Тұрақты электр жарығына қол жеткізіле бастады

Ауыл – ел бесігі

Қоянды ауылында үйлерді мемлекеттік электр желілеріне қосу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жобаны іске асыру Целиноград аудандық әкімдігі мен «Ақмола электр желісін үлестіру компаниясы» акционерлік қоғамының бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болып отыр. Өткен аптаның соңында осы бағытта алғашқы қадам жасалды. Ұзақ жылдан бері алғаш рет 84 отбасы тұрақты мемлекеттік электр қуатымен жабдықтауға қол жеткізді. Бұдан бөлек, акционерлік қоғам төрт трансформаторлық қосалқы станцияны желілерге қосуға техникалық шарттар берді. Бұл шамамен 1500 абонентті электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұзақ уақыт бойы ауыл тұрғындары жеке трансформаторлық қосалқы станциялардың қызметін пайдалануға мәжбүр болып келді. Бұл көптеген қолайсыздықтар туғызған болатын. Бүгінде  мемлекет барлық абоненттерді сенімді әрі қауіпсіз электр энергиясымен қамтамасыз ету жауапкершілігін біртіндеп өз мойнына алуда.

Қоянды ауылында «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында электр желілері құрылысының екінші кезеңі аяқталуға жақын. Жобаны мердігер ұйым – «НКО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жоба аясында 2 тарату және 16 трансформаторлық қосалқы станция, шамамен, 9000 бағана орнату қарастырылған. Құрылысы жүріп жатқан желілердің жалпы ұзындығы 178 шақырымды құрайды.

Аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлы Қоянды ауылының мемлекеттік электр желілеріне қосылуы аудан инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі кешенді жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.

– Тұрғындарды тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету – бұл тек жайлылық мәселесі ғана емес, сонымен бірге, экономиканы одан әрі дамыту, инвестициялар тарту және халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізі. Біз жұмысты кезең-кезеңімен жалғастырып, ауданның әрбір үйінде қалыпты жарық пен жылу болуына жағдай жасаймыз, – деді ол өз сөзінде.

Ауданда қалған абоненттерді қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Осылайша жақын арада Қоянды ауылында осыған мұқтаж барлық үйлер мемлекеттік желілерге қосылып, мұның өзі ауылдың орнықты дамуына және халықтың өмір сүру деңгейінің артуына игі ықпалын тигізетін болады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар