Таза ауыз су! Қанша жылдай күтті сені, Көкшетау!

Ақмола облысының орталығында  жаңа су құрылғылары іске қосылып, қалаға сапалы ауыз су берілді

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні Көкшетау қаласында құрылысы аяқталған жаңа су тазарту құрылғыларын іске қосудың салтанатты рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, көкшетаулық тұрғындарды көптен күткен осынау қуаныштарымен құттықтады. Аймақ басшысымен бірге болған билік және жұртшылық өкілдері сүзгіден өткізіліп тазартылған таза ауыз судың дәмін татты.

Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Сондықтан, мемлекет тарапынан еліміздің әр аймағында ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе енді Көкшетауда да өз шешімін тауып, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылды.

Өткен жылы еліміздің осындай қалалары арасында ауыз суының сапасы ең төмен саналатын Көкшетау қаласын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамту үшін республикалық және облыстық бюджеттерден қомақты қаражат қарастырылып, қала маңында су тазарту құрылғыларының құрылыс жұмыстары басталған болатын. Еліміздегі айтулы мереке күні  тұрғындардың «ішер суымыз таза болса» деген көптен күткен тілегі орындалып, су тазарту құрылғыларының құрылысы толық аяқталып, бұлақ суындай мөлдір су халық игілігіне ұсынылды.

Осы аса маңызды қуанышты оқиғаға байланысты салтанатты шараның ашылуында облыс әкімі жергілікті жұртты мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығымен және таза ауыз судың келуімен құттықтап, тұрғындарға аймағымыздағы осы мәселеге ерекше көңіл бөлініп отырғандығын және ел игілігі үшін мұндай шаралардың әлі де жалғаса беретіндігін жеткізді.

– Таза су – денсаулық кепілі, ал, халықты сапалы ауыз сумен қамту  жергілікті атқарушы органдардың тікелей міндеті. Су тазарту құрылыстарын жаңғыртудың бұған дейін маңызды дайындық кезеңі өтті. Түрлі технологиялар мен шетелдік тәжірибелер зерттелді. Бұл үлгідегі құрылғыларды салуда аймақ суының ерекшеліктері мен климаттық жағдайы ескерілді. Жаңа кешен қаланы сапалы ауыз сумен қамтып, оның болашағына да оң ықпалын тигізетініне сенім зор, – деді өңір басшысы таза суды қалаға қосудың салтанатты рәсімінде сөйлеген осы сөзінде.

Көкшетаудағы су тазарту нысанының техникалық директоры әрі осы жобаның тиімді тұстарын ойлап тапқан IT маманы Сергей Мякотин осы жолы газетімізге арнайы берген сұхбаты барысында бұл жобаның расында да, үлкен технологиялық жетістіктің жемісі екендігін айтты. Себебі, мұнда бес сатылы су тазарту жүйесі енгізілген. Оның ерекшелігі де осында.

– Дәстүрлі дезинфекция, коагуляция және сүзгілеу кезеңдерінен бөлек, алғаш рет флокуляция және седиментация үдерістері қолданылды. Сондай-ақ, сүзгілеу үдерісі жаңғыртылып, су құм мен антрацит көмірінен өткізіліп, иісінен арылтылып, оттегімен байытылды. Бұл судың күнделікті тұтынуға қауіпсіз ең жоғары сапасына қол жеткізуге мүмкіндік берді, –дейді осы жобаның авторы.

Жобаның жалпы құны 6,3 миллиард теңгені құрайды. Кешен тәулігіне 30 000 текше метр суды өңдеп береді. Ал,  қала аумағы тәулігіне  20 000 текше метр суды қажет етеді, демек, бұл жаңа салынған кешен қала сұранысын артығымен қамтамасыз етеді.

Жобаның әлеуметтік-экономикалық жағынан тигізетін ықпалы да зор болып отыр. Олай дейтініміз, енді Сергеевка су қоймасынан су сатып алу тоқтатылып, соның  есебінен облыстың жылына 1 миллиард теңгеге жуық қаражаты үнемделетін болады.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар