5 ҚАЗАН – МҰҒАЛІМДЕР КҮНІ
Аудан орталығы қазіргі Ақкөл, бұрынғы Алексеевка қаласынан солтүстікке шығысқа қарай 100 шақырымдай жерде алтын өндіретін Ақсу руднигі орналасқан еді. Сол елді мекеннің іргесінен уранның мол қоры табылды.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысында соны өндіруге кірісіп, алғашқы кезде ол жер жабық пошта жәшігі нөмірімен аталыпты. Сол өндіріс орнынан бері қарай жиырма шақырымдай жерге алпысыншы жылдардың басында жаңа қала Степногорскінің алғашқы қазығы қағылыпты. Қала бірте-бірте өсе бастады, тұрғындардың көбі солтүстік көршімізден келгендер, тіпті алғашқы кезде қазақтың кең даласында Ресейдін кішкене «аралы» пайда болғандай көрінді. Әкімшілігі ҚСРО-ның Орта машина жасау министрлігіне қарады да, партиялық жағынан жергілікті партия ұйымына бағынды. Бағынды деген аты, мәселенің көбі орталықта шешілетін. Қала үлкейе берді, оларды мал өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі туындады. Сол бағытта іргесінен «Қарабұлақ» кеңшары құрылыпты. Негізгі бағыты мал шаруашылығы. Онымен айналысатындар біздін ұлттын өкілдері. Сөйтіп, ауыл кұрылып, ауылдың бері шетінен табиғи тастан мектеп салыныпты. Мектеп оқушылары әртүрлі ұлттан кұралғандықтан, онымен қоса, ол кезде орыстандыру саясаты жүріп жатқандықтан, оқу орыс тілінде жүргiзілiптi.
Осы мектепке 1970 жылдың тамыз айында мені мектеп директоры етіп тағайындады. Маған дейін мектеп басшысы болып, соғыс мүгедегі Г.В.Матвеев істеп жүрді, мен келген соң ол кісіні оқу ісінің меңгерушісі етіп бекіттім. Мектептің материалдық жағдайы төмен, кадрдың біразы мектепті жаңа бітірген кешегі оқушылар. Осы екі мәселеге баса көңіл бөлуге тура келді. Бұрынғы таныс мектеп басшыларынан парта, үстел, орындык, сынып тақтасы, тағы басқа жабдықтар сұрап алуға тура келді. Аудандық білім саласының басшысы Г.В.Кансков та қаржылай көмегін беріп жатты. Материалдық жағынан көп көмек жасаған өзім жұмыс iстeп кеткен Азат (Ивановск) орта мектебінің директоры П.А. Кудашов.
Педагогикалық кадрларды бірте-бірте жақсарта бастадым. Бұрынғы оқушым, жоғары білімді физика пәнінің мұғалімі Шәйкен Төлегенов, педклассты бітірген Тауырбаевтар, Гусарка ауылынан орыс тілі маманы В.Г.Айфельд, Урюпинка орта мектебінен шет тілінен В.А.Андрис, М.Қасым, оқу ісінің меңгерушілігіне Яворская, математикадан Ж.Рамазанова, тағы басқалары келіп, еңбек ете бастады. Біздің жақта қыстың қатал екенін бәріміз білеміз. Жылу беру мәселесі бірінші орында тұрды. Жылыту қазандығы өзіміздікі. Техникалық жабдықталуы өте нашар. Электр моторлары жиі істен шығады. Мектеп ауылдан тысқары болғандықтан, электр желілері де сенімсіз. Бұл істе көмекшім – менің шаруашылық жөніндегі орынбасарым әрі жүргізушім, марқұм Закария Темірбаев болды. От жағушылар сенімсіз болған жағдайда екеуміз кезек-кезек кезекшілікте болып, кей кезде олардың орнына тұрып, от жаққан күндеріміз де болды.
Осы ауыртпалықтан құтылудың жолы жаңа мектеп ғимаратын салғызу болды. Сол кезде жаңа Сілеті ауданы құрылды. Біз сол ауданның құрамына кіріп, жаңа сайланған бірінші хатшы С.Қ.Сейтімбетовтың қабылдауында болып, мектеп ғимараты туралы мәселені қойдым. Біраз уақыттан кейін Сұлтан Қозданұлы кеңшар директоры В.Л.Чекмак екеуі мектепте болып, жана ғимарат салу керектігіне көздері жетті.
Степногорск құрылыс басқармасы бір жарым жылдың шамасында сол кездің өлшемімен зәулім мектеп салып берді. Осы ғимараттың салынуымен барлық проблемалар шешілді. Ғимарат электр қуатымен жылытылады. Балалар бір ауысымда оқиды, асхана жұмыс істейді, оқушылар стандартқа сай кең спорт залында әртүрлі спорт түрлерімен айналысты. Қосымша өзім техникалық кабинет аштым. Мектеп алаңын да спортқа бейімдеп футбол, баскетбол, волейбол алаңдарымен қоса, ату тирін жабдықтадық. Оған облыстан уақытында керек жабдықтарды алдық.
Кей уақытта жиһаздарды өзім арқалаған кездерім де болды. Осылай алдыма қойған мақсатым – материалдық жағдайды жақсарту, кадр мәселесін шешу, бәрі орнына келіп, білім мен тәрбие жақсарып, мектебіміз аудан бойынша үздік бестіктің қатарында болды. Бұл еңбегім еленбей қалған жоқ, білім саласының үздігі атағына ие болдым, аудандық атқару комитеті кезексіз жеңіл көлік сатып алуға шешім шығарып берді. Алайда, осы жаңа мектепте үш-ақ жыл істеуіме тура келді.
Себебі, мені кейін партия жұмысына ауыстырып жіберді. Жаңа мектепке 1975 жылдың маусым-шілде айларында қоныстандық. Міне, биыл 50 жыл толып отыр. Осы уақытта талай түлектер өмірге қанат қақты. Осы үлкен жұмысты жалғыз өзім атқардым десем өтірік болар. Мектеп ұжымы, ауыл белсенділері Есләмбек Әйтімов, Нұрхамит Күзібаев, Қасанай Көшімов, Андрей Зоя, В.И.Ситников, тағы басқалары көп көмек керсетті. Қарабұлақ жері менің отбасым үшін де құтты мекен болды. Үш балам осы мектептің табалдырығын аттады, Mapaт пен Әлиям дүниеге келді. Соңғы екеуінің қазір ғылыми дәрежесі бар. Менің осылай табысты еңбек етуімде сүйген жарым Хамила Құлбекқызының еңбегі зор. Өзінің математика кабинетін ол да талапқа сай етіп жабдықтады. Мектепте немесе оның аумағында келеңсіз жағдай болса, бірінші зайыбым мен балаларым жүгіретін. Міне, мектеп әкімшілігі осы айдың аяғында осы оқу орнының жарты ғасырлық мерейтойын атап өтпекші. Өзім ыстығына күйіп, суығына тоңған алтын ұя – мектебім ғой, сондықтан да, бұған қуанып, іске сәт демекшімін!
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
мектептің 1970-1978 жылдардағы директоры.
Астана.
![]()

