Қолға қалам  ұстатын, әріп танытқан

5 ҚАЗАН – МҰҒАЛІМДЕР КҮНІ

Адам өмірінің мәні оның еткен еңбегімен, мағыналы да ғибратты ғұмырымен өлшенсе керек-ті. Бұл ретте бар қажыр-қайратын шәкірт тәрбиелеу дейтін қадірлі іске жұмсап, саналы ғұмырын ағартушылыққа арнаған ұстаздардың жөні бір бөлек.

Бар ғұмырын ұстаздық пен бала тәрбиесіне арнап, бақытын еңбектен тапқан сондай жанның бірі – Өркен орта мектебінің бастауыш сыныбының мұғалімі Зәуре Жамышаеваны «жаратылысынан мұғалім» десек, артық айтқанымыз емес. Өзіне хабарласып, ұстаздар мерекесі қарсаңында бір-екі ауыз тілдесіп, кәсіби мерекемен құттықтауымыздың өзі «қиынға» соқты. Әр қоңырау шалған сайын ұстаз сұхбат беруге өзінің уақытының аз екенін айтумен болды. Күндіз сабақтан босамайтын мұғалім үйіне кеш қайтады. Үйге келген соң да әйел адамның тіршілігі біте қоймайды. Керісінше, нағыз өмірі енді басталатынын өзіміз де жанымызбен түсінеміз ғой. Күндіз жұрттың баласын оқытқан ол үй шаруасын бір қайырған соң, қас қарая өз балаларын оқытуға отырады. Одан қала бере ертеңгі сабаққа дайындалу дейтін жауапты жұмыс күтіп тұрады. Оның өзі зор ыждаһаттылық пен жауапкершілікті талап етеді. Міне, бұл Зәуре Бекенқызының диірменнің тасындай шыр айналған дүниеде бір сәт те қол үзбестен, ғұмыр бойы айналысып келе жатқан күнделікті шаруасы..

«Ұлт болам десең, ұрпағыңды түзе» деген көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, бесіктен шығып, есіктен аттаған баланың сауатын ашып, қоғамға бейімдеп, оның алдағы ұлы мақсаттары мен белестеріне жетуі үшін шәкіртке байыпты бағыт сілтеу – тек ұстазға берілген несібе. Бәріміз де ұстаздың алдынан түлеп ұштық. Ұстаздың ұстамды болмысынан нәр алып, үлкен өмірге қадам бастық. Бұл тұрғыда Зәуре Бекенқызы өзіне жүктелген міндетті жақсы түсінеді. Ол бұл жауапкершілікті өзінің 40 жылдық ұстаздық ғұмырында бір сәт те ешқашан естен шығарған емес.

–Әрбір адамның өмірінде мектеп пен оның қабырғасындағы жылдар өшпес із қалдырады. Өйткені, дәл осы мектеп қабырғасында болашақ тұлғаның мінезі мен тәрбиесі қалыптасады. Ал, осы жолда ұстаздың алар орны ерекше. Ұстаз шәкірттің дүниетанымын, өзіне деген сенімін, айналадағы әлемді, өзінің қоғамдағы орнын түсінуін қалыптастыруға оң ықпал ете білуі керек, –дейді ұлағатты ұстаз бізбен әңгімелесу барысында.

Расында да, «Педагогтың бойында қандай қасиеттер болуы тиіс?», –дейтін заңды сұраққа жауап іздеушілер болса, Зәуре Бекенқызын нұсқап көрсетер едік. Әңгімелесу барысында өзінің өмірлік тәжірибесінен аз-кем бөліскен ұстаз  «Ең алдымен мұғалімнің жүрегі мейірімге толы, баланы түсіне білетін жан болуы керек. Түсіну – ол шәкіртті бағындыру емес, қайта бүгінгі өмірін ескере отырып, оның ертеңгі өмірінің көкжиегін кеңейту», – дегенді айтты. Біз өз кезегімізде ұстаздың айтқан ұлағатты сөзін қаз-қалпында беріп отырмыз.

Ұстаздың да ұстазы болатыны сияқты Зәуре Бекенқызының осы мамандықты таңдауына өзінің алғашқы ұстазы Вера Шкаруба Дмитриевнаның ықпалы зор болыпты. Мектеп табалдырығын алғаш аттап кірген сәтінен бастап жүрегінің бір түкпірінде сақталған Вера ұстазының болмыс-бітімі ақыры шәкіртінің де ұстаз болуына жол ашыпты. Өзіне алғаш қалам ұстатқан ұстазының мейірімді жүзі мен шуақ шашып тұратын қасиеті жетелеп, Зәуре Бекенқызы да бастауыш сынып мұғалімі болсам деп армандайды.

