Ұлттық жоба
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың қатысуымен Целиноград ауданында медициналық қызмет көрсетуге лицензия алған үш жаңа нысан ашылды, деп хабарлайды Ақмола облыстық әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында Арайлы ауылында дәрігерлік амбулатория, Төңкеріс ауылында фельдшерлік-акушерлік және Ынтымақ ауылында медициналық пункттер өз жұмысын бастады.
Нысандардың ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова ауылдық денсаулық сақтауды дамыту өңірлік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Біздің мақсатымыз – қаладан шағын ауылға дейін әрбір тұрғын үшін медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Сол себепті, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша ондаған нысан салынып, жаңартылуда. Бұл жай ғана ғимараттар емес, ауыл тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімі мен ауылдан көшу үдерісін тежеудің бір тетігі, – деді Алтынай Әміренова.
Арайлы ауылындағы дәрігерлік амбулатория ауысымына 50 адамды қабылдауға лайықталып салынған. Бүгінде оған 2828 тұрғын тіркелген. Мұнда бастапқы медициналық-санитарлық және шұғыл көмек, зертханалық диагностика, сондай-ақ, профилактикалық және вакцинациялау жұмыстары жүргізіледі.
Төңкеріс ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт 1458 тұрғынға қызмет көрсетеді. Фельдшер мен санитардан тұратын ФАП қызметі бастапқы медициналық-санитарлық көмек, аурулардың алдын алу, скринингтік бағдарламалар, жүкті әйелдер мен балаларды патронаждау, вакцинациялау жүргізуді қамтиды.
Ынтымак ауылындағы жаңа медициналық пункт бір мыңнан астам адамға қызмет көрсетуге арналған. Нысан заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, құрамында дәрігерге дейінгі, науқастарды қарау және процедуралық кабинеттер бар.
– Бұрын біз жалға алынған 480 шаршы метрлік ғимаратта жұмыс істейтінбіз. Енді алғашқы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалып отыр. Жаңа нысандарда физиотерапия, емдік дене шынықтыру, жөтелден сауықтыру бөлмесі, видеокольпоскоп кабинеттері бар. Сондай-ақ, жұқпалы ауруларға күдікті науқастар үшін жеке кіреберістер қарастырылған, – дейді ауданның медицина ардагері Тоқтар Қожабаева.
Бұл медициналық нысандардың ашылуы ауыл тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын айтарлықтай арттырып, дәрігерлік көмек алуды «қадамдық қолжетімділік» деңгейінде қамтамасыз етеді және аудан халқының денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Целиноград ауданы.
![]()

