Келеді деп сағынып, мектептері күтіп тұр

1 ҚЫРКҮЙЕК – БІЛІМ КҮНІ

1 қыркүйек – Білім күні облыстың 526 мектебі 140 мыңнан астам оқушыны қабылдайды. Оның 12 мыңнан астамы алғаш мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер болып отыр. Облыстың барлық мектептері мен оқу орындары жаңа оқу жылын тың серпінмен бастауға әзірлік үстінде.

Ақмола облысында 37997 баланы қамтитын 599 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Барлық бүлдіршіндер балабақшаларда  мемлекеттік тапсырыс аясында тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі ұйымдарды ашудың қадамдық жоспарына сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 474 орындық 7 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Олардың біреуі 50 орынға лайықталған мемлекеттік ұйым болса, қалған алтауы жекеменшік балабақшалар болып табылады. Жалпы, 2025 жылға арналған жоспар бойынша барлығы 1285 орындық 8 мектепке дейінгі ұйым ашылуы тиіс. Бұл әрине, өз кезегінде 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен неғұрлым толық қамтамасыз етіп, аймақтағы балабақша тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап, Қосшы қаласының 42 балабақшасында ваучерлік қаржыландыру енгізіліп, жаңа жүйеге көштік. 1 мамырдан бастап, бұл балабақшаларға 3411 ваучер берілді. Мұндай қаржыландырудың жаңа моделі бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және балабақша кезегін қысқартуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап, облыстың басқа да аудандары мен қалаларында осы ваучерлік қаржыландырудың масштабын кеңейту жоспарлануда.

Орта білім саласына келсек, жаңа оқу жылында облыс мектептеріне барлығы 143 370 оқушы барады. Жалпы, өңірде 539 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Биыл 12092 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды деп жоспарланған, қазіргі уақытта 1 сыныпқа 12727 оқушы қабылданып, жоспар 105,3 пайызға орындалды. Облыстағы орта білім саласындағы ұйымдардың 519-ы мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп болса, алтауы жекеменшік, бесеуі кешкі мектеп болып табылады. Сондай-ақ, 4 арнайы мектеп және бір «балабақша-мектеп-интернат» арнайы кешені, бір Назарбаев Зияткерлік мектебі, бір спорттық бағыттағы мектеп-интернат пен республикалық  «Айқанат» жекеменшік мектебі және «Бурабай» республикалық оңалту орталығының ішіндегі жалпы білім беретін мектеп бар. 

Жаңа оқу жылына оқулықтар сатып алуға облыстық бюджеттен 1414,8 миллион теңге бөлінді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің № 132 бұйрығына сәйкес жаңартылған мазмұнда 4-11 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылды. Бұл үшін «Атамұра», «Алматы-кітап», «Мектеп», «Арман ПВ», «Көкжиек-Горизонт», «Келешек-InterPress», «Edu Stream» сияқты 15-ке жуық баспамен келісім-шарт жасалып, бұл жаңа оқулықтар облыстың барлық мектептеріне жеткізілді. Жалпы, биыл да мектеп оқушылары оқулықтармен жүз пайыз қамтамасыз етілетін болып отыр.

Оқушыларды тамақтандыру, тасымалдау, басқа да әлеуметтік көмек мәселелері рет-ретімен шешімін тапты. Облыстың барлық мемлекеттік мектептерінде тегін тамақтану ұйымдастырылады. Мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы бастауыш сыныптардың 58 мыңға жуық оқушысы және 5-11-сыныптардағы жекелеген санаттағы 9 мыңға жуық бала ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етіледі. Осы мақсатқа бюджеттен арнайы қаражат қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті  Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 82-тармағы шеңберінде, облыстың 121 мектебіне барлығы 116 ақпараттық-бағдарламалық кешенді жоспарлы орнату аяқталды.

Осы бағдарламалардағы «Тегін ыстық тамақ» қызметін көрсету бөлігіндегі «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесінің бағдарламалық кешендерінің интеграциясын жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде облыс бойынша интеграция және бірыңғай ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету 100 пайызды құрап отыр.

Жаңа оқу жылында әлеуметтік жағдайы төмен 14755 балаға қаржылық-материалдық көмек көрсету мақсатында бюджеттен 827,9 миллион теңге бөлінді. Мұндай санатқа жататын 1 баланы қаржыландыру көлемі 46 228 теңгені құрады.

Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 тамызынан 30 қыркүйегіне дейін жылдағы дәстүр бойынша «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Акцияның мақсаты балалардың жекелеген санаттарына материалдық қолдау көрсету болып табылады. Жыл басында бұл республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, ол туралы ақпарат барлық білім бөлімдеріне жіберілген болатын. Бұл да акцияның ойдағыдай өтуіне игі ықпалын тигізді.

Әрине, мектептердегі шешуші тұлға қашан болсын, мұғалім. Бүгінгі таңда облыс мектептеріне әлі де болса, 151 педагог қажет. Атап айтқанда, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, математика, химия, биология, тарих және география, информатика, музыка, бастауыш сынып мұғалімі, педагог-психолог, көркем еңбек мамандықтары бойынша кадр жетіспеушілігі байқалады. Осы мәселені шешу үшін жыл сайын облыстық бюджет есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға гранттар бөлінеді. Бүгінде 786 студент осындай жолмен білім алуда, олардың 358-і педагогикалық мамандықтарға оқып жатыр.

2025-2026 оқу жылында мұғалім кадрларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау бойынша 40 педагогикалық мамандық бойынша бакалавриат пен магистратураға  34 және басқа да қажеттіліктер үшін 36 грант бөлінді. Сонымен қатар, 22 тамыздағы жағдай бойынша бакалавриат үшін тағы 76 грант, оның ішінде педагогикалық кадрларға 21, еңбек нарығын ескере отырып, жұмысшы мамандықтарына 55 грант берілді. Бұдан бөлек, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде педагогикалық мамандықтарға 1037 грант бөлінгенін де айта кету керек.

Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында арнайы педагогтардың тапшылығы мәселесін шешу үшін 2020 жылдан бастап Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ жоғары педагогикалық колледжі «Қолданбалы логопедия бакалавры» және «Логопедия» мамандығы бойынша оқуға студенттер қабылдауды жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта аталған мамандық бойынша осы оқу орнында барлығы 42 студент білім алуда. Мектептердің педагогикалық құрамын толықтыруға жас мамандардың келуі де игі ықпал етуде. Соңғы үш жылда облысқа 2275 жас маман келді. Ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарына білімді мамандарды тартуға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы айтарлықтай көмегін тигізуде.

2024 жылы Ақмола облысы бойынша білім беру саласына жұмысқа келген 533 маманға жалпы сомасы 196 миллион теңгеден астам көтермеақы және 108 маманға тұрғын үй сатып алуға 851 миллион теңгеден астам сомаға несие берілді. Сондай-ақ, Ақмола облысының ауылдық елді мекендерінде жұмыс істейтін педагогтарға бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу үшін 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Биылғы жаңа оқу жылында 968 оқушыға арналған 3 жаңа мектеп іске қосылады. Атап айтқанда, Целиноград ауданының Жаңа жол ауылында 80 орындық, Степногорск қаласының Бестөбе ауылында 300 орындық мектептер және Көкшетау қаласында 588 орындық білім-инновация лицейі 1 қыркүйек – Білім күні өз жұмысын бастайды. Сонымен қатар, Жарқайың ауданының Бірсуат ауылындағы апатты мектеп мәселесі де 80 орындық жаңа мектеп салумен шешілді. Сондай-ақ, Көкшетау қаласында салынып жатқан жеке инвестициялар есебінен 500 орындық №10 орта мектептің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады.

Оқу орындарындағы білім сапасын арттыру үшін жаңа мектептер салудан басқа, жыл сайын білім мекемелеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Ағымдағы жылы осылайша бюджет қаражатынан 34 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізуге 8,6 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 20 мектеп Президенттің Жолдауы аясында қайта жаңарту тізіміне енгізілді. Бұл білім ордалары кешенді жөндеу жүргізумен қоса, заманауи пәндік кабинеттермен, оқушы жиһаздарымен және басқа да оқу жабдықтарымен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, облыстың 41 білім беру ұйымына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 600 миллион теңгеден астам қаражат бағытталды. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарының 51-ге жуық кабинетін осы заманғы үлгіде жабдықтау жүзеге асырылды.

Қысқы жылу беру маусымына дайындық аясында барлық білім беру ұйымдарына отын жеткізуге келісім-шарттар жасалып, оқу жылы басталғанға дейін қатты және сұйық отынның 3 айлық қоры қамтамасыз етілді. Осы бағыттағы барлық жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады.

Қосымша білім беру саласында биыл да балалардың қабілеттері мен дағдыларын дамыту үшін 47 ұйым өз жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар, мектептерде шығармашылық үйірмелер мен орталықтар, спорт секциялары жұмыс істейді.

Ал, енді елімізге, облысымызға жұмысшы кадрларын даярлаудың ұстаханасы болып табылатын кәсіптік-техникалық білім жүктемесіне келсек, аймағымызда 28 колледж жұмыс істейді, оның 21-і мемлекеттік, 7-еуі жекеменшік оқу орындары. Онда барлығы 12 184 студент білім алуда, оның 10 480-і мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында оқиды.

2025-2026 оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 5700 грант бөлінсе, оның 60 пайызы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Бұған 2025 жылдың Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануы да игі ықпалын тигізіп отыр. Негізінен, гранттар металлургия, құрылыс, қызмет көрсету саласындағы мамандықтарға бөлінген. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстың нәтижесінде колледждерге 6247 баланың өтініші қабылданды.

Бір құптарлығы, биыл да жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жергілікті атқарушы органдар мен білім басқармасына қарасты ұйымдардың барынша бақылауында болды. Мемлекет оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасауда. Осыны түсініп, жыл бойы облыс педагогтары да, оқушылар мен ата-аналар да мектептердегі білім сапасына, әр шәкірттің тәртібіне, тәлім-тәрбиесіне баса көңіл бөлулері қажет-ақ.

Айнагүл БАЛТАШЕВА,
Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар