Шағалалы өзені тазартылып жатыр

Бұл күндері Шағалалы өзенінің арнасы кеңейтіліп, табаны тазартылып жатыр. Бірнеше ауылды басып өтетін өзеннің жағасын қамыс басып, суы батпаққа айналған. Салдарынан көктем сайын өзен арнасынан асады. Су айдының тазарту жұмыстарына 13 миллион теңге бөлінді.

Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының тұрғындары әр көктемді үреймен қарсы алады. Себебі, соңғы жылдары Шағалалы өзені арнасынан бірнеше рет асып, жергілікті халықты әбден әбірге салды. Қарғын су ауыл маңындағы саяжайларға да жайылады.

– Ең бірінші қауіп бізге Шағалалы су қоймасынан келеді. Тәулігіне 9 текше метр су осы біздің көпірдің астымен өтіп жүрді. Бұл су келгенде бізге осы жердегі өзеннің бойы, ауылымыздың шеткі көшелерінің маңайы, барлығы суға толатын. Қысым пайда болып, көпірдің астынан барлық су өтіп кете алмайды. Қазір елді мекенде 70 үй су басу қаупі жоғары аймақта тұр. Енді жергілікті тұрғындар да тасқынға тосқауыл болар шараларды көріп қуанып отыр. Себебі, Шағалалы өзенінің тазаланбағанына талай жыл болған, – дейді Краснояр ауылының әкімі Серікжан Мәкіш.

Бұл жердің құм, балшық екенін, айтқан ауыл әкімі осы құмдарды пайдаланып, қауіпті аймаққа 2,5 метр биіктікте бөгет салып жатқандарын да жеткізді. Шағалалы өзенінің арнасы 10 метрге кеңейтіліп, табаны 2 метрге дейін тереңдетіледі деп күтілуде. Барлық жұмыс жыл соңына дейін аяқталмақшы. Жалпы, қазір өңірде 6 өзен тазаланып жатыр. Оған 10 миллиард теңге қаржы бөлінген екен.

–  Қазір қауіп сейілді. Өйткені, мен осы ауылда 50 жыл тұрамын. Мұндай жұмыстар алғаш рет жүргізіліп отыр. Жылда көктем сайын қорқыныш үреймен отырушы едік. Енді осы жұмыстарды көріп қуанып отырмыз. Өзенді тазалау бір ай бұрын басталды. Осы уақыт аралығында  түбінен 4600 текше метр лай батпақ шығарылды. Қазір сол лайдың өзі кәдеге асып жатыр, – дейді Краснояр ауылының тұрғыны Болатхан Сүлейменов.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар