Көкшетауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы болып өтті. Отырыс жаңа Бюджет кодексі жағдайында бюджет үдерісін іске асыру мәселелерін талқылауға арналды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдымен сөз алған Парламент Сенаты комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов жаңартылған Бюджет кодексі мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімділігін арттыруға, бюджет үдерісін оңтайландыруға және бюджетаралық қатынастардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап көрсетті.
– Біз өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіруге, бірдей қаржылық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және қаражатты тиімді жұмсауға мүмкіндік беретін нақты тетіктерді талқылауға келдік. Ақмола облысы жаңа бюджеттерді қалыптастыру мен орындаудың тәсілдерін жан-жақты қарастыру алаңына айналып отыр, – деді ол.
Отырыста Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмірин, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов және Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов баяндама жасады. Олар жаңа заңнаманы іске асырудың тәжірибелік қырларына және оның өңірлердің дамуына ықпалына тоқталды.
Сапар аясында сенаторлар Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласындағы май экстракциялау зауытының жұмысымен, Бурабай ауданы Қатаркөл ауылындағы инфрақұрылым нысандарының құрылысы барысымен танысты. Сонымен қатар, Щучинск қаласында және ауылдық округтерде іске асырылып жатқан су жүйелері мен басқа да әлеуметтік жобалардың нысандарын аралап көрді.
Жұмыс қорытындысында Комитет төрағасы өңірлерде өткізілген тәжірибелік талқылаулар жаңа Бюджет кодексінің нормаларын енгізу тиімділігін кешенді бағалауға және проблемалық мәселелерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Біздің ортақ міндетіміз – бюджет жүйесіндегі өзгерістердің халыққа нақты пайда әкелуі, инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасауы және халықтың өмір сүру сапасы үшін маңызды мәселелерді шешуі, – деп түйіндеді өз қорытынды сөзін Сұлтанбек Мәкежанов.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

