Оқырман таңдаған 100 кітап

Руханият

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдап, кітап оқуға деген құштарлық – қоғам дамуына ықпал ететін аса маңызды құндылық екенін атап өткен болатын.

Президенттің осы бастамасы негізінде 2024 жылдан бастап 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде ресми түрде аталып өтуде. Бұл күн аясында елімізде отандық әдебиетті кеңінен насихаттауға, оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды жобалар қолға алынды. Солардың маңыздыларының бірі – «100 кітап» жобасы.

«100 кітап» – бұл тек халыққа көркем әдебиеттің таңдаулы туындыларын ұсыну ғана емес, ұлт руханиятының терең тамырын танып, болашаққа бағыт беретін мәдени жоба. Жоба аясында 2025 жылдың 23 сәуірі мен 9 тамызы аралығында жалпыхалықтық сауалнама ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңірінен 100 мыңнан астам адам қатысып, өздері сүйіп оқыған және өзгелерге ұсынуға лайық деп тапқан шығармаларға дауыс берді. Қоғамдық талғам негізінде жасақталған үздік 100 кітап тізімі – қазақ әдебиетінің жан-жақтылығын, рухани тереңдігін және көркемдік қуатын паш етіп берді. Қорытынды тізімге ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы, Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» повесі, Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» тарихи эпопеялары, сондай-ақ, «Аласапыран», «Талтүс», «Түнде атылған оқ» сынды шоқтығы биік туындылар енді. Бұл шығармалар ұлттық сананы қалыптастырып, оқырманға терең ой, өмірлік бағыт-бағдар беретін рухани мұра ретінде бағаланып отыр.

Аталған жоба аясында Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында «100 кітап» тізіміне енген әдебиеттерді кеңінен насихаттау мақсатында арнайы кітап көрмелері мен әдеби іс-шаралар өткізу көзделіп отыр. Мұндай бастамалар – оқырмандарды көркем әдебиетті тереңірек тануға жетелейтін, жастар арасында оқу мәдениетін жандандыруға бағытталған  қадам.

Қалалық қазақ кітапханасының тұрақты оқырманы, колледж студенті Айдана Серікқызы бұл жобаны рухани серпіліс ретінде қабылдайтынын айтады:

– «100 кітап» жобасымен алғаш танысқан сәттен-ақ өзім жақсы көріп оқыған шығармалардың осы тізімде бар екеніне қуандым. Әсіресе, Абайдың қара сөздері мен Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы мен үшін ерекше. Бұл жоба алдыңғы кезекте бізге нендей әдеби туындыларды оқу керек екенін көрсетеді. Осындай игі бастамалар кітапқа деген қызығушылықты оятып, рухани дамуымызға үлкен әсер етеді деп ойлаймын.

Иә, расында да «100 кітап» жобасы ұлт руханиятын жаңғыртуға арналған жүйелі бастама. Өйткені, кітап оқуға құштар ұлт әлем өркениетінен де ойып тұрып өз орнын алады.

Жанар АЙТҚОЖИНА,
Көкшетау  қалалық қазақ үлгілі кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар