Егіндікөл ауданындағы сумен қамтамасыз ету мәселесі Мәжіліс депутаттарының бақылауында

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинскаяға Егіндікөл ауданының тұрғындары ауыз судың мәселесіне, жолдардың нашарлығына және ауылдағы жолдардың су астында қалуына қатысты шағымдарын жеткізді. Өз кезегінде мәжілісмен суға қатысты жобалардың іске асырылуына бақылауды күшейтуге уәде беріп, Нұра топтық су құбырын жаңғыртуға арналған кеңес өткізді.

Жергілікті тұрғындармен кездесуден соң Юлия Кучинская орталық және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен Ақмола облысындағы сумен жабдықтау мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Ақмола облысы әкмінің бірінші орынбасары бейнебайланыс жүйесі арқылы қосылып, Елдос Рамазанов өңірді сумен қамту жоспарының орындалу барасымен таныстырды.
Облыстың үш ауданын ауыз сумен қамтып отырған Нұра топтық су құбырының жай-күйіне ерекше назар аударылды. Бұл нысан жылдар бойы халықты әбігерге салған басты мәселенің бірі болып отыр. Тұрғындардың «AMANAT» партиясына жасаған өтінішінен кейін құбырдың қайта жаңғыртылуы ерекше бақылауға алынды. 2023 жылы ауқымды жұмыс қолға алынып, 2024 жылдың шілдесінде оның маңызды кезеңі аяқталды. Нәтижесінде Сабынды ауылынан Егіндікөлге дейінгі 68,5 шақырымдық бөлік қайта қалпына келтірілді. Бұл ауданның едәуір бөлігін сумен қамтуға мүмкіндік берді.

Биылғы жылы су нысандарын жөндеуге, сорғыларды, ысырмаларды және су өткізетін құбырларды ауыстыруға, есептегіш құралдарды орнатуға қаражат бөлінді. Егіндікөл және Полтавка ауылдарында су мұнаралары жөнделмек. Ал Абай, Жұлдыз және Жалманқұлақ ауылдарында суды тазартуға арналған блок-модульдер орнатылады. Бұл шаралар халыққа санитарлық талаптарға сай қауіпсіз ауызсу жеткізуге мүмкіндік береді.

2025 жылы кемінде 80 ауылды ауыз сумен қамту жоспарланған. Сонымен қатар Көкшетау, Қосшы, Макинск және Ерейментау қалаларында және ауылдық округтерде жобалар іске асырылуда. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен, арнайы мемлекеттік қордан және облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Тек 2024–2025 жылдары әртүрлі қаржы көздерінен 20 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Қазіргі таңда Ақмола облысында орталықтандырылған сумен қамтудың көрсеткіші қалаларда – 99%, ауылдарда – 96,6%-ды құрап отыр.

Айта кетейік, жуырда қабылданған Су кодексін әзірлеуге Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары бастамашы болды. Кодекс су шаруашылығы кешенін жаңғыртуды, ресурстарды тиімді пайдалануды және барлық қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ құжат қосымша бақылау тетіктерін енгізіп, жұмыстың белгіленген уақытында аяқталмауы мен сапасыз орындалуы үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар