Батыр аналарымыз туралы аяулы ақынымыз Мұқағали Мақатаев мынадай өлең жолдарын арнаған екен:
«Қайран біздің шешелер арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.
Жігіттерден айырылып, қалмай қараң,
Қырман басып, егін сап, арба айдаған…»
Арқаның кербез сұлу Көкше жеріне келіп қалғанымызда Мәриям апамыздың қызы Зәуре біздіжылы шыраймен қарсы алып, мөлдір көзі күлімдеп сәлемдесіп,аңқылдап сөйлей жөнелді: «Әттең, сіздер кешігіп қалдыңыздар, анам бүгін ғана Қостанай жеріне жол жүріп кетіп еді. Жасы бір ғасырға санаулы күндер қалса да,үйдеотыра алмайды, бір тыным таппайды,жақындағы шөберелерінен басқа алыстағы немерелерін де ойлайды, соларға қол ұшын беріп, көмегін аямайды. Сіздер білесіздер ғой, анамыздың ұлы даладай кең пейілдігін, дархан жүректілігін, қолынан бәрі де келетінін. Қазақ жай айтпайды ғой, «Ақылды қария – ағып жатқан дария» деп.
Артынан кездескенімде ардақты ана, жаны жайсаң Мәриям апам үйдеқолында инесімен іс тігіп отыр екен. Мені көріп, қуанғаннан қолындағы кездемесі түсіп кетті, ұялғандай: «Сапар, балам, деді, мен жай отыра алмаймын, ертең тұрмысқа шығатын немерем бар, соған ерекше сыйлығымды дайындап жатыр едім». Осындай жасқа келсе деапамыздың есінде сақтайтын қасиеті мықты, сипаты терең, сыры мол, көңілі жайдарлы.
Иә шынында, майдан тылының ардагері Мәриям Сыздыққызы өмірдің ащысын-тұщысын, кешегі өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыртпалығын көрген болса да, адамшылығын, бауырмалдығын, мейірімділігін, қарапайымдылығын, абзалдығын сақтап қалған ана. Әжеміздің ерекшелігін ертеден байқадым, ешқашан пенделік дүниеге бармайтынын, қолындағы нәрсесі болса, адамға беруге дайын тұратынын. Біреудің артынан өсек, жаман сөз айтпайтынын, адамдардың істеген істеріне, жетістіктеріне қуанып, балаларына, немерелеріне «сендер де осындай биіктерге жетіңдер» деп отыратынын. Осы күнге дейін апамыздың сыйластығы, қамқорлығы үлкен-кішіге бірдей.
Мәриям Сыздыққызы сонау бұрынғы Көкшетау, бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты бұрнағы Рузаев ауданындағы Мұқыр ауылында қарапайым отбасында 1925 жылы 3 шілде айында туған.Ұлы Отан соғысы басталғанда елдің жастары майданға аттанғанда, совхоздың, колхоздың шаруашылығы шал, кемпірлерге, балаларға қалды. Ал, Мәриямның әкесі Сыздық Мұсанов халыққа сыйлы, мейірімді, ақылды, бойында ерекшелігі, адамгершілігі бар, көп жылдан бері елде басшылық қызметте өзін жақсы жағынан таныта білген. Майданға баруға қанша сұранса да, оны аудан басшылары бронь арқылы жібермей, «Мұқыр» және «Алғабас» колхоздарының жұмыстарын басына артып қояды. 1941 жылдан бастап Сыздық Мұсанұлы соғыс аяқталғанға дейін көктемгі егіс, күзгі егін ору, мал бағу, шөп дайындау жұмыстары, нан, ет пен сүт, май жинап, майданға уақытында жіберу жұмыстарының жауапкершілігімен болды. Дархан жүректі адам білімге де құштар еді. Бірақ, еншісіне тылдағы таудай жұмыстар тиді. Оған көмекке келген жанжолдасы Бәтима, кішкентай қызы Мәриям. Олар осы жұмыстарды «Бәрі де майдан үшін, Жеңіс үшін!» деген бір ғана ұранмен атқарып, содан бар күшін аямады. «Шын жүрек – бір жүрек» демекші, Мәриям да анасымен бірге таңның атысы, күннің батысы жігерлерінің күштілігімен айдалада өгіздің соңынан еріп, жер жыртуға, егін оруға, шөп дайындауға көмектеседі. Соғыстың оқушы баланың жүрегіне салған салмағы оны да еңбекпен ерте есейтті.
«Жақсылық жасау – жүректің ісі» деп айтылады емес пе, сондай-ақ,жас қыз анасының соңынан еріп, ауылдардан майдандағы сарбаздарға жылы биялай, шұлық жинайды. Соғыстан жараланып, қол-аяқсыз елдеріне келіп жатқан жауынгерлерді шын жүрегімен қарсы алып, қол ұшын беріп, соларға жан жылуын төгеді. Кезінде тірі жүрген Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері Мәриям әженің мейірімдігін, ақкөңілдігін, тектілігін өмірден өткенше айтып жүрді. Осыны мен де естіген болатынмын. Соғыс аяқталып, Жеңіс келген күн анамыздың бүгінге дейін көз алдында:
– Ойпырмай, – деді ардагер, – Жеңісешқашан естен кетпейтін оқиға! Әкем жұмыстан таңатпай есіктен кіре, «Жеңіс келді, Жеңіс келді, соғыс аяқталды!» депайғай салды да, отбасымыздағыларды бетімізден сүйіп, құшақтап, мені көршілерге жүгіртті. «Қуана білу де, қуанта білу де бақыт» дегендей, қуанышты хабарды жеткізуге «ұшып»жөнелдім, көршілердің есік, терезелерін тақылдатып, ояттым. Жұрт есіктен тұра атып шығып, қуаныштары қойындарына сыймай, мені доп сияқты биікке лақтырды. Екі ортада ауданның басшылары, ата-аналар балаларымен біздің шаңырақтың қасында жинала қалды, бір-бірін құшақтап құттықтап, кейбіреулері көздерінен жас алып, майданда қаза тапқан туыстарын еске алып жатты. Әкем халықтың алдына шығып, бәрімізді Ұлы Жеңіспен шын жүрегімен құттықтады.
Айтқан сөздері әлі есімде: «Еліміздің ұл, қыздары Ұлы Отан соғысында фашизмге қарсы батырлық танытты, олардың ішінде біздің ауылдардың адамдары да бар. Бәрі де аманатына берік екендігін дәлелдеді. Бірақ та, мынаны ұмытпауымыз керек, қаншама сарбаздарымыз майдан жолында қаза тауып, жастық армандары, адал махаббаттары үзілді. Енді ешқашан соғыс болмауы үшін күресуіміз керек, бүгінгі жастарымызға батырларымыздың ерліктері үлгі-өнеге болуын ұмытпайық».
Осы мерекеге байланысты Ұлы Отан соғысының ардагері, атақты ақын Юлия Друнинаның мынадай өлең жолдары бар:
Біз екі рет тудық.
Және екінші рет,
Жеңіс күні болды,
Қалай осыны ұмытасың?..
Мәриям апа ойланып, көкейіндегі әңгімесін әрі жалғастырды:
– Қазақ халқы «Мың өліп, мың тірілген», не көрмеді дейсің. Соғыстың зардабынан басқа, бұдан бұрын болған Қазан төңкерісі, азамат соғысы, аштық заманықайда жатыр?! Оған қуғын-сүргін, репрессия зардабы қосылып, бәрі халықтың арқасына аяздай батты ғой. Мен сол зұлым жылдардың да дәмін татқан кісімін.
– Ал, аштық не істетпейді, – деді ана, – егіннің орнына масақ теріп, оны әкеліп алақанмен уқалаймыз. Сонан соң, аз-мұз дәнді жинап, түйгішке түйеміз. Ұлпасын собалақ нан қылып пісіреміз де, ірісін ботқа жасап қайнатып жейміз. Әкем детуған сіңілімкішкентай Мәрзия атты сүйікті қызымен бірге көретін осы сорақы өмірді. Басшы болса да қатал әрі таза кісі болды, үкіметтің жабдығына, бір нәрсесіне, әсіресе, бидайына, сүті мен етінеөзінің де қолы тимейтін, басқаларды да тигіздірмейтін. Әттең, соғыстың зұлымдығы, тылдағы ауыртпалық, әкемнің қиын заманда басшы болғаны маңдайына тиіп, зықысын шығарды. Сөйтіп, 1953 жылы өмірден ерте өтті.
