Мектептен тыс білім күні

«Арман» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығында мектептен тыс білім күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Мерекелік шараға педагогтар, тәрбиеленушілер, оқушылар және олардың ата-аналары қатысты.

Құрметті қонақтар қатарында еңбек ардагерлері, ұлағатты ұстаздар Николай Максимович Слабунов пен Бағила Батырғалиқызы Қасенова болды.  Ұстаздық жолында қаншама жыл еңбек еткен қадірлі білім бағбандары ұстаздар мен балаларға жылы құттықтау сөздерін арнап, жас ұрпақты тәрбиелеу мен дамытудағы мектептен тыс білім берудің маңызын атап өтті.

Бурабай аудандық білім бөлімінің әдіскері Әсел Алпысбекова құттықтау сөз сөйлеп, «Арман» орталығы әрбір баланың қабілеті мен дарынын ашатын орын екендігін айтып өтті. Әрі осы  орталық ұжымын өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Ақмола облысының қосымша білім беру ұйымдары арасында бірінші орын алуымен, сондай-ақ, Бурабай ауданындағы мектептен тыс ұйымдар рейтингінде бірінші орынға шығуымен құттықтады.

Әсіресе, Төлеби Сайранұлы Тоқановтың жетекшілігіндегі қазақ күресі спорт секциясының жетістіктері ерекше аталды. Орталық директоры Айгүл Тұрғожина сәтті өнер көрсеткендері, спорттағы жоғары жетістіктері үшін спортшыларға спорт шеберлігіне кандидат куәліктерін табыстады. Олардың қатарында: Ерасыл Әділбекұлы, Айқын Айтболатов, Бекарыс Амангелдинов, Айсұлтан Жаналық, Мансұр Қайрат, Дармен Шорин бар.

Сонымен қатар, Тайшық Мөлдірге сәндік-қолданбалы өнер үйірмесінде толық оқу курсын аяқтағаны туралы сертификат табысталды.

Шығармашылық ұжымдар мерекелік көңіл-күй сыйлады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік Әнұранын «Арай» вокал студиясы сәтті орындап, музыкалық тарту ретінде «Беркімбай сазы» домбыра ансамблі  өнер көрсетті. «Роммакс» үлгілі би ұжымы көркем би нөмірлерін ұсынды. Педагог Евгения Ульман, әнші Бекжан Алишев «Бәріміз бірге» әнін әсерлі орындап, көрермен жүрегін жаулап алды.

Мерекенің соңында қуаныш пен шабыттың нышаны болған жарқын фейерверк көрсетілді. Одан кейін орталықта ата-аналар мен қонақтарға арналған «Ашық есік күні» өтті. Келгендер үйірмелердің жұмысымен танысып, педагогтармен сөйлесіп, өздерін қызықтырған секцияларға, үйірмелер мен курстарға жазыла алды. Мектептен тыс білім күні шығармашыл балалар ел болашағы екенін, ал, ұстаздар мен ата-аналардың қолдауы әр баланың дарынын ашуға жол ашатынын көрсетті.

Жеңіс ОСПАНОВ.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар