Мәдени мұра
Сандықтау өңірінде соңғы жылдарда 5 балбал тас табылған. Оның екеуі Сандықтау ауылының маңында, біреуі Каменкада, тағы бірі Бастырымовка елді мекендеріне жақын жерде анықталды.
Ал, соңғысы әрі ең құндысы – аудан орталығы Балкашино ауылы маңында Жабай өзенінің жағасынан табылған көне тас. Мамандар оны біздің дәуіріміздің IV-V ғасырына жатқызуда. Бұл – Солтүстік Қазақстанда алғаш рет анықталған ірі ескерткіш болып отыр.
– Балбал тастың тамыры тым тереңде. Көлемі ірі, әдепкі тастар тәрізді болғандықтан, орнынан оңайлықпен жылжыта алмайсың. Тасқа қашап сызылған адам бейнесі жергілікті археологтардың ғана емес, шетелдік зерттеушілердің де назарын аударып отыр. Себебі, мұнда адамның бет әлпетіне ұқсас бейнеден бөлек, анықтап қараса көрінетін өзіндік жазулары бар, – дейді дейді Сандықтау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Меңдібай Қопабаев. – Бұндай тас негізі бұрын-соңды Солтүстік Қазақстанда кездеспеген. Осы біздің ауданнан табылып отыр. Археологтар келіп, осы жерде тағы да қазба жұмыстарын жүргізеді. Ата-бабаларымыз қашап жазып кеткен ғой, ұрпақтарымыз біліп жүрсін деп.
2019 жылы ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған осы музей қорында 700-ге жуық жәдігер сақтаулы. Музей әлі де көне тұрмыстық бұйымдармен, аймақтың археологиялық және этнографиялық жәдігерлерімен толықтырылып келеді. Сонымен қатар, мұнда ашаршылық жылдарындағы мәліметтер мен Екінші дүниежүзілік соғыс қару-жарақтарын да кезіктіруге болады.
Сөз ретіне қарай айта кетсек, ауданнан 7 Кеңес Одағының Батыры шыққан. Аудандық музей бүгінде мектеп оқушыларына тұрақты түрде экскурсия ұйымдастырып отырады. Музей қорына қосылатын балбал тас мұндағы тағы бір құнды жәдігер болмақ.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.
![]()

