Ауылынан аянып қалмаған

Өнеге

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында облысымыздағы озат шаруашылықтардың бірі – «Ен-дала» ЖШС-ында болды.

Ақмола облысының кәсіпкерлері тек өз істерін дамытып қана қоймай, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға да айтарлықтай үлес қосып келеді.

Осындай шаруашылықтардың бірі – Целиноград ауданының Мәншүк ауылында орналасқан «Ен-дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 1998 жылы құрылған кәсіпорын егін және мал шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы мұнда 2 мың бас ірі қараға арналған мал шаруашылығы кешені ашылды. Оның қуаты жылына 12 мың тоннаға дейін сүт өндіруге жетеді. Ол сүт одан әрі өңдеу үшін «Родина» Агрофирмасы» және «Нәтиже» серіктестіктеріне жеткізіледі.

«Ен-дала» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің табысты үлгісі болып табылады. Өткен жылдары ауылда тұрғындар үшін шамамен 5 мың шаршы метр тұрғын үй, екі дүкен салынды. Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері тегін тамақпен қамтамасыз етіледі, әлеуметтік нысандар жыл сайын жөндеуден өтіп жатады. Ауылда қауіпсіздік мақсатында 16 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қазіргі уақытта серіктестік есебінен елді мекенді абаттандыру жұмыстарымен қоса, 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, шаруашылықтың 370 қызметкері жоғары жалақыдан бөлек, толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген.

Шаруашылық диқандарының айтуынша, биыл жақсы өнім күтілуде. Бұған тек қолайлы ауа райы ғана емес, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да игі ықпал етуде. Бүгінгі күні егіс алқаптарының 25 пайызы жиналды, орташа өнім түсімі гектарына 16-17 центнерді құрайды. Жалпы, мұнда 23 мың гектарға жуық дәнді дақылдар және 1,6 мың гектар майлы дақылдар егілген.

–Қазір ауыл еңбеккерлеріне мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Айталық, техника лизингке беріліп, субсидиялар бөлінеді. Жылдың басында жеңілдетілген несие іске қосылды. Баға саясаты жұмыс істейді, оған сәйкес алдағы қараша айында астықты тиімді бағамен сатуға болады. Сонымен қатар, өңірде тауарлық емес астықты қайта өңдейтін зауыт салынады. Сондай-ақ, астықты Эстония порттары арқылы Еуропаға жеткізу жолы жолға қойылды. Яғни, біздің астығымызға сұраныс болу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Сондықтан, агромәдениетті дамытып, ауыл шаруашылығына заманауи тәсілдерді енгізу де күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі, – деді облыс әкімі егіншілік саласы қызметкерлерімен әңгімесінде.

Сондай-ақ, Марат Ахметжанов ауыл шаруашылығы саласында кадр тапшылығын шешу жолдарын айтып, қызметкерлердің балаларына инженерлік, аграрлық және техникалық мамандықтар бойынша 4 грант пен стипендия бөлуді тапсырды.

Облыс әкімі серіктестіктің мал шаруашылығы кешенін де аралады. Серіктестік директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Ғалым Қойлыбаевтың айтуынша, тауарлы-сүт фермасында голштин тұқымды 2,7 мың ірі қара мал бар, онда 75 адам еңбек етеді. Бұл асыл тұқымды малдың ерекшелігі ауа райының суықтығына төзімділігі.

Жұмыс сапарының соңында Марат Ахметжанов ауыл көшелері бойындағы жол желісін күрделі жөндеу барысымен танысты, сондай-ақ, фельдшерлік-акушерлік пунктте болды.

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар