Егін орағы — 2025
Биылғы астық жинау науқаны аяқталуға жақын. Осыған орай, Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу ұйымдастырды.
Іс-шара Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы аясында өтті. Онда негізгі басымдықтардың бірі агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру болып белгіленді. Осы бағытта аграршыларға ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне өтінімдер берудің жаңа цифрлық сервисі таныстырылды. Енді өтінімді қарау небары он минут уақытты алады. Онлайн режимде «ҚазАгроҚаржы» мамандары нақты мысалмен ресімдеудің барлық үдерісін көрсетті.
– Біз үшін Ақмола өңірі – ерекше өңір. 25 жыл ішінде «ҚазАгроҚаржы» мұнда шамамен 286,2 миллиард теңге қаржы инвестициялады. Осы уақыт ішінде фермерлер 11 мыңға жуық жаңа техника сатып алды, бұл облыстың аграрлық секторының дамуына елеулі үлес болды. Бірақ, қаржыландырудың қол жетімділігі ғана маңызды емес. Біздің басымдылығымыз бұл жұмысты мүмкіндігінше ыңғайлы ету. Сондықтан, бүгін біз жаңа цифрлық сервисті ұсындық. Бұл шара уақытты үнемдеу, қағазбастылықты қысқарту және әрбір ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші үшін нақты қолдау болып табылады, – деп атап өтті кездесуде сөз алған «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.
Компанияның мәліметінше, биыл ғана облыстық филиалға 605 техника сатып алуға өтінім келіп түскен. Оның 29,3 миллиард теңгеге 592-сі қаржыландырылды. Бұл көрсеткіштер техника паркін жаңартуға деген жоғары сұранысты растайды. Өңір фермерлері жыл өткен сайын жаңа заманауи комбайндар, тракторлар және егіс кешендерін таңдап жатыр.
Алдағы уақытта мұндай кездесулерді Өңірлік палата алаңында аграршыларды цифрлық форматта өтінім беру механизмін оқытуға баса назар аудара отырып, өткізу жоспарланып отыр.
–Бүгінде мемлекет шаруаларға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетуде. Биыл саланы дамытуға 1 триллион теңге бөлінді. Бұрын-соңды мұндай ауқымды қаржыландыру әлі болған жоқ. Бірақ, ресурстардың мол көлемі тиімділікке кепілдік бермейтінін, ең бастысы, бұл жұмыстың ашықтығы, қаражатты сауатты және орынды пайдалану екенін түсіну маңызды. Осыған байланысты цифрлық құралдар саланы дамытудың негізгі факторына айналуда. Олар өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқартуға және қаржы институттарымен өзара іс-қимылды жеңілдетуге ғана емес, сонымен қатар, артық бюрократиялық кедергілерді қоспағанда, сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Біз цифрлық сервистерді енгізу агросекторды жаңғырту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін нағыз ынталандыру көзі болып табылатынына сенімдіміз, – деп атап өтті бұл ретте, Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбек кездесу барысында.
Шара соңында қатысушылар субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен қаржыландыру және өңір фермерлерін толғандыратын басқа да өзекті тақырыптарды талқылады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