Шөпшек сүйіп отырған ана әрі қарай:
– Тар жол тайғақ кешу жылдарынан аман-есен өтіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін Көкшетау облысына қарасты Айыртау ауданындағы «Елецкий» совхозында салық агенті, дүкенші болып еңбек еттім, отбасымды құрдым. Шаңырағымның ұйтқысы болып жағасы жайлау, иманды Кәкім деген адам кездесті. Кешегі батыр майдангер Кәкім Мақашұлы бораған оқтың, жалындаған оттың ортасында фашистермен соғысып, елге жаралы болып келіп, көп жылдар бойысовхозда көлік жүргізуші болып абыройлы еңбек етті. Еңбекте, өмірде танытқан ізгі қасиеттеріміздің арқасында жұбайымыз екеуміз жұрт ортасында құрметке бөлендік. Шаңырағымыз шаттыққа толып, өмірге үш ер бала Есләм, Серік, Берік, екі қыз бала Роза, Зәуре келді. Әттең, ұлдарым Есләм, Берік тепсе темір үзетін қос жігіт, бір-бір шаңырақтың иелері, дүниеден ерте өтті, өмірлері аққан жұлдыздай қысқа болды. Тағдырға не дейсің?! Есләм баламның жолдасы Зейнептің де өмірі қысқа болды. Қарапайым, кең пейілді, кіршіксіз ана еді. Ұлдарым істеген жұмыстарына мығым болатын, кішкентайынан техника жағын сүйіп, жұмысты беріле істейтін. Қыздарым Роза, Зәуре, келіндерім Марал, Қарлығаш та, бұларды да қызым деп атаймын,сол ұлдарым секілді білімді, адамгершіліктері мол, мейірімді, ақылды, еңбекқор. Кәкім екеуміз соларды таза болуға, адал еңбек етуге, шындыққа, біреудің ала жібін аттамауға, бауырмалдыққа үйреттік. Бүгін есептеп отырсам, Мақаш, азан шақырып қойған есімі Мұхаметжан, шаңырағының 82 жыл келіні болған екенмін. Жолдасым өмірден өтсе де, сол қыздарымның, келіндерімнің немере, шөберелерімнің, шөпшектерімнің қызығын көріп отырмын. Немерелерім Руслан, Марат, Болат, Талғат, Самат, Ерік, Сәбит, Майра, Роза, Гүлнәр, Бауыржан, Мәдина және Динара ерекше ыстық. Шөпшегім де жеткілікті. Сағынып аттарын атап отырамын, шөберемнің де саны біразға барып қалыпты. Айлин атты шөпшегім мектеп-лицейде оқиды.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші, құдайға шүкір, барға ризамын, жоққа сабырмын. Менің тілегім, аспанымыз ашық, тыныштық пен ынтымақ, татулық болып, қашанда жастарымыздың ырыздығы кемімесін. Апамыздан осы ғибратты сөзіне қоса, тағы бір айтып кететін жайт, ол кісінің жасы ұзағынан болғанына тек еңбекқорлығы, мейірімділігі, жанұядағы береке-бірлік қана емес, мұның ішінде әншілігі де оң әсер еткен сияқты. Қазақтың халық әндерін, Шәмшінің «Қайықта», «Арыс жағасында», «Цыган серенадасы», тағы басқа туындыларын шырқамаса, өмір тоқтап қалғандай сезінеді екен. Тағы бір қасиеті, күні кешеге дейін көрпе, жастық тігумен айналысқан.
Еліне қиыншылық туғанда қаршадай кезінен ауыртпалықтан тайынбаған, мәпелеп ұл, қыз өсірген, олардың бойына ұлағат, ізгілік дәнін сепкен Мәриям апамыздың адалдығы, бауырмалдығы, қарапайымдылығы, сабырлығы мен шыдамдылығы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болмақ. Көпті көріп, көңіліне көп оқиғаны түйген қарияның біздерге деген ғибраты осындай.
Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,
отставкадағы полковник, әскери журналист.
Суретте: Мәриям апа ұрпақтарының бір тобы.
![]()

