3 тамыз – Темір жол қызметкерлері күні
Соңғы жылдары еліміздегі кеңес заманында салынған шойын жолдар жаңартыла бастады. «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жол салушылары Ақмола жол бөлімшесінің тапсырысы бойынша біздің өңір арқылы өтетін темір жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алып, алғашқыларының бірін аяқтап қалды.
«Васильковка»-«Қарағай» станцияларының учаскелері аралығында жаңартылып жатқан магистраль таяу арада пайдалануға берілмекші.
Компания темір жолдар және автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жүргізіп, жаңа жол салуға маманданған және жұмыс істей бастаған уақыттан бері өзін көлік инфрақұрылымы саласындағы сенімді мердігер ретінде таныта алған.
– Біздің компания тек темір жолдарды ғана емес, автокөлік жолдарын да, мектептер мен тұрғын үйлерді де салу бойынша бірқатар жобаларды іске асырды. Мысалы, Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында біз екі «Жайлы мектеп» салып бердік. Ал, қазір біздің құрылысшылар өткен ғасырдың 70-інші жылдарында салынған темір жол магистралінің бірқатар учаскелерін жаңарту ісіне білек сыбана кірісіп отыр, – дейді «Іntegra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Солтүстік дирекциясы филиалының атқарушы директорының орынбасары Бауыржан Бекішев.
«Васильковка» – «Қарағай» учаскесі аумағындағы магистральдық жолдарды жаңарту жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айында басталыпты. Жаңартылатын шойын жолдың жалпы ұзындығы шамамен 40 шақырымды құрайды. Бұл аралықтағы ескі ағаш шпалдар мен тозған рельстер жаңа үлгідегі темірбетон шпал мен ұзындығы 800 метрлік жұп рельстерге ауыстырылады. Осы жаңашылдық шойын жолдың тозуын тежейді және пойыздардың жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Темірбетон төселетін негіздің астындағы жер жамылғысы да толығымен жаңартылып, ол 40 сантиметр тереңдікке дейін қазылып, қайтадан қиыршық таспен толтырылады. Бұл жұмыстар барысында қазақстандық және шетелдік зауыттардың материалдары пайдаланылады. Мәселен, шпалдарды Теміртаудағы серіктестік жеткізсе, бекіткіштер Түркиядан әкелінуде. Ал, рельстермен «Қазақстан темір жолы» компаниясы өздері қамтамасыз етуде.
Жұмыс барысында арнайы мамандандырылған машиналар қолданылып жатса да, адамдардың араласуы қашан да қажет. Таңмен таласа жолдың бойына шығып, маңдай терін төгіп жүрген жол салушылардың жұмысы қашан да оңай болмаған. Қазіргі уақытта бұл учаскедегі жұмысқа 110-нан астам адам жұмылдырылған. Бұл жол салушылар Қазақстанның түрлі өңірлерінен нәпақа табуға келген. Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда, Қостанай облыстарынан жеткен жұмысшылар мұнда вахталық әдіспен еңбек етуде. Компания өз жұмысшыларын тегін тамақтандырып, шарт бойынша олардың тұратын жері мен жол жүру ақысын еңбекақыдан бөлек қамтамасыз етеді.
– Бұл аумақтағы жұмысқа, өкінішке орай, жергілікті тұрғындарды тарта алмадық, – деп мойындады Бауыржан Бекішев. – Бірақ, сырттан әкелген жұмысшыларымыз бұл бағытта әбден шыңдалған, шынымен, жақсы жұмыс істейді. Әрі олар қаншама шақырым жолды не үшін жүріп келгендерін жақсы біледі. Біз жай ғана жолды емес, бүкіл ел үшін қажетті көлік артериясын жаңартып жатырмыз. Қазір бұл учаскеде өте тәжірибелі мамандар, атап айтқанда, 25 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген жол шебері Қуандық Мұханбетжанов, сол сияқты, талай жылдан бері шойын жолдың қыр-сырына қаныққан Д.Аянов, А.Абуов, К.Рахимов, М.Нұрым, А.Морозов, М.Жакатаев секілді жолшылар маңдай терін төгіп жүр.
Мамандардың айтуынша, шойын жол бойындағы күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айының басында аяқталады. Жаңартылған учаске кем дегенде 30-40 жылға жуық аралықта апатсыз қызмет етуі тиіс.
– Біз жұмысымызда сапаны ғана емес, қауіпсіздікті де қамтамасыз етеміз. Біздің барлық ісіміз жүк айналымын арттыруға және жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалыс жағдайларын жақсартуға бағытталған, – деп атап өтті өз сөзінде Бекішев.
Келесі жылы мұндай күрделі жөндеу жұмыстары «Қарағай» – «Уголки» учаскесі аумағында жоспарланыпты. Енді ағаш шпалдан салынған ескі жолдар өткеннің естелігіне айнала бастайды.
Темір жолдарды жаңарту жұмыстарына инженерлер, маркшейдерлер, жол салушылар, кран операторлары, жүргізушілер, электр дәнекерлеушілер, механиктер, логистер мен диспетчерлер еңбек сіңіруде. Яғни, бір қарағанда, көзге түсе бермейтін, «кадр сыртындағы» қанша адам бүгінгі, ертеңгі күннің жолын салып, осы саланы нығайту жұмыстарын жүргізуде.
Алексей ЧАЙКА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суреттерде: Бауыржан Бекішев; жол жөндеушілер Орынбасар Аппазбаев пен Бейбітхан Құлмұханов, темір жол өткелінің кезекшісі Орал Зейнуллин.
Суреттерді түсірген Нүрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