Балалық шағынан ұстаз болсам деген арманы бір үзілмей, бойжеткен шағында да еселене түсіп, мектеп бітірген соң 1983 жылы Щучинск қаласы педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Сөйтіп, бала оқытсам, ұстаз болсам деген арманы орындалып, еңбек жолын 1985 жылы Жамбыл сегізжылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. Онда қызмет еткен соң, 1988 жылы Қарағанды педагогикалық институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, жоғары білімді бастауыш сынып мұғалімі атанады. Бірнеше жыл көршілес Раздольный ауылындағы мектепте еңбек еткен соң, 1989 жылдан бастап, өзінің туған ауылына білікті ұстаз болып оралады. Міне, содан бері 40 жыл бойы Зауре Бекенқызы ұрпақ тәрбиесіне белсене ат салысып, жақсылық пен ізгіліктің насихатшысы бола біліп, кешегі ұлт зиялыларының ағартушылық жолын жалғап келеді.

Содан бері Зәуре Бекенқызы жүздеген шәкірттердің алғашқы ұстазы атанды. Мұғалім мамандық болса, ұстаздық ұлы қасиет дегеніміз осы шығар бәлкім. Енді бүгінде сол алдына тарыдай болып келген шәкірттері таудай болып өсіп, отбасын құрып, үбірлі-шүбірлі болып, өздерінің сүйікті ұстаздарына өз балаларын сеніп тапсырып отыр. Кешегі шәкірттерінен соң бір буын ауысса да, өзінің ұстаздық жолынан айнымаған ұстаздың еңбек жолында қаншама маңдай тер, табанды еңбек жатыр десеңізші… Бұл расында да, оның жанқиярлық еңбегінің, үздіксіз ізденісінің, балаларға деген шексіз құрметінің, мамандығына деген адалдығының айғағы емес пе?!.

–Бастауыш буын  балалардың жанына ар-ұят, мейірім, қайырымдылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді дарытатын іргетас, – дейді ұлағатты ұстаз сөз арасында.

Еңбектің өнбегі бар дегендей, Зәуре Бекенқызының шәкірттері білімдерін жоғары сыныпқа өткендерінде де дәлелдеп, түрлі сайыстар мен олимпиадалардың жүлдегері атанып жүр. Бұл әрине, сөз арасындағы «бастауыш білім адам бойының ең алғашқы іргетасы» дейтін ұстаз сөзінің дәлелі бола түсетіндей. Ал, шын ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жақсы адам болып өсуі.

Өзінің ұстаздық қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Зәуре Бекенқызына жақында Қосшы қаласында өткен кезекті тамыз конференциясында осы саладағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі берілді. Бұл марапат ұстаз еңбегінің көпжылдық жемісі, шәкірт тәрбиелеу ісіндегі маңдай терінің қайтарымы екені даусыз. «Жақсы адам Алланың нұры» дегенді ойға алсақ, біз де мұны жақсылық атаулыны өзінің ішкі жан дүниесімен қабылдап, алдына келген шәкірттеріне жылы жүрегімен ізгілік сәулесін шашып, оларға мейірім шуағын төгіп келе жатқан ұстаздың еселі еңбегіне деген құрмет деп білеміз.

Оқу-ағарту ісі қай дәуірде болсын, өз өзектілігін жоя қоймайтын сала. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсариндер қалыптастырған білім көкжиегінің бүгінде ұшы-қиыры жоқ. Оған ұмтылған жастар да жалындап, оқу-білімді мақсат етуде. Сол ұрпақты білім жолына бастап, алғаш қалам ұстатып, әріп үйрететін Зәуре Жамышева сынды ұлағатты ұстаздар барда, бұл мамандықтың қадірі ешқашан түспейтіні ақиқат. Ал, отбасының түгесілмес тіршілігін мектептің қыруар шаруасымен қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ұстаздар күні қарсаңында Зәуре Бекенқызына мықты денсаулық, шығармашылық табыс және алдағы уақытта да талантты шәкірттер тілейміз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Зеренді ауданы.     

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар