Егемендігіміз  бен елдігіміздің асқаралы Ата Заңы

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. 

Конституция елдің негізгі заңы ретінде Қазақстан халқының ерік-жігерін танытады. Мемлекетіміздің ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде даму ұмтылысын көрсетеді.

Республика қызметінің негізгі қағидаттары қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, соның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу болып табылады.

Қазақстан Республикасының азаматтарына тегіне, нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, діни  көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қарамастан немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша құқықтар мен бостандықтардың теңдігіне кепілдік беріледі.

Саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге байланысты Конституцияға осы уақыт өлшемдеріне сәйкес келу үшін бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша, 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда Қазақстан халқы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына қолдау білдірді, ол референдумның мақсаты суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшу, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейту және мәртебесін арттыру, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту үшін құқықтық база құру, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту болды. Бұл конституциялық реформа азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтті және саяси процестерді нақты демократияландыруды қамтамасыз етті.

Қазақстанның Негізгі Заңына енгізілген түзетулер Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейте отырып, мемлекеттік басқаруды одан әрі жаңғырту, сондай-ақ, сайлау заңнамасын, сайлау және партиялық жүйелерді жетілдіру жөніндегі пәрменді шараларды көздейді. Бұдан басқа, Қазақстан Конституциясына жаңа норма енгізілді.

Қазақстан Президенті енді қайта сайлау құқығынсыз бір жеті жылдық мерзімге ғана сайланады, бұл Қазақстан үшін бірегей болып табылады. Бұл конституциялық реформа адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің және мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғау жөніндегі уәкілдің рөлі мен мәртебесін арттыру арқылы азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге ықпал етеді. Өтініш субъектілерінің тізбесін кеңейте отырып, Конституциялық Кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру маңызды жаңалық болып табылатынын атап өту қажет. Оған қосымша Бас прокурор және адам құқықтары жөніндегі уәкіл кіреді. Конституциялық сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініштерін қарайтын болады.

Қазақстан жерінде тұратындардың барлығы еліміздің Негізгі Заңын құрметтеуге және сақтауға тиіс. Қазақстанның әрбір тұрғыны әділдікке, заңдылыққа, теңдікке және өзінің болашағына сенімді болуға тиіс. Қоғам мен мемлекет дамуының базалық қағидаттары, адамның, азаматтың және мемлекеттік билік субъектісінің кепілдіктері, құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Конституциясында нақты бекітілген. Оларды сапалы әрі тиімді іске асыру мемлекет пен қоғамның маңызды міндеті болып табылады, өйткені, ол даму мен тұрақтылыққа, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Біз бұл актімен іс жүзінде Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттің негізі әлем картасында қаланды деп мақтанышпен айта аламыз.

Тарихта және әлемдік тәжірибеде қазіргі заман үшін осындай айтулы оқиғалар өздерінің қоғамдық-саяси және тарихи маңыздылығына байланысты әрқашан мерекелік даталарға айналды.

Өзінің ауқымы бойынша бұл тарихи құжат мемлекет пен қоғамның Негізгі Заңы болып табылады. Әрі бүкіл халық үшін өзінің жалпы ауқымы бойынша жалпыұлттық мемлекеттік мерекеге жатады. Осы қағида бойынша «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Заңымен бұл күн мемлекеттік мерекеге жатқызылды. Осылайша, Конституция күні мемлекеттік деңгейдегі мерекені білдіреді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің бостандығымыздың негізі. Еліміздің Конституциясы күні қарсаңында қымбатты ақмолалықтарды Ата Заңымыздың 30 жылдығымен құттықтап, бейбітшілік, бірлік, бақыт, амандық және табыстар тілеймін!

Баукен ӘЛМЕШ,
Ақмола облыстық әділет департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар