Қайта жаңғырту бағдарламасы бірқатар маңызды құрылыстарды  қамтуда

Әкім – іс үстінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығы Көкшетау қаласында жаңғырту бағдарламасы бойынша салынып жатқан бірнеше нысандарды аралап, ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Қалада қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және білім беру ұйымдарының желісін дамыту баса назарда ұсталуда.

Қайта жаңғырту бағдарламасы аясында Уәлиханов және Быковский көшелерінде екі көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа үйлер 231 пәтерден тұрады және ескі апатты үйлердің тұрғындарын көшіруге арналған. Барлық құрылыс-монтаж және абаттандыру жұмыстары биылғы жылдың 3 тамызына дейін аяқтау жоспарланған. Жобаны қаржыландыру инвесторлар мен мемлекеттік қоныстандыру қоры есебінен жүзеге асырылуда.

«KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиевтің айтуынша, жаңғырту бағдарламасын іске асыру заманауи және жайлы тұрғын үй кешендері арқылы қаланың келбетін айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, облыс орталығында 588 орынға арналған «Білім-инновация лицейі» мектеп-интернатының құрылысы жүріп жатыр. Жоба білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысы есебінен салынып жатыр. Нысанның жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Үш қабатты ғимаратта шалғай елді мекендерден келген оқушыларға арналған жатақхана да қарастырылған.

Ақмола облысы құрылыс және сәулет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышевтың айтуынша, мердігер ұйым ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарын және аумақты абаттандыруды аяқтап келеді. Нысанды 1 қыркүйекке дейін тапсыру жоспарланған, қаржыландыру мәселесінде қиындық жоқ.

Осы құрылыстарды аралап көрген аймақ басшысы тиісті орындарға жұмыстардың сапалы әрі уақытында орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

– Бұл нысандар уақытында әрі сапалы салынуы тиіс. Өйткені, олар тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп, облыс халқы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді Марат Ахметжанов.

Көкшетау қаласындағы орталық саябақ пен бірқатар қоғамдық орындар да қайта жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобаға кіреді.

Осы ретте, жаңа «Көкшалғын» аллеясының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба аясында Мәңгілік алау паркі, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы мен Сағдиев көшесі түбегейлі абаттандырылып, заманауи келбетке ие болады.

Марат Ахметжанов қоғамдық кеңістіктерді жаңарту сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы қажет екенін атап өтті.

– Барлық демалыс орындары мен қоғамдық алаңдар тарихи маңызын сақтай отырып, заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін мұнда жайлы жағдай жасалуының маңызы зор. Ол үшін заманауи шешімдер мен қала сәулетіне деген ұқыпты көзқарас қажет, – деді аймақ басшысы.

Жобаның басты мақсаты қала орталығын жаңа жағалау аймағымен байланыстыратын біртұтас жасыл желекпен көмкерілген жаяу жүргінші аймағын қалыптастыру болып табылады. Бұл аумақтарды біріктіру арқылы олардың экологиялық тұрақтылығы артып, тұрғындардың серуендеп, тынығуына қолайлы жағдай жасалады, сондай-ақ, қаланың микроклиматы жақсарады.

Аталған жоба аясында 500-ден астам ағаш, 77 мыңнан аса көпжылдық бұта мен шамамен 3 мың гүл отырғызу жоспарланған. Сағдиев көшесі осы кеңістіктердің барлығын байланыстыратын негізгі желі болмақшы.

Сонымен қатар, аумақта жаңа субұрқақтар, көлеңкесі бар орындықтар, фуд-корттар салынып, стритбол алаңы абаттандырылады, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, бедертас төселеді, заманауи суару және су бұру жүйесі орнатылады. Жобаны халықаралық тәжірибесі бар сәулетші Роман Шнайдерман басқаратын «Envicon» архитектуралық-ландшафтық компаниясы іске асыруда.

Саябақ пен қоғамдық орындарды қайта жаңғырту жалпы аумағы 6 гектардан аса алаңды қамтиды. Құрылыс жұмыстарына 350-ден астам маман мен 45 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жұмыстың 30 пайызы аяқталды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар