Пилоттық жоба қосшылықтарды пәтермен қамтамасыз етуді көздейді

Қосшы қаласына жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов банк өкілдеріне осы қаладан сатып алынған пәтерлердің сертификатын табыс етті.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Ақмола облысының әкімдігі Қосшы қаласынан 371 пәтер сатып алды. Облыс әкімі осы пәтерлерді мұқтаж азаматтарға үлестіру үшін «Отбасы банк» акционерлік қоғамына тапсырды. Елімізде алғаш рет осы Қосшы қаласында тұрғын үйді бөлу бойынша пилоттық жоба іске қосылып отыр.

–Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, баспананың ең алдымен, мұқтаж азаматтарға берілуі басты назарда ұсталуы керек. Тұрғын үйді бөлу бойынша пилоттық жобаның дәл осы Қосшыда басталғаны құптарлық. Бөлінген 371 пәтердің 261-ін әлеуметтік осал топтағы отбасылар жаңа бағдарлама аясында жекешелендіру құқығымен жалға алса, қалған пәтерлерді  110 отбасы несиеге ала алады, – деп атап өтті өз сөзінде өңір басшысы.

«Отбасы банк» акционерлік қоғамы өңірлік филиалының директоры Алмат Нұрахметовтың айтуынша, пилоттық жоба аясында толық ашықтық қағидаты енгізілген.

–Барлық үдеріс автоматтандырылып, адам факторы жоққа шығарылған. Жүйе пәтер кезегін өзі айқындайды, әр азамат тәулік бойы онлайн режимде өз мәртебесін қадағалай алады, – деді ол.

Қосшы қаласының тұрғыны, депутат Ирина Осипова:

–Бұл қарқынды дамып келе жатқан жас қаламыз үшін ауқымды оқиға екендігі анық. Ол тұрғындарымызға жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашып, өмір сүру сапасын арттыруға игі ықпал етеді. Жобаның арқасында отбасыларымыз заманауи әрі жайлы пәтерлерге қол жеткізетін болады. Бұл өз кезегінде тұрақтылық пен берекеге жол ашады, – деп өз ойымен бөлісті.

Сөз ретіне қарай айтатын болсақ, соңғы екі жылда Ақмола облысында мемлекеттік қолдау шаралары арқылы 4787 отбасы баспанамен қамтылды, оның ішінде 1536 пәтер мұқтаж азаматтарға берілді. Бұл – соңғы жеті жылдағы рекордтық көрсеткіш. Тек Қосшы қаласында ғана биылдың өзінде 560 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болып отыр.

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар