Шәмші Қалдаяқов-95
Қазақстанның халық әртісі, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, «Қазақ вальсінің королі» атанған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 95 жыл толып отыр.
Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Әкесі Әнәпия дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деп жүргенде түс көреді. Түсінде ұлының айдын көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыған екен. Расында, Шәмші халқы сүйген әйгілі композитор болып, өнер айдынында, халқын әнмен тербетті.
Ш.Қалдаяқов 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде 300-ге жуық музыкалық туынды жазған. Осындай танымал туындылары үшін композитор 1965 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығын алған. Ал, 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі атағы берілген.
Композитордың «Сыр сұлуы», «Сыған серенадасы», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Қайдасың», «Ана туралы жыр», «Қуаныш вальсі», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында» және тағы басқа әндері қазақ сахнасында әлі күнге дейін шырқалып келеді, мәңгі шырқала да бермек. Композитор 1956 жылы атақты «Менің Қазақстаным» әнін жазды, ол кейін тәуелсіз Қазақстанның Әнұранына айналды.
Шәмші әндеріне өзіміз түгілі ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таңғалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», деген екен.
1991 жылы композитор туралы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» атты деректі фильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.
Жуырда ән көгіндегі біртуар тұлғаның 95 жылдық мерейтойына орай, Көкшетау қалалық Краснояр үлгілі кітапханасында «Ән көгінің ақсұңқары» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Көрнекті сазгердің шығармаларын жас ұрпаққа насихаттап, ән өнеріндегі ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен кешке жиналған оқырмандар назарына Шәмші жайлы деректі фильм ұсынылып, әндері шырқалды. Көптің жүрегінен орын алған осы бір тамаша әндерді оқырмандар қосыла шырқады. Сондай-ақ, жиналғандар «Ән-ғұмыр» атты кітап көрмесімен танысты.
Асқан шығармашыл тұлғаның сырға толы, қайталанбас нәзік, ырғақты әндері қазақ даласында одан әрі асқақтап, әр жүректі тербете берері сөзсіз.
Гүлжанар БОДАУБАЙ,
Көкшетау қалалық Краснояр үлгілі кітапханасының меңгерушісі.
![]()

