Жан азығынан біз алатын әсерлер таусылмайды

Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде «100 кітап» ұлттық сауалнамасы өтіп жатыр. Бұл сауалнама – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан маңызды мәдени-ағартушылық жоба. Бұл акцияның мақсаты –  кітап оқу мәдениетін дамыту, әдеби мұраны дәріптеу, барша оқырман қауым өкілдерінің кітапқа деген талғамын зерделей отырып, әдеби құндылықтар жүйесін саралау және әдеби талғам қалыптастыру.

Кітап – уақыттың үнін сақтаған, тарихтың тереңіне жол ашқан үнсіз шежіре. Осы бір рухани азығымыз арқылы біз ой санамызды жетілдіріп, тіл байлығымызды арттырып, өмірге деген көзқарасымызды өзгертеміз.  Акция барысында біз  әр жүректе сақталған, әр сананы түрткен, жаныңды тербеген шығармаларға ұсыныс жасап, оқырман жүрегіне жол тапқандай болдық.

Осы акцияға үн қосқан әр азамат  өз жүрегіне жақын, көңілі сүйген әдеби шығарманы еске алып, ел руханиятына үлестерін қосып жатыр. Бұл – барша ұлттың  әдебиетпен сырласуы, сөз өнерімен ұғынысуы.

Қазақстан халқы арасында ең көп оқылған, көп ұсынылған және ұлттық құндылықтарға негізделген кітаптарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған іс шарадан кітапханашылар да сырт қалмай, ат салысып жатырмыз. Өйткені, кітапханашылар – кітап пен оны оқуды алға жылжытуға септігін тигізетін рухани қазына сақшылары. Сауалнама аясында жастардан бастап, үлкендерге дейін өздерінің өмірінде терең із қалдырған, ой-санасын өзгерткен шығармалары туралы өз ойларымен бөлісе алды.

Бұл атаулы  шығармалар мектеп бағдарламасы аясында оқытылып жатқан әдеби туындылар болғандықтан, біздің кітапхана сөрелерінен өзінің тиісті орындарын алып отыр. Сауалнама нәтижесінде қазақ әдебиетінің алтын қорына енген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясы, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Ә.Нүрпейісовтің «Қан мен тер», Жанар Әбдішованың «Өмір сүрсем кеш емес», Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» сынды туындылары оқырман назарына тағы да бір мәрте ұсынылды.

Бұл кітаптардың әрқайсысы біздің тарихымызды, мәдениетімізді және халықтың ішкі жан дүниесін  танып білуге, отбасылық құндылықтарды насихаттауға  көмектеседі. Бұл шығармалардың әрбір парақтарынан ата-бабаларымыздың даналығын және болашаққа деген ұмтылысын көреміз.  Әр оқырманның  алуан пікірлерінен біз  ұлттың рухани келбетін құрай аламыз. Әр жауап – халық жадынан шыққан шынайы лебіз, әр ұсынылған кітап – ұлттың жан айнасы. Сондықтан да, «100 кітап» әр оқырман көңіліне қуаныш ұялатсын.

Кітап оқу – бұл жай ғана қызығушылық емес, бұл – әлемді тану, руханияттылықты нығайту және мәдени мұраны сақтау болып табылады. Әр оқырманның бойынан кітапқұмарлық қасиетті көру біз үшін зор қуаныш, зор үміт.

Бақытгүл ҒАЛИЕВА,
Көкшетау қалалық орталықтандырылған балалар және жасөспірімдер
 үлгілі кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар