Орта буын кадрлар ұстаханасы

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануы бекер емес. Бұл тек қана атаулы шара емес, бұл – елдің болашағы үшін, қоғамның тұрақты дамуы үшін жасалған маңызды қадам.

Өйткені, Қазақстанның ертеңгі экономикасы мен өркениеттік бағыты тек ғылыммен, ірі жобалармен ғана өлшенбейді. Ең алдымен қарапайым, бірақ қоғам үшін ауадай қажет жұмысшы күшінің сапасы, олардың кәсібилігі, табандылығы мен шеберлігі маңызды рөл атқарады.

Таяуда Көкшетау жоғары техникалық колледжінің ғимараттарына ұйымдастырылған баспасөз туры кезінде осыған көзіміз жетті. Колледж қабырғасында жүрген студенттермен кездесіп, олардың жетістігін, мемлекет жасап отырған жағдайды көзбен көру – ел ертеңінің қандай жастардың қолында екенін айқындап берді. 19 тамыз күні Көкшетау жоғары техникалық колледжіне ұйымдастырылған баспасөз турына республикалық және жергілікті БАҚ-тың 14 өкілі қатысты. Келушілер қатарында «24.kz» тілшісі – Балтабаев Абзал, «Tengrinews.kz» редакторы – Сабекова Ботагоз және «Qazaqstan» ұлттық арнасынан Бибінұр Әмірханқызы мен облыстық «Kokshe» телеарнасынан Евгений Варанкин есімді әріптестеріміз бар.

Көкшетау жоғары техникалық колледжі директорының міндетін атқарушы – Азықия Магавина сапарды ұйымдастырып, оқу орнының жұмысын БАҚ өкілдеріне таныстырды. Іс-сапар аясында колледждің негізгі корпусында орналасқан дрондарды бағдарламалау зертханасы, 1С сертификатцияланған оқу орталығы және IT, Data & Steam технологиялары кабинеттерімен таныстық. Кейін №1 оқу-өндірістік корпустағы жылуэнергетика, мехатроника, электротехника және электроника бағытындағы орталықтарды аралап, студенттердің тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға арналған заманауи жабдықтарды көрдік. Сондай-ақ, №2 мен №3 оқу-өндірістік корпустардағы геодезия, мебель өндірісі, дизайн және полиграфия, дәнекерлеу, құрылыс және автокөлік жөндеу салаларына арналған оқу орталықтарында болдық.

Колледждің тыныс-тіршілігімен танысқан сәтте бір нәрсені анық байқауға болады: бұл оқу орны – тек диплом алатын жер емес, бұл – нағыз өмір мектебі, болашақ еңбек адамының ортасы. Мұнда білім алған әр студент ертеңгі күні еліміздің өндірісін, ауыл шаруашылығын, құрылыс пен инфрақұрылымды алға сүйрейтін кадрға айналады. Осы тұста түлек пікірін білген едік.

– Оқуды осында оқып, тәмамдадым. Кейін «КАИК» зауытына жұмысқа орналастым. Жұмысым жақсы. Жалақы да жаман емес. Жаңа жұмысшылар көп келіп жатыр. Келген студенттерді үйретеміз. Түрлі станоктарды меңгеріп, әдістерін көрсетеміз, – дейді «Қазақстан аграрлық инновациялық корпорациясы» серіктестігінің металл кесуші маманы Ержан Манарбек.

Студенттердің жетістігі де көңіл қуантады. Бірі – автомеханик, бірі – электрші, енді бірі – дәнекерлеуші мамандығын игеріп жүр. Ал олардың еңбегін мемлекет дуалды білім беру жүйесін енгізу арқылы қолдап отыр. Яғни, жастар теорияны оқумен қатар, кәсіпорындарда тәжірибе жинайды. Бұл – еңбекке ерте араласуға, қолынан іс келетін маман болып шығуға берілген мүмкіндік. Оқу озаттары қатарластарынан оқ бойы озып келеді.

Мәселен, ақыл-ой мен жаңашылдыққа бейім жастардың бірі – Әлішер Өтегенов «ADILET.AI» қолданбасын жасап шығарған. Студенттің сөзінше, аталған қосымша заңның терминдері мен түсініктерін жалпақ жұртқа ұғымды тілмен жеткізу үшін жасалған. Себебі, бүгінде заңгерлердің көмегіне қарапайым азамат жүгінгісі келсе, қомақты қаражат төлеуге мәжбүр.

Ал, «ADILET.AI» қосымшасы арқылы бұл қызметтердің барлығы жеңіл әрі қолжетімді бола түспек. Қолданбаның қыр-сырына ойысар болсақ, ең әуелі оның жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Бірінші кезекте, заңның тілін «бір кісідей» жетік меңгерген, әрі  ресми мәтіннің мән-мағынасын толық ашып, түсіндіруге қауқарлы – NLP жүйесімен жұмыс істейтін жүйені атап өткен жөн. Сондай-ақ, ол кез келген терминді жақсы түсіндіріп, қарапайым тілге айналдыра алады.

Жастардың бойынан тек еңбекқорлық емес, нағыз патриотизмнің де ұшқынын көруге болады. Өйткені, ел өркендеуіне үлес қосу – тек саясаткердің немесе ірі кәсіпкердің ғана үлесі емес, бұл жағы қарапайым жұмысшының да қолында. Құрылысшы салған мектеп, дәнекерлеуші жалғаған құбыр, механик жөндеген трактор – мұның бәрі халықтың тұрмысын жақсартатын тіршілік көздері.

Ақиқатын айту керек, ұзақ жылдар бойы жұмысшы мамандықтарына қоғамның көзқарасы төмен болды. «Жоғары білім алмасаң, өмірде жолың болмайды» деген түсінік қалыптасты. Соның салдарынан елде білікті жұмысшы жетіспеді. Бірақ, уақыт бәрін өз орнына қойды: бүгінде жұмысшының еңбегінің құны қайта көтеріліп, қоғам да, мемлекет те оның мәртебесін мойындай бастады.

Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жұмысшы мамандықтары  жылы» – осы олқылықты түзеудің нақты жолы. Колледж студенттері қазірдің өзінде еңбек нарығына қажет кадрға айналып отыр. Олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші де жоғары. Кәсіпорындар жас мамандарды күтіп алуға дайын, ал, колледж өз тарапынан заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге тырысуда. Әсіресе, техникалық мамандықтарға сұраныс күннен күнге артып келеді. Жаңа өндірістер, индустриялық аймақтар, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар – бәрі де жұмысшы қолына мұқтаж. Ал, бізде мұндай мамандардың жетіспеуі – экономиканың негізгі тежегішінің бірі. Демек, колледж түлектері – бұл бос сөз емес, елдің стратегиялық қорына айналып отыр. Бір жақсысы, студенттердің өзі мамандығын мақтан етеді. Қолына құрал-сайман ұстаған жас жігіт «Менің еңбегім – елдің игілігі» деп ашық айтады. Бұл сөз – жай ұран емес, бұл – олардың ішкі сенімі. Өйткені, шынайы еңбек адамы өз миссиясын жақсы түсінеді: Ол қоғамның негізін ұстап тұрған тұлға. Оқу орнында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдай да назар аударарлық. Студенттерге шәкіртақы төленеді, жатақхана қарастырылған, өндірістік тәжірибеден өтуге жол ашылған. Бұған қоса, колледждерге жаңа жабдықтар жеткізіліп, оқу процесі халықаралық стандарттарға сай қалыптасып келеді. Бұл – болашақ мамандардың кәсібилігін арттыруға зор қолдау. Жастардың жетістігі де аз емес. Халықаралық WorldSkills чемпионаттарында топ жарып жүрген студенттер – соның айғағы. Олар дәнекерлеу, электрмонтаж, ІТ-технология, құрылыс саласында өз шеберлігін дәлелдеп, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Ал, мұндай жеңістер елдегі кәсіби-техникалық білімнің беделін көтереді.

Қазір колледж қабырғасындағы студент – ертеңгі күні ауылға барып трактор жүргізеді, қалаға барып көпір салады, өндірісте жаңа технологияны игереді. Оның осы ұмтылысын бағаламау, қолдамау – өз болашағымызға балта шабу. Осы орайда, қоғамға ой салатын бір нәрсе бар: біз жұмысшыны тек еңбек адамы деп емес, нағыз интеллектуалдық еңбек иесі деп тануымыз керек. Өйткені, қазіргі техника, қазіргі өндіріс – қарапайым физикалық күшті ғана қажет етпейді. Ол – білімді, озық технологияны игерген, ойлай білетін, шешім қабылдай алатын адамды керексінеді. Демек, жұмысшы – заманның нағыз қалаулысы деуімізге болады.

Иә, Көкшетау жоғары техникалық колледждің қабырғасындағы жастардың өз еңбегімен, шеберлігімен және мамандығына деген адалдығымен өңірімізді алға сүйрейтіні анық. Елімізде жұмысшы мамандықтарын қолдау – жастардың жұмыссыз қалмауына, қоғамнан өз орнын табуына жол ашады. Бүгінде қаракөз ұл-қыздардың көбі мамандық таңдағанда, ең алдымен еңбек нарығының жай-жапсарын ойлайды. Ал, дәл қазір ең қажет мамандықтар  осы жұмысшы кәсіптері  дер едік.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.

Суреттерде: студенттердің тәжірибе сабақтарын өндіріс шеберлерімен  колледж директоры Ақнұр Есләмова өзі қадағалайды; оқу орны шеберханаларындағы жұмыс сәттері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар