек математикадан әр деңгейде математикалық олимиадалардың жүлдегері және жеңімпазы болды, соның ішінде «Алтын түлек» математикалық олимпиада да жеңімпаз атанды. Санжар Данияров пен Мансұр Сембай қалалық және республикалық менталдық арифметика олимпиадасының жеңімпаздары. Дінмұхамед Ақжігітов пен Алуа Аузар бірнеше интеллектуалдық олимпиадалар мен пікірсайыс турнирлерінің жүлдегерлері. Ал, Аяжан Жүніс география және биология пәндерінен қалалық, облыстық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы әрі жүлдегері болса, Аяжан Мұратова жүзу және волейбол спорт түрлерінде бірнеше жарыстың жүлдегері болды. Ол еріктілер қозғалысының белсенді қатысушысы, өзінің цифрлық сауаттылығын пайдалана отырып, медиа контент дайындайды. Саида Шаимова музыкалық мектепті үздік тәмамдады. Домбыра, скрипка, фортепиано, гитара аспаптарын еркін меңгерген, Манарбек Бексейітов атындағы, сондай-ақ, «Жас дарын» музыканттар байқауларының жүлдегері, спорт билерімен айналысып, Қарағанды облысының ашық біріншілігінде жеңіске жетті.
Әсембек Шәмен шахмат және дойбы ойындарынан облыстық жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері болды, еркін күрестен облыстық жарыстарда үздіктер қатарына енді. Ербол Қадырбай бірнеше рет еркін күрестен қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық турнирлерде жүлдегер және жеңімпаз атанды. София Спирпидонова, Аниса Оразбек және Алан Әлмағамбетов ағылшын тілінен олимпиада жүлдегерлері, сонымен қатар, Алан «Жас құтқарушы» байқауының жүлдегері, Аниса Inclusive Acadеmy еріктілер бағдарламасының белсенді қатысушысы, ал, София болса халықаралық жас зерттеушілер конференциясының қатысушысы. Азиз Исаев бразилиялық джиу-джитсудан ел чемпионатының жүлдегері, осы спорт түрімен айналысатын Артём Часовников екеуі оқушыларды джиу-джитсуға баулуда. Азиз қосымша кондитер мамандығын игеріп алғанын мақтаныш тұтады, әрі осы мамандыққа байланысты жоспарлары да жоқ емес. Осындай кондитерлік шеберлік курсын Дубай қаласында Кристина Лобачёва да тәмамдаған, ол English Path тілдер мектебін де аяқтаған. Елизавета Максина және Алина Исақанова қытай тілін меңгеруде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Елизавета HSK 2 деңгейіне қол жеткізсе, Алина HSK 3 деңгейін меңгеріп, Қытай Халық Республикасының ең белгілі университеттерінің біріне оқуға түсті. Иса Алмазов бағдарламалар және жобаларды басқарудан, тіпті, кванталық механикадан курстарды жете меңгерген. Исаның жобалары әртүрлі көрмелерге де қатысты. Никита Семёнов пен Арғын Садыр пауэрлифтингтен облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Никита сонымен қатар, Астана біріншілігінің жеңімпазы, жасөспірімдер арасында рекорд иегері.
Әлібек Кавказ да достарынан қалыспайды, кудодан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері бола тұра, математикадан олимпиадалардың жүлдегері. Лилия Логвинович өзінің шығармашылық дарындылығымен белгілі. Лилияның көркемсурет шығармалары мектеп ішіндегі іс-шаралар мен көрмелердің көркін келтіруде. Софья Скиданова өзінің суреттерімен осындай тақырыптық кештерді безендіруге белсенді қатысады. Полина Максина Bauyrlas жобасының аясында жастар зерттеулеріне арналған халықаралық конференцияның белсенді қатысушысы. Екатерина Савченко болса халықаралық хореографиялық байқаулардың лауреаты, республикалық Дельфи ойындарының алтын медалінің иегері, мектеп оқушыларымен би байқауларын, хореографиялық шеберлік кластарын өткізіп, өз білгенімен аянбай бөліседі.
Тағы бір дарынды түлегіміз Мария Осипова бірнеше рет гитарадан республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы және жүлдегері болды. Халықаралық сахнада қазақстандық және әлемдік композиторлардың шығармаларын мінсіз орындап, еліміздің намысын қорғаған. Сонымен қатар, Мария орыс тілі және психология пәндерінен бірнеше дүркін олимпиада жүлдегері. Данил Ларионов пауэрлифтингтен облыстық жарыстардың жүлдегері, төменгі сынып оқушыларын пауэрлифтинг спортына баулиды.
Өткен оқу жылында да түлектеріміздің қатарына Элина Малюк пен Ерік Серік қосылған еді, олар да өздерінің қабілеттілігі мен дарындылығын дәлелдеп үлгерді. Элина қазақ тілінен қалалық олимпиаданың қатысушысы, «SMM Management» атты курсты бітіріп, мектепішілік іс-шаралардың ақпараттық қолдаушысы болды. Ерік болса, шахмат турнирлері мен интеллектуалдық байқауларда мектеп намысын нәтижелі қорғады.
Оқушылардың осынау жетістіктері бізге, мұғалімдерге де өте қымбат және маңызды. Себебі оқушыларымыздың дарындылығы мен еңбекқорлығы олардың білімге деген құштарлығы мен қызығушылығын білдіреді. Мұның бәрі әрине, мұғалімдердің еңбектерінің нәтижесі. Осындай жақсы нәтижелер мен жетістіктер жылдан жылға көбейетініне сенімдімін. Себебі, мектебімізге осы оқу жылында жаңадан дарынды, белсенді және өз қабілеттерін шыңдап, жетілдіруге талаптанатын бір топ оқушылар келіп қосылды. Бұл болашақ жетістіктердің негізі әрі кепілі деп білеміз. Осындай маңызды күні түлектерімізге мектепте алған білімдері мен шыңдалған қабілеттері өмірде жаңа асуларды алуға дәнекер болатындай ақ жол тілейміз!
Ғалым САРБАСОВ,
Көкшетау техникалық мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі.
![]()

