Мәслихат депутаттарын да ойландыратын тұстар көп

Туризм

Көрікті Бурабай баурайында Ақмола облыстық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Саят Сыздықовтың төрағалығымен облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының және Ақмола облысы мәслихаттарының қызметін үйлестіру жөніндегі Кеңестің бірлескен көшпелі отырысы болып өтті.

Депутаттарға қоса, бұл отырысқа Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов және Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қабдуәли Құлышев пен қоғам мүшелері қатысты. Қатысушылар өңірдің туризм саласының жай-күйі мен даму көкжиегі мәселелерін қарастырды. Өйткені, осы мәселелер алдағы қыркүйек айында өтетін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына шығарылмақшы.

Кеңес отырысына төрағалық еткен Саят Сыздықов Щучье-Бурабай курорттық аймағының туристік нысандары біздің облыстың осы салада қаншалықты зор әлеуетке ие екендігінің айқын дәлелі болатынын атап өтті.

– Бүгін біз өзара ой-пікірлермен ғана алмасып қоймай, сонымен қатар, нақты ұсыныстар мен өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылаймыз деп үміттенемін. Осы саланың дамуына шынайы үлес қосуға бағытталған ашық әрі мазмұнды әңгіме боларына сенімдімін, – деп атап көрсетті өзінің кіріспе сөзінде Саят Сыздықов.

Отырысты әрі қарай Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, депутат Әбілқайыр Ошақбаев жалғастырды.

Ол аймақтың айтарлықтай туристік әлеуеті бар екенін, алайда, қаржыландыру мен инфрақұрылымға қатысты түйткілдер әлі де өзекті күйінде қалып отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, билік тарапынан нақты істердің болуы жоспарларды табысты жүзеге асыруға және туризмді өңірдің басты бір табыс көзіне айналдыруға үміттендіреді.

Кеңес отырысында депутаттар алдында Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский, «Бурабай даму» ЖШС директорының орынбасары Сүлеймен Қадыров және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркі директорының орынбасары Венера Нұғыманова баяндама жасады.

Ақмола облысында Щучье-Бурабай және Зеренді курорттық аймақтары, «Бурабай», «Көкшетау», «Бұйратау» ұлттық парктері және Қорғалжын қорығы орналасқан. Облыстық туризм басқармасының ақпараты бойынша өңірде 650-ден астам туризм мекемесі жұмыс істейді, оның ішінде 374 орналастыру нысаны, 15 санаторий, жол бойындағы 196 сервистік қызмет орны және 76 туристік компания бар.

Отырыс барысында депутаттар өңірдегі туризмді дамыту бойынша бірқатар бастамаларды көтерді. Өнеркәсіптік және мәдени туризмді дамыту, әлемдік жұлдыздардың қатысуымен концерттер өткізу үшін алаңдар құру жөнінде ұсыныстар айтылды. Туризм басқармасы басшысының ақпараты бойынша туристік инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отырған 12 аудан анықталған.

Отырысқа қатысушылар Степногорск қаласында туризмді дамыту бойынша жеке тұжырымдама әзірлеуді, сондай-ақ, марафондар мен жарыстарды елордадан Астанаға жақын аудандарға көшіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен бірге, туризм басқармасынан веложарыс пен марафон сияқты спорттық жарыстарды қолдау күтілуде. Туризм басқармасының қатысуымен тоқсан сайын бүгінгі қаралып отырған мәселелерге мониторинг жүргізу, тиісті бастамаларды талқылау және саланы дамыту стратегиясын нақтылап отыру үшін бірлескен отырыстар өткізу туралы ұсыныс айтылды.

Сонымен қатар, депутаттар туристік нысандарға апаратын жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына назар аударды. Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту тұжырымдамасы туралы сұраққа басқарма басшысы Андрей Подгурский бір ай ішінде туристік қызметтердің сапасын арттыру және қосымша орындарды дамыту шаралары көзделген кешенді жоспардың жасалатынын айтты. Сондай-ақ, депутаттар тарапынан басқарманың инфрақұрылымды кеңейту және экологиялық таза көлікті енгізу арқылы туристік нысандардың жүктемесін азайтуы ұсынылды.

Көшпелі мәжіліске қатысушылардың ойынша, мұндай кездесулер сындарлы диалогқа ықпал етіп, өзекті проблемаларды дұрыс бағытта тереңірек пысықтауға мүмкіндік береді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар