Өткен демалыс күндері Көкшетауда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүгіріп жүріп қоқыс жинау шарасы өтті. Бұл экологиялық қозғалыс плоггинг деп аталады. Мұнда жүгіру мен қоқыс жинау бірге ұштастырылады. Швецияда өмірге келіп, әлемге танымал болған бұл шараны біздің өңірде де ұйымдастыру қолға алынып жүр. Бұл жолы Көкшетаудағы осындай экологиялық шараға бір мыңнан астам адам қатысты. Олардың басым бөлігі жастар.
Шара Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бас ғимаратынан басталды. Қатысушылар қала іші мен Бұқпа тауына қарай бет алып жүгірген бойы көзге түскен қоқыстарды жинап, аумақты тазалап отырды.
– Мұндай бастамалар экологияны жақсартып қана қоймай, адамдарды да өзара біріктіре түседі. Қандай шаруаны қолға алсақ та барлығы адамның өз жеке белсенділігінен басталатыны белгілі. Осы орайда, плоггингке шыққан көкшетаулықтардың баршасына ризашылығымыз зор, – дейді қала әкімі Әнуар Күмпекеев.
Әкімнің айтуынша, мұндай экологиялық акциялар жастар арасында жауапкершіліктің жаңа мәдениетін қалыптастырып, экологиялық бағыттағы мұндай шаралардың өмір салтына айналуына серпін береді.
Алғашқы плоггинг Көкшетау қаласында былтыр ұйымдастырылған еді. Ол кезде небары елуге жуық адам жиналса, бүгінде ауқымы айтарлықтай ұлғая түскен. Қатысушылар саны мұнымен шектелмейтіні анық. Ұйымдастырушылар осындай акцияны апта сайын өткізуді жоспарлап отыр. Демек, бірден бірге естіп, игі іс жандарын баурап, оған өз еріктерімен қосылушылар қатары ұлғая бермек. Өйткені, облыс орталығында өз қаласына шындап жаны ашитындар шоғыры мол.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

