Ақмолада синтетикалық есірткілердің таралуы қоғам үшін үлкен қауіп төндіруде. Бұл туралы облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Досанов мәлімдеді.
Есірткі – бүгінгі қоғамның ең өзекті әрі күрделі қауіп-қатерлерінің бірі. Ол адамның жүйке жүйесін улап, психикасын әлсіретіп, рухани азғындауға әкеледі. Салдарынан толық физикалық қажу мен денсаулықтың әлсіреуі орын алады. Кейбір жастар «зиянсыз есірткілер» бар деген қате ұғымға сеніп жүр. Шын мәнінде, мұндай түсінік өте қауіпті екені бесенеден белгілі. Есірткінің кез келген түрі денсаулыққа орны толмас зиян әкеледі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде мефедрон, «тұз», «спайс» секілді синтетикалық есірткілер кеңінен таралып жатыр. Интернет арқылы қолжетімділігі және «зиянсыз» деген жалған түсінік жастарды нашақорлыққа итермелеуде.
Биылғы қаңтар-шілде айларында облыста осы бағытта 186 құқықбұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34 дерекке көп. Тіркелген 95 қылмыстық істің 81-і есірткі сату дерегі болса, 8-і – есірткі өсіру, 3-еуі оны аса ірі көлемде сақтау, тағы 3-еуі заңсыз жарнамаға қатысты болған. Сондай-ақ, 91 қылмыстық теріс қылық анықталып отыр. Заңсыз айналымнан 108,6 келі есірткі тәркіленген. Оның ішінде 5,5 келі гашиш, 9 келі марихуана және 7 келі синтетикалық есірткі бар. Полиция қызметкерлері биылдың өзінде 9 фитонарколабораторияны әшкерелеп, есірткі жеткізудің 5 арнасын жойды. Сонымен қатар, синтетикалық есірткі сатумен айналысқан 23 есірткі тасымалдаушы ұсталды.
Жыл басынан бері интернеттегі бақылау жұмыстары күшейтілді. Мониторинг нәтижесінде есірткі жарнамасына қатысты 950 сілтеме анықталып, «Кибернадзор» базасына енгізілді. Ал «Антифрод» жүйесінде 1359 материал тіркелді.
Есірткіге қарсы күрестің басты бағыты – нашақорлықтың алдын алу. Биыл бұл жұмысқа облыстық бюджеттен 10 миллион теңге бөлінген. Жеті ай ішінде өңірде 672 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 28 акция, 11 дөңгелек үстел, 13 семинар, 436 дәріс және 75 кездесу бар. Жалпы, бұл жұмыспен 48 мыңнан астам адам қамтылды, олардың басым бөлігі – оқушылар мен студенттер. Сонымен қатар, облыста есірткімен күрес жөніндегі өңірлік профилактикалық кеңес құрылды. Оның құрамында жастар, спортшылар, дәрігерлер, блогерлер мен полиция өкілдері бар. Кеңес жазғы демалыс кезінде 30-дан астам алдын алу акциясын өткізді. Маусым айында халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай, облыста антинаркотикалық айлық ұйымдастырылып, шамамен 100 іс-шара өткізілді.
Ақпараттық жұмыста да белсенділік байқалады. Биыл өңірлік және республикалық БАҚ-та есірткіге қарсы күрес тақырыбында 359 материал жарияланған. Оның 262-сі республикалық деңгейде жарық көрген.
–Ақмола облыстық полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы жүйелі күресті жалғастыруда. Бұл бағыттағы басты мақсат – азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғау, –деді өз сөзінің соңында Дархан Досанов. Лайым солай болғай.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.
![]()

