Базарлар жұмысы сапалы деңгейге көтеріледі

Халық және нарық

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының Сауда және қызмет саласы кеңесінің кезекті отырысында сауда қызметін реттеудегі өзгерістер мен жаңа өлшемдер талқыланды.

Заңнамаға сәйкес, 2015 жылдан бастап базарларды жаңғырту бойынша талаптар көзделген. Негізгі мақсат – тұтынушылар мен кәсіпкерлік субъектілері үшін  қауіпсіз және жайлы жағдай жасау. Бұған дейін жаңғырту мерзімдері объективті себептерге байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын. Алайда, жаңа талаптарға сәйкес осы жылдың 31 желтоқсанына дейін бүкіл еліміз бойынша базар иелері өз нысандарын жаңғырту жұмыстарын аяқтауы тиіс. Бұл талап жаңа заңнамалық нормаларда бекітілген және сатып алушылар үшін де, кәсіпкерлер үшін де сауда жағдайларын жақсартуға бағытталған.

Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалиннің атап өткеніндей: «Қызметінің негізгі түрі сауда орындарын жалға беру болып табылатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар сауда объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және заңнаманың талаптарына сәйкес инфрақұрылымды жаңғыртуды жүргізуге міндетті».

Жол картасы аясында 2025 жылдың соңына дейін бүкіл ел бойынша 100 сауда нысанын жаңғырту жоспарланған. Жаңғыртудың негізгі бағыттарына қауіпсіздік деңгейін арттыру, санитарлық және өртке қарсы жағдайларды жақсарту, сатып алушылар мен сатушылар үшін қолайлы инфрақұрылым құру, онлайн-төлем мен электрондық жалдау жүйесін қоса алғанда, цифрлық шешімдерді енгізу кіреді.

Қазіргі кезде облыс орталығы Көкшетау қаласында «Восточный» көтерме-бөлшек сауда базарын жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоба «Қазақстан Халық банкі» АҚ және «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 350 миллион теңгеден асады, бұл ретте, құрылыс және монтаждау жұмыстарының 90  пайызға жуығы орындалды. Нысан биылғы қыркүйек-қазан айларында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

– Облыста жаңғырту жұмыстары басталған кезде 25 сауда базары бар болатын. Алайда, жүргізілген нақтылау жұмыстарына сәйкес, көптеген иелері қызмет түрін сауда базарларынан сауда үйлеріне өзгертті, бұл құқықтық талаптарды қолдану ісін де қиындатады. Базар – орталықтандырылған басқару, күзет, санитарлық қызмет көрсету буындары, сондай-ақ, көлік тұрағы үшін инфрақұрылымы бар сауда қызметін ұйымдастыруға арналған жеке меншік кешен. Ол сәулет-құрылыс, санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы және басқа да талаптарға сай болуы тиіс, – деп атап өтті кеңес отырысында сөйлеген сөзінде Самат Сайдалин.

Базарларда жабдықталған сауда орындары, әкімшілік-тұрмыстық және қойма үй-жайлары болуы, сауда орындарын орналастыру сұлбасы, эвакуациялау ережелері, жалдау шарттары, бос орындардың болуы, жауапты тұлғалардың байланыс деректері, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ақпарат орналастырылуы тиіс. Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар базар жұмысының регламентін бекітуге, барлық сауда объектілеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға, көтерме және бөлшек сауда аймағын ұйымдастыруға, ақпараттық жүйе арқылы тіркелуге және қызметті жүргізуге, жалдау ақысын төлеудің қолма-қол ақшасыз тәсілін қамтамасыз етуге, келісім-шарттар болған кезде автодүкендер саудасын ұйымдастыруға міндетті. Өңірлік палата директорының орынбасары Расул Сыздықов осы реттегі жауапкершілік шаралары туралы айтты.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 204-2-бабына сәйкес, базар иелеріне бекітілген жұмыс регламентінің жоқтығы, ішкі сауда субъектілерінің тең қолжетімділігі, ақпараттық жүйе арқылы тіркеу және жұмыс істеу, сауда инфрақұрылымын жаңғырту, көтерме және бөлшек сауданы аймақтарға бөлу, сондай-ақ, келісім-шарттар болған кезде автотасымалдар арқылы сауда ұйымдастырудан бас тарту, қолма-қол ақшасыз төлем бойынша талаптарды орындамағаны үшін тиісті жауапкершілік көзделген, жалға алу және тағы басқа заң бұзушылықтар үшін ескерту жасалып, ол олқылықтар қайталана беретін болса, оның соңы тиісінше айыппұл салуға әкеп соғады, – деді ол.

Сонымен, кеңес отырысында баса атап көрсетілгеніндей, жыл аяғына дейін базар иелері өз сауда орындарын Кодексте белгіленген ережелер бойынша тиісті тәртіпке келтірулері керек. Бұл базардағы сауданың жай-жапсарына тек қана оң әсерін тигізеді деген үміт бар.

«Арқа ажарының»  өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар