Әкім – іс үстінде
Қосшы қаласында 1500 орындық мектеп құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен педагогикалық еңбек ардагері Айсұлу Сәрсембаева қатысты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі өңірдің дамуы үшін сапалы білімнің маңызын атап өтті:
–Мемлекет басшысының Жарлығымен қала мәртебесін алған Қосшы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жылда оқушылар саны 40 пайызға артып, 12 мыңға жетті. Мектеп жасына дейінгі балалардың саны 9 мыңнан асты. Сондықтан, Қосшыда жаңа мектептер салу – ең маңызды міндеттердің бірі. Бүгін біз жаңа мектептің іргетасын қалап отырмыз, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Ұлағатты ұстаз Айсұлу Сәрсембаева да бұл оқиғаның мән-маңызына тоқталды.
–Жас ұрпақ – елдің баға жетпес қазынасы. Осыдан төрт жыл бұрын Қосшыда небәрі бір ғана мектеп бар болса, қазір олардың саны сегізге жетті. Қала тұрғыны әрі педагогикалық еңбек ардагері ретінде қаламыздың дамуына шын жүректен қуаныштымын, – деді ол.
Жаңа мектептің құрылысына арналған жер қаланың болашағы бар ауданынан таңдалды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталмақ.
Сонымен қатар, Қосшыға сапары барысында облыс әкімі орталық көше бойымен салынып жатқан ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын сквер құрылысының барысымен танысты. Абаттандыру аумағы 2,7 гектарды құрайды. Жобаға ойын алаңдары, ворк-аут және балаларға арналған аймақтар, тас төсеу және көгалдандыру кіреді.
Бүгінгі таңда бұл жұмыстардың 60 пайызы орындалған. Сквер құрылысының ағымдағы жылдың қазан айында толықтай аяқталуы жоспарлануда.
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
![]()

