Жарқайыңдықтар жігері

Егін орағы – 2025

Жарқайың ауданының диқандары күзгі жиын-терінді бастап кетті. Әзірге 15 мың гектар алқаптың бидайы мен арпасы бастырылып, 13,5 мың тонна астық жиналды. Гектар берекесі орташа есеппен 9 центнерден айналуда.

Астықты аудан ерте көктемде көп жылдық екпе шөпті қосып есептегенде 695,7 мың гектар алқапқа дән сіңірген болатын. Оның ішінде бұршақ дақылдары да бар. Бидай көлемі 572 мың гектар, 90,2 мың гектарға арпа егілген. Аудан диқандары картоп пен көкөніс өсіруге де көңіл аударып отыр.

Көктем біршама ылғалды болды. Агротехникалық шараларды уақытында тыңғылықты атқарған диқандар биыл көктен беріп, жерден иді деп қуанып отыр. Астық үшін арпалыс сәтті өтсе, 604,2 мың тонна өнім жинап алмақ. Көпті көрген тәжірибелі диқандар бітік егін гектар берекесін 9,1 центнерден айналдыруы мүмкін деген болжам жасауда. Сары алтындай мөлт-мөлт етіп самал желмен тербелген масақ көз қуантады. Жазда күннің ыстық болуы себепті сабағында тұрып пісіп те қалды. Енді диқандар тікелей оруға көшпек. Бұл әдістің бір жақсы жері уақыт пен қыруар күш-жігерді үнемдемек.

Майлы дақылдар алқаптары орта есеппен 8 центнерден өнім беруде. Мал азығы дақылдары 9,8 мың гектарға себілген болатын. Оның ішінде бір жылдық және көп жылдық екпе шөптер де бар. Биылғы шығымы жақсы.

Енді бір сәт гектар берекесіне байланысты. Жарқайыңдық диқандар биыл сапалы тұқымнан қиындық көрген жоқ. Зиянкестердің алдын алу жұмыстары тиянақты жүргізілді. Бұл тарапта 600 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мұқият өңделіп, ойға алған шаруа 100 пайыз орындалды. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржының есебінен 16,3 мың гектар жер шегірткеге қарсы өңделді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржының арқасында 136 мың гектар алқап зиянкестерден тазартылды.  Егінді аурудан емдеу үшін 42,9 мың гектар алқапқа дәрі себілді.

Жаз бойғы бейнетінің зейнетін енді көргелі отырған диқандар қауымы үшін шешуші сәт туды. Осындай кезеңде тас-түйін жұмылып, бойларындағы бар қажыр-қайратын ел игілігін уақытында жинап алу үшін жұмсайтын диқандарға ең керегі техникаларының жүріп тұруы және ауа райының ашық болуы. Биылғы егін орағына ауданда 974 астық жинайтын комбайн қатыстырылмақ. Бір жақсысы, жыл сайын материалдық-техникалық базасын мүмкіндігінше жаңартып келе жатқан ауыл шаруашылығы құрылымдарында 112 дана шетелдік және осы заманғы жоғары өнімді комбайндар бар. Егін орағына қажет болатын барлық техника 100 пайыз дайын. Алдын ала есепке қарағанда, әрбір астық жинайтын комбайнға жұмыс көлемі 696 гектардан келеді екен. Ауа райы қолайлы болса, егін орағын 20-22 күнде толық аяқтап шығуға әбден болады. Ауданда алқаптан қырманға астық таситын 338 жүк машинасы бар. Оған қосымша 266 трактор тіркемелері көмекке келмек. Орақ науқанына қажетті жанар-жағар май жеткілікті. «Есіл»  мұнай базасына келісім-шарт бойынша әзірше 762,374 тонна жанар-жағар май жеткізілген.

Егін орағында аса маңызды жайдың бірі, жиналып алынған астықты кептіріп, сақтау. Кейбір жауын-шашыны мол күз айларында қарбалас  тудыратын жәйт осы. Жарқайыңдық диқандардың 485,9 мың тонна астығын сақтайтын 9 астық қабылдау кәсіпорны тас-түйін дайын. Оған қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 324 мың тонна дән сақтау мүмкіндігі бар. Барлығын қосқанда, ауданда 809,9 мың тонна өнімді сақтауға әбден болады.

Мол өнімге қол жеткізіп, ырысты еселей түсуге мемлекеттік қолдау игі септігін тигізіп отыр. Көктемгі дала жұмыстары кезінде диқандарға несие уақытылы берілді. «Кең дала» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 11507501 мың теңгеге өтінім берілсе, 38 өтінім мақұлданып, диқандар 10 618 426 мың теңге қаражатқа ие болды.

Мамандардың айтуына қарағанда, аудандағы егістік алқаптың 643,2 мың гектарының шығымы жақсы, 20,8 мың гектары қанағаттанарлық деңгейде. Майлы дақылдар 100 пайыз жақсы өнім береді деп күтілуде.

Аудан диқандары қазірдің өзінде келер жылдың егіні үшін қам жеуде. 88 мың гектар алқап парға жыртылып, бұл орайдағы жоспар 100 пайыз орындалды. Жемшөп жайы да жақсы. 38,5 мың гектар алшқаптың шөбі шабылып алынып, бұл орайдағы межеленген жоспар 100 пайыз орындалды. Сапалы шөп қыстақтарға жеткізілді. Өткен жылдан қалған 10,7 мың тонна шөп те бар. 7,6 мың тонна сүрлем дайындау қажет болса, бұл орайдағы межеге де қол жеткізілді.

Астықты Жарқайың ауданы қазір өңірдің өзге аудандар тәрізді ел ырыздығын еселеуге жұмыла үлес қосып жатыр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар